Көзқарас
Бақытқа қалай жетуге болады?
Әрбір адам баласы осы дүниеде бақытқа ұмтылып, үнемі бақытты болып жүргенді қалайды. Ал бақыт деп отырғанымыз не?
Философиялық анықтамасына жүгінетін болсақ «бақыт» дегеніміз - адамның өмір қызығы мен қуанышына, рахатына қанағаттану дәрежесін танытатын этикалық ұғым. Бақыттың негізінде адамның өмірі мағыналы және нәтижелі болған кездегі өз болмысына деген ризашылық сезімінің қалыптасуы жатыр. Арман сияқты бақыт та мұраттың тылсымдық-эмоциялық көрінісі болып табылады. Мұрат тұлғаның болашаққа деген сенімін білдірсе, бақыт оның іске асу деңгейін көрсетеді.
Қазақ қоғамында бақыт ұғымы адамның тұрмыс жағдайымен тығыз байланысты болған. Бақыт деген сөзді «бақыт құсы» деп атаған. Егер маған бақыт құсы қонса, мен бақытты болып жүремін, ал егер қонбай кетсе мен бақытсыздыққа ұшыраймын деп есептеген. Бақытты болған адам үнемі көңілді, позитивті болып жүреді. Тек жақсы нәрселерді ойлайды. Ғылыми зерттеулер бойынша адамның бақытты болуы оның бүкіл өміріне маңызын тигізеді. Сырқаттанбай сау жүруі, адамдармен жақсы қарым-қатынаста болуы, жүрген ортасында сыйлы, абыройлы, жақын жандарына мейірім шуғын төгіп жүреді. Бақыт - адамдардың кезкелген жерде табысқа жету кепілі. Қазақ қоғамында бақыт деген сөздің синонимі ретінде сәттілік депте есептеген.
Шын бақытты болу бұл байлық та, мансап та емес, ол туа біткен, адамның ықыласымен, тәрбиесімен қалыптасатын қасиет. Жақсы тұрмыс, мол дәулет, биік лауазым да бақытқа бастайтын жол, бірақ ол шын бақыт емес. Адамды бақытқа жетелейтін байлық пен билік болғанымен, бақытқа бастар жол бола тұрып үнемі үрей туғызатын күш. Олай болса байлық та, билік те адам басынан ұшып кетуі мүмкін. Сондықтан адам өз тойымсыз нәпсісін тыйып, тәубе деуі керек, барға разы болуы керек. Аллаға рахмет айтып, өзіңді тоқтату керек. Психологиялық тұрғыдан қарағанда, бақыт- өмірге қанағаттану деп қабылдауында. Адам өзі жақсылыққа ұмтылса, жақсылық адамға қарай ұмтылады, өз ойы арқылы адам дүниедегі жақсылықтарды ғана қабылдауы керек.
Бақытқа қалай жетуге болады? Бақытты сақтап қалуға болады ма? Осы сұрақтарға жауап іздеу шығыс араб-мұсылман философиясының өкілі әл- Фараби мұрасындағы басты мәселе болды. Бақытқа жету- ғұлама философтың алға қойған мақсаттарының бір болды.Адам баласы бақытты болуға немесе бақытты қылуға үнемі талпынып отырады. Дегенменде бақыттың не екенін әркім әрқалай, өз түсінігіне сай қолданады. Мысалы, біреулер үшін бақыт ол отбасының амандығы, бала-шағаның уайым-қайғысыз өмір сүруі болса, ал кейбіреулері үшін бақыт ол ақшамен өлшенеді. Яғни, таршылық көрмей жақсы өмір сүру. Біреулер білім қуып, ғалым болсам дейді. Ал кейбір адамдар үшін бақыт ол осы уақытқа дейін жиғаның, иманың, жасаған құлшылығың. Яғни, әр адамның бақыт туралы түсінігі бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Фараби өзінің «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары», «Бақытқа жету туралы» трактаттарында ол адам қоғамының шығуы, өмір сүру формалары, адамның мінез-құлқы туралы ой толғайды, қайырымдылық пен бақыт мәселесіне көңіл бөледі. Қайырымдылық дегенде ақыл-ой, әділдік, бақыт және теңдік идеяларын құптаған ежелгі ойшылдар дәстүріне сүйенді. Тек бақыт туралы нақты білімі бар, оған жету жолдарын айқын білетін, соған сәйкес әрекет жасайтын қауым ғана қайырымдылыққа икемді екенін ескертті.
Адам жақсы іс-әрекеттерді кездейсоқ жасауы немесе ықтиярынсыз жасауы мүмкін. Осындай жағдайларда жасалған әрекеттер бақытқа ешқашан жеткізбейді. Егер сенің жасаған жақсылығың, іс-әрекетің бар жүрегіңмен, шынайы көңіліңмен және өз еркіңмен жасалса, ол бақытқа жетелейді. Әр сәтіміздің өзі бақытқа толы екенін ұмытпасақ болғаны!