Көзқарас

Менің анам - перфекционист

Перфекценизм - идеалдыққа ұмтылу, мінсіздікпен ауыру. Менің анам перфекционизммен ауырады. Ооо, Құдай...

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Менің анам - перфекционист. Үнемі барлығының жоғарғы деңгейде, мінсіз болғанын қалайды. Менің әр қадамымды бақылап, ретсіз дүниеден тиып отырады. Соның бір мысалы - инстаграм желісі.

Сізге өтірік, маған шын! Анам менің араласатын #кругымдағылардың барлығын таниды. Кейде телефон соғып хабарласқанда «Анау бүйтіпті ғой, сені ананың историясынан көрдім. Неге тыржиып отырсың, күліп жүр» деген сөздерін естіп ШОҚ боламын. 

Оны қоя бергенде жанымда жүрген таныстарым жайлы кейбір деректерді анамнан естимін. Өзі (арамызды 32 сағаттық жол бөлетін) Аралда болса да мені үнемі көзінен таса қылмайды. Тіпті, кейде біреулердің стористеріне ыңғайсыз түсіп қалсам, сол адамға хабарласып мазасын алып өшіруін сұраймын. Сондағы сылтауым - «Мамам көрсе сөйлейді маған».

Басында қыздар «Өтірік айтасың, мамаң бізді қайдан танысын» дейтін. Шыны керек өзім де таңқалам. Тіпті, анам маған «Шерлоктан» да өткен детиктив секілді.

Қазір жанымдағылар үйреністі. Мен бар видеоны немесе суретті салмас бұрын арнайылап сұрайды «Мамаң мынаған ұрыспайтын шығар?!» деп. 

Айтады ғой: «Сені ешкім көріп тұрған жоқ деп тыйым салынған нәрселерді жасама. Адам көрмесе де АЛЛА көреді. Адамның камерасы түсірмейтін жерді Алланың назары шалады» деп. Сол секілді анам менің жердегі бақылаушы камерам секілді... 

Мен бұл үшін анама ашуланып, «менің жеке өмірім бар, енді әр қадамыма жауап берейін бе?!» деп ашуланып көрмеппін. Себебі анамның әр сыны мені жақсы жаққа қарай түзейді. «Ағашты отырғызғанда бағбаны өсуін қадағаламаса, ол ағаш қисық бітеді» деген де бар. Анам - менің бағбаным. Қаншалықты дұрыс бағытта келе жатсам, анамның мен үшін соншалықты тырысқаны деп білем....

Айта берсең көп қой мысал. Тағы бірі - анамның өзінің әр ісі тиянақты болуы керек деген идеологиясы. Қисық ілінген қабырға суреттері, бір түстің екіншісімен кішкене үйлеспеуі, жерге түскен бір қиқым, бір әріптен қате кету, анықтап айтқанда ол үшін - азап. Өрескел қателік...

Бірақ, осы бір перфекционизм деген бәле жұқпалы-ау деймін немесе етің үйреніп кете ме, уақыт өте келе бәрінің мінсіз болғанын қалай береді екенсің. Жаңа ғана жасаған нәрсеңді дұрыс болса да, одан әрі жетілдіріп артық етуге тырысасың. Тағы бір мысал, ата-анасы қанаттыға қақтырмай, аялап өсірген балалар өсе келе нағыз перфекционисттерке айналып жатады. Мектепте үздік оқып, үнемі бірінші болып үйреніп қалған адамдар әркез озық болуға талпынып, жеңіліп қалса, өмірі тоқырайға ұшырағандай қайғырып, өз-өзін жегідей жейді. Мұндай адамдар қоршаған ортадан бөлектеніп, жүрегінің түбінде өзін өзгешемін, ерекпін деп есептейді. Әй дегенмен бәсекелестіктің туы желбіреген қазіргі қоғамда екінің бірі - перфекционист. Екінің бірі оқуда, жеке өмірде идеалдыққа ұмтылады. Бұл қасиет кейіннен карьеристке де ұқсап кетеді. 

Идеалдыққа ұмтылу дұрыс емес демеймін. Тек қана әлемде ештеңе де мінсіз емес екендігін ұмытпау керек. "Кемшілік жібермейтін адамнан қорық" дейді.

Ал сіз перфекциониссіз бе?