Bugin

Ұлттық сөзіне үңілейік

Біз кімбіз?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Иә, тәуелсіздік атты құндылығымыздың ел шаңырағына алтын күн боп орнағанына биыл - жиырма сегіз жыл!

Жиырма сегіз жыл ішінде қандай қарекет еттік? Егемендігімізге қол жеткізгеніміз-біздің ең алғашқы жетістігіміз.Егемен ел атануымыз үшін,қазағымның болашағы басқа елдің шырмауында өтпесін, ел тізгінін ұстар жастарымыз жат елге жәутең көзбен қарамасын деп ата-бабамыз қасық қаны қалғанша тойтарысты,қазақ халқының ертеңгі таңының ашық болуын, қараңғыда қалған қалың қазағын күн нұрына бөлеп, құрдымға кетіп бара жатқан ана тіліміздің қасиетті жалынын қайта жағып, сергелдеңге түскен дініміз бен діліміздің жолында құрбан болды.

Өткенімізге көз жүгіртіп, бүгінімізді дәріптемесек тәуелсіз ел атты ұғымымыздың барынан не қайыр? Өз елінің тарихын білмеген адамның, болашаққа басқан қадамы оңынан туарына күмәнім бар.

Өткен мен бүгін... Осы екі сөздің астарында үлкен ой саларлықтай дүние бар.Қазіргі таңда егемендігіміздің арқасында еліміз біраз белестерді бағындырып, көптеген асулардан асып, шыңға шығуда. Елдігіміздің куәсі, көк аспанымыз бен күн нұрыннан құралған, еркін қанат қаққан қыран құсы бейнеленген құдіреті шексіз туымыз- тәуелсіздігімізді ақтайтын нақты дәлел!

Расында да, тарихымыздың тарауы қиыншылықтан көз ашпағанын тәуелсіз елдің тізгінін ұстар мына біз еліміздің өткенімен жақсы таныспыз. Таныспыз деп несіне мақтайын? Бақытты сәттерінен қайғылы кезеңдері көп болған ата-бабамның бұлыңғыр тағдыры-болашаққа үлкен ой салады. Біз таршылық заманның бір сағаттық уақытының қандай екенін сезіне алмаймыз.Тіпті, қанша сол нәубет жылдарының көптеген адамға зардап шектіргенін білсек те, ешқашан сол заманның кейіпкері де, кейпі де атанбаймыз... Себебі, біз тәуелсіз елдің бала шақтан болашаққа қадам басқан егемен елдің өскелең ұрпағымыз. Алайда, тәуелсіздік атты тұғырымызды иеленсекте А.Байтұрсынұлы айтқандай, «Біздің заманымыз өткен заманның баласы, келер заманның атасы». Байырғы заманның бұлыңғыр айнасынан қалған айғыздар бүгінгі таңның дағына айналуда.

Бүгінгі біз қозғайтын сауал - «Ұлттық рухымызды ұлықтап жүрміз бе?»

Шыны керек, өзге елдің шырмауында шырғаланып әлі жүрміз. Егеменді ел атанып,еңсе көтергенімізге отыз жыл жақындаса да бөтен елден бөлек екенімізді растайтын төл құжатымыз жоқ.

«Балық басынан шірейді»

Егерде егемендік алған жыл тұсында дәл осы ұлттық тегімізді ұлықтау мақсатында өзімізге тән пәмиләні атаса, осылай күйінбес едік.

Біздің ұлттық тіліміздің ұлттық тек жасауға құзіреті жетері анық, себебі біздің тіл ең әдемі, көне тарихқа толы қасиетті тіл. Грамматикалық жағынан ең көп жалғау да, жұрнақ та бізде. Бірақ өзгенің өрмегіне таласып, «ов», «ова», «ин», «ина» ларын ұлтымызды анықтар төл құжатқа еңгіздік. Оған куә, өзімде ова жалғауының құрбанымын. Оған кімді кінәлайын ? Кеңес Одағының көзін көрген, тәрбиесі мен заңына бағынған ата-анамды ма әлде үкіметті ме?

Қазіргі таңда «ұлттық рух» , «патриот» сөздерін жаңғырту мақсатында түрлі шаралар өтіп жатқаны рас, алайда Тәуелсіздік мейрамы жақындаған тұста үйдегі ата-ана мен білім ордасындағы мұғалімдер « 16 желтоқсан күні ешқайда шықпайсың, үйде бол»немесе «ұлым, қызым,қара басыңның қамын ойла, тыныш жүр, оқудан шығып кетпе » деген қыспау сөздерін естігенде ұлттық рух атты ұғымды ең алдымен жастарға емес, егде жастағы аға-апаларымыз бен ата-анамыздың түсініп бәйегіне барғанын қалаймын, өтінемін.

Мендегі сұрақ, неліктен тәуелсіздігімізді алған тұста ең алдымен осы мәселенің шешімін тауып, төл құжатымызға да еркіндік еркелігін сезіндірмедік?

Иә, еліміз егемендігіне қол жеткізді, еркіндікке емес. Тұғыры биік тәуелсіз мемлекет атанды, бірақ тоталитарлық жүйенің айғызы өшпек емес. Тоталитаризм- мемлекетте қоғам өмірінің барлық саласы биліктің бақылауында болып, оппозиционерлер мен саяси ой өкілдеріне жаза қолдану, цензуралы жүйе. Өткенімізді тозаққа отына тұмшалаған да дәл осы тоталитаризм. Өзге елдің боданынан босап, басымызды тік көтергеніміз рас, дегенмен еңсемізді биік ұстау үшін мемлекеттің миына «өзімдікі», «мендік» ұғымын құюымыз қажет. Дәл осы «мен» , «менің ойымша», «менікі» ұғымының философиялық тұрғыдан маңызы зор. Түркі әлемі халықтарының ұлы ойшылы Қожа Ахмет Яассауи өз еңбектерінде:

«Мен ұлы ғаламның бөлшегімін, мен- мұхиттың тамшысымын. Ұлы ғалам ақиқатына өзімнің мөлтек ғаламымды тану арқылы жетемін» деген екен. Ол ғаламның бөлшегі, тіпті өз-өзің мұхитың тамшысына теңемек, ал сен кімсің? Біз өзімізді өзімізге теңей алмай жүрген жандармыз.

Мемлекет тұтастығын сақтап қалу үшін арнайы заңдар мен қағидалар бар.

Азаматтардың тегін, атын және әкесінің атын жазу Қазақстан Республикасының Конституциясымен, 27.12.1994 жылғы Азаматтық Кодекспен, «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 02 сәуірдегі №2923 Жарлығы, 26.12.2011 жылғы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» Заңымен реттеледі.

Заң бойынша пәмилемізге тән төрт нұсқау бар. Біріншісі, орыс халқының хақтығын мойындайтын «ов», «ова», «ин», «ина» лар болса, кейін бұл құйыршықтарды алып тастау туралы заңға қол қойылды. Көш бастаған Шерағаңдар еді. Келесісі, ұлы-қызы. Бұған дәлел, Александр Бектің «Фамилиясы жоқ адам» кітабы. Басты кейіпкер- Бауыржан Момышұлы. Ұлы Отан соғысы басталған жылдары халқымыздың басынан небір қиын қыстау кезең өткенлігін жақсы білеміз. Сол соғыста «Ұлы» атауымен танылған батыр қазақ-Бауыржан атамыз еді. Барлық орыс өкілдерінің арасындада беделі шарқ ұрған Бауыржан Момыш-ұлының ұлтын сүйер ұл екендігінің тағы бір айқын дәлелі- пәмиләсінда. 1970 жылдары қазаққа тән жалғыз атау осы «ұлы» жалғауы еді.

Алматыда қазақ мектептер түгелдей жабылып, ауылда тұратын ата-аналар балаларына арналған жалғыз №12 қазақ мектеп-интернаты ғана қалған. Оның өзі жабылуға шақ. Себебі, қазақ тілінің болашағы жоқ деген желеумен бұл мектепке де бала саны толмай жатқан.

Мектепті жапқызбау үшін қазақ ата-аналарға баласын қазақ мектепке беруге үгіттеп жаз бойы үй-үйді жаяу аралап, есік қағып, қол жинаумен әбден қалжыраған Шона ақсақал (қазірде Алматыдағы осы мектепке жазушы, сатирик Шона Смаханұлының аты берілген) орталық паркте Бауыржан Момышұлына кездейсоқ жолығып қалыпты:

- Ассалаумағалейкум Бауке!

- Уағалейкумассалам! О,Қазақтың Ұлы адамы екенсің ғой. Кел бері!

Баукең «Ұлы» деген сөзге салмақ сала айтыпты. Шона түсінбей сасқалақтап қалады. Баукең оған: - Иә, бүгін Қазақстанда екеуіміз ғана Ұлы адамдармыз. Мен Момышұлы, сен Смаханұлы. Басқалардың бәрі «овтар» мен «евтер»-деген екен.

Төртінші нұсқасы - тегі сөзінің жалғануы. Яғни сіз «Пәленшетегі Пәленше Пәленшеұлы,қызы» боласыз. Сонымен қатар, төл құжатыңда да Тегі/Фамилия атты нұсқаулық тұрады. Онда бізге тегі сөзін жалғап не керегі бар?

Енді қараңыз, ов, овасыз не ұл екеніміз, не қыз екеніміз белгісіз, ұлы қызын қоссақ, қай ұрпақтан тарағанымыз беймәлім, ал тегі сөзін жалғаудың тіптен мәні жоқ. Мен сізге ұсынатын нұсқа-қарапайым. Орыстың ов, овасы «родительный падеж» болса, біздің пәмиләғада неге септіктің жалғауын алмасқа. Ілік септегі кімнің? Ненің? сұрағына жауап берсе, пәмиләға сәйкес келмейді. Сауалдың жауабын 2006 жылғы 24 қарашада «Президент және халық» газетінде жарық көрген Серік Жұмабекұлының 11 жыл бұрынғы ұлттық намыс, тектілік пен тексіздік сияқты құндылықтар жайында жазған мақаласы арқау болды. Автордың зерттемесі бойынша, тегі қайдан деген сұраққа шығыс септігінің жалғаулары арқылы өз төл пәмиләмізді жүзеге асыруға болатындығына көз жеткіздім. Ендігі мақсат, билік басындағыларға бұл құптауды жеткізу. Ол күннің де келер күні алыс емес...