Саясат
Мәселе
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Жыл сайын мегаполис қалаларда білім алып жатқан қазақстандық студенттер ауылдарына қайту үшін қарызға ақша сұрап, билет алуға мәжбүр.
Еліміздегі студенттерге (бакалавр) берілетін шәкіртақы көлемі жиырма мың мен жиырма бес мың теңгенің айналасында. Ай сайын жатақхана ақшасынан бастап түрлі шығындарды өтеуге бұл шәкіртақының жетпесі анық. Жас болғаннан кейін қыдырады, демалады. Ал қазір бір Алматы мен Астана қаласында шағын демалыс орындары мен мейрамханалары орташа есеппен 5 000 теңгенің есебін ұсынады. Енді есептей беріңіз.
Әр демалыс мерекелерінде, әсіресе Жаңа жыл қарсаңында студенттердің билет алу мәселесі басталады. Алматыда білім алып жатқан Батыс Қазақстаннан келетін студенттер үшін жаңа жыл кезіндегі ұшақ билетінің бағасы қалта көтермейді. Шәкіртақысынан екі есе баға ұсынып отыр. Айналып темір жолға келеді. Темір жолдың да жағдайы мәз емес.
Бір ай бұрын қимылдап билет алып қоймасаңыз, бәрі бекершілік. Себебі, билеттерді астыртын түрде сатып алып, оған әкесінің құнын қойып сататын бір топқа тап боласыз.
Орал қаласынан келіп, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетте білім алатын Данияр есімді студентпен сөйлесіп көрдік. Оның айтуынша, жаңа жыл қарсаңында кассада билеттер қалмаған. Тіпті онлайн түрде де таусылған. Амалы таусылған студент алыпсатарларға жолыққан. Бір бағыт үшін 15 000 теңге сұраған. Бұл жерде ескеретін нәрсе, бұл бағаға “Тұлпар” тальго пойызына отырмайсыз. Қарапайым жүрдек пойыздың жолаушысы боласыз.
Жаңа жылдық кешті отбасымен қарсы алғысы келген Данияр алыпсатарға ақшаны санап беріп, оның айтуымен жауабын күткен. “Орын болады, дайындап қойдым” деген алыпсатарға әбден сенген студент, ақыры кететін күні өзіне айтылған вагоннан орын таба алмаған. Ең ауыры, ол ақшаның өзін біреуден қарызға алған. Ақыры басқа амал қалмаған студент екі жарым күндік жолды отырып не тұрып баруға келіскен. Ал алыпсатар “орын бар еді ғой” деген сөзден ары аса алмаған.
Бұл тек бір студенттің басынан өткен жағдай. Дәл осындай қиын жағдайды басынан кешіп жатқан студенттер көп. Былтыр сайт беттерінде “Жолаушылар тасымалы” АҚ ұлттық тасымалдаушы орындарының мақалалары жарық көре бастады:
Барлық теміржол билетін сататын кассалар, сайттар мен терминалдар «АСУ- Экспресс» жүйесіне қосылған. Бұл ресейлік сервис (Бағдарлама Кеңес Одағы кезінде жасалған) арқылы кеңес кеңістігіндегі елдерде билет алу сату жүзеге асырылады.Билетті қайтарған кезде бос орынға «АСУ – Экспресс» жүйесімен билет сатып алуға мүмкіндік ашылады. Алыпсатарлар осы сәтті тиімді пайдаланады. Олар алдын-ала бір топқа немесе жолаушыға билет сатып алады. «Жәрдемшілер» вокзалда клиенттер іздеп, олармен бағасын (тиісті бағадан жоғарыға) келіседі. Сөйтіп, алдын ала сатып алған билетін қайтарып, билет нақты жолаушыға ресімделеді. Ол үшін екі кассир ұйымдасады. Біріншісі, билетті қайтарған бойда екінші кассир қағып алып, босаған орынға жаңа жолаушыны ресімдейді. Мұны барлық кассада жасауға болады. Көптеген адамдар барлық теміржол кассалары «Жолаушылар тасымалы» АҚ қарамағында деп есептейді. Бұған дейін «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілінің айтуынша, Қазақстанда 4,5 мың теміржол кассалары бар. Олардың тек 208-і ғана «Жолаушылар тасымалы» АҚ қарамағында. Мәселен, Астана-1 вокзалындағы 29 кассаның 7-еуі «Жолаушылар тасымалы» АҚ қарауында болса, қалған 22-сі жеке компаниялардың меншігі болып табылады. Жолаушылар агенті болып қызмет атқару үшін теміржол билетін сатуға кез-келген заңды тұлға қарапайым талаптарды орындаса жеткілікті. Мұндай жолаушылар агенттіктері (Жолаушылар тасымалы» АҚ, «Түрксиб-Астана» ЖШС, «Жолаушылар тасымалы» «Тұран Экспресс» ЖШС, «Марал Нұр» ЖШС, «Арлан Транс» ЖШС, «Сұңқар-1» ЖШС, «"Nomads" ЖШС) тасымалдаушы компаниялармен олардың билетін вокзал аумағындағы өз кассалары арқылы немесе вокзал аумағынан тыс жерде сайт арқылы сатуға келісім жасасады. Қазіргі кезде тасымалдаушылар өздерінің проблемаларын өз күштерімен шешуге ынталы. Мәселен, билет қайтару комиссиясы 1000 теңгеге өсті. Билетті алып сатудан «жәрдемшілер» арқылы орындалған билет ақысы мұны толығымен жабады. Бұл өте жоғары үстеме ақы. Яғни, алыпсатарлар тасымалдаушы компанияға билеттің комиссиясын да жауып билетпен қамтамасыз етеді. Соңында тасымалдаушының бірқатар билеттері сатылмай қалып, пойыз вагондары бос орындарымен кетеді. Бұдан тасымалдаушы компания зардап шегеді.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ ұлттық тасымалдаушы ретінде жылда жазда қосымша жазғы маусымға қатысты қосымша бағдарлар шығарады. Соған қарамастан, ұлттық тасымалдаушының шұғыл іздестіру жұмыстарын жүргізуге құзыры жоқ. Оның тарапынан жасалатын бір ғана амал – кассирмен еңбек шартын біржақты бұзу. Соның өзінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға қатысты кассалар жалпы кассалардың 4,6 пайызы ғана. Алайда, әрбір вокзалда желілік ішкі істер бөлімдері бар. Сонымен қатар Қазақстанда көлік саласындағы арнайы мамандандырылған орган көлік прокуратурасы бар. «Жәрдемшілер» қызметін Қазақстан Республикасының әкімшілік кодексінің 449 бабы бойынша қоғамдық орындағы адамға тиісу ретінде ғана қарастырады.
Мақаладан көріп отырғандай, "Жолаушылар тасымалы" АҚ Ұлттық тасымалдаушылардың да бұл сұрақ мәселесіне айналып отыр. Өзара ымдары бір топтардың қоян қолтық араласа отырып, халықтың соның ішінде студенттердің қалтасын қағып алуына жол беріп отырған кімдер? Неге студенттер үйіне қайту үшін қарыз ақша алуға, үйіне хабарласып ақша сұрауға міндетті? Бұл әзірге қоғамдық мәселе ретінде жауабын да, жазасын да таба алмай келе жатыр.