Қоғам

Әскерден неге қашады?

Қарулы Күштің маңызы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Егемен ел үшін ең маңызды нәрсе – ол қауіпсіздік. Әлемдік аренада мемлекеттердің мықтылығы ғылым, мәдениет, экономикамен қатар, әскери күшпен өлшенетіні мәлім. ҚР Қарулы Күштері жүйесінде 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер азаматтарға әскери қызмет міндеттелген. 

Алайда соған қарамастан еліміз әскер саны бойынша 133 елдің ішінен 57 орында тұр. Мұны елдегі адам санының аздығымен түсіндіруге болады, онымен қоса әскерге барушылар саны азаюда. Жыл сайын міндетті қызметке 16000 адам шақыртылса да, шақыртумен барушылар әскердің тек 30%-ын құрайды. Яғни, жоспарланған жасақ құрамына жеткізе алмай келеміз. Жастардың көпшілігі әскерге барғысы келмейді. Оның орнына 40 күндік әскери қызмет түрін оқып алады. Тіпті, бармау мақсатында түрлі жемқорлық әрекеттеріне барып, өтірік анықтама жаздырып алу фактілері өршіп тұр. 2019 жылы осындай іспен 5 жігіт ұсталған десек, ұсталмай кеткендері қаншама?! Ендеше қазіргі жастар азаматтық борыш деп есептелетін әскери қызметтен неге қашады:

Әскерге барған кезеңде көптеген мүмкіндіктерді жоғалтамыз деп ойлайды. Яғни, қатарластары оқу-білім, мансап құрып жүргенде, әскерде жүргендер құр қалады деген ой көп кездескен. Бірақ көптеген жұмысқа кіру кезінде әскер билеті міндетті екенін ұмытпаған жөн. Білім алу немесе отбасы жалғыз асыраушы болғанда, т.б. төтенше жағдайларды қызметті өтеу мерзімін кейінге қалдыра тұруға болады.

Кей адамдар қазіргі заманда әскердің маңыздылығы жоқ екенін айтады. АҚШ-тағыдай еркіндікті, тек өз еріктерімен баратын контрактілі әскери қызметті қалайды. Соғыс болу қаупі төмен екенін, тіпті соғыс болған күннің өзінде онда әскер емес, жоғары технологиялы қару-жабдықтар, ақпараттық шабуылдың рөлі көп деп есептейді. Иә, келісуге болады. Әскери жасақталуы мықты ТОП-10 мемлекеттің 8-інде әскери қызмет міндеттелмеген екен. Солай болған күннің өзінде де әскери база қалыптастыру керек. Өз ішімізде Ақтөбе, Алматы қалаларында болған террорлық акттардың болғаны белгілі. Осындай төтенше жағдайларда әскери жасақ өте маңызды. Контрактілі жүйені енгізу үшін әскер санында өсім болуы шарт. Адам тапшылығы орын алып, көп адамдар бармай жүрген қоғамда әскерді міндеттемесек, халіміз тіптен мүшкіл болады. Қазақстанның  ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы) құрамында болғандықтан, осы ұйымның құрамындағы өзге елдерде келеңсіз жайттар орын алған кезде, ол мемлекет Қазақстаннан белгілі бір мөлшерде әскер алдыруға құқылы. Осы жайтты да ескерген абзал.

Ал ең басты себебі әскери қатаң өмірден қорқады. Еркін қоғамда өскен бала бұндай қатаң режимдегі тәртіпті басынан өткергеннен гөрі әскерли кафедраларға барып қайтқанды мақұл көреді.

Бірақ жастарды кінәлай беру орынсыз. Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдарында әскердегі қысым, зорлық, қылмыс жиі айтылады. Мемлекет тарапынан жастарды әскерге үгіттеу, жігерлендіру шаралары мүлдем жоқ. Идеология қалыптастыру керек, әскерден келушілерге өзгелерге қарағанда белгілі бір үстемділік қарастырылса, жастар көптеп баруға бел буар еді. Қазақстандағы әскери жүйе әлі күнге дейін КСРО дәуірінің стандарттары негізінде жұмыс жасайды. «Бір жерде тұрып қалған су сасиды» демекші, заман ағымына қарай бейімделген дұрыс. Сондықтан біз еліміздің Қарулы Күштері жүйесіне жаңа өзгерістер енгізуіміз керек. Әскерде сарбаздар көбіне тегін қара жұмыс ретінде пайдаланылады. Әрине, дисциплина сақтап, тәртіпке ден қою керек, бірақ олардың кәсіби деңгейде өсіп жатқаны екіталай. Мылтық ұстап, мылтық жинау мектептегі алғашқы әскери дайындық сабақтарында да өтеді. Профессионализмге көңіл бөлген абзал. Бір жыл бойы қара жұмыс ретінде жүрген адамда міндетті түрде рухани құлдырау байқалады, қазіргі таңдағы «дедавшинаның» өршуі да осыдан. Жыл сайын әскер саласында елімізде бірнеше миллиардтап ақша құйылады, 2015 жылдың өзінде 3,7 триллион теңге кеткен. Ендеше Қазақстанның бұл өзгерістерді жүзеге асыруға жағдайы жетеді.

Қазақ жастары – елін қасық қаны қалғанша қорғаған батырлардың ұрпағы. Сол заманда батырларды ақындар, шешендер, ұлы хандары мен мемлекетке деген сүйіспеншілігі қалай жігерлендірсе, мемлекет те сондай жағдай жасап, журналистер көптеп насихаттық, жігерлі жазбалар шығарса нұр үстіне нұр болар еді.