Weekend
Салтын білмеген сауапты түсінбейді
Қазақ халқы ертеден-ақ тәлім-тәрбиеге, әдеп пен мәдениетке айрықша көңіл бөлген. «Үлкенге - құрмет, кішіге - ізет» дей отыра жасы үлкен адамды кез келген жерде сыйлаған.
Үлкен кісі сөйлегенде, сөзін бөлмеу, жасын сыйлау - мәдениеттің көрінісі. Осыған орай отбасысында да дәл осындай сыйластық болады. Сүттей ұйыған отбасының берекесін сый-құрметпен сақтаған.
Ең ерекше көзге түсетін, өзге ұлттарда кездеспейтін тың дүние-жеті ата туралы түсінік. Жеті атаға дейін қыз алып-беріспеу биологиялық тұрғыда да дұрыс екені анықталған. Өзге атаның ұрпақтары болып табылатын туыстық қатынаста дені сау, қаны таза, денсаулығы мықты бала дүниеге келеді. Ал ілім-ғылым дамымай тұрған шақта ата-бабамыз мұның бәрін қалай білген?
«Қызыңды бөтен үйге қондырма, ұлыңды басқа үйден тойдырма», «Қызға қырық үйден тыйым» дейтін ұлт даналығы қыз тәрбиесіне ерекше көніл бөлетінін көрсетеді. Жас қыз - болашақ ана. Ал «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді». Ұлттың тәрбиесі, болашағы тікелей анаға байланысты. Сол себепті қыз баланың тәрбиесі бірінші орынға қойылған.
Ер баланың тәрбиесі жан-жақтылықты дәріптейді. Жастайынан атбегілік, құсбегілікке баулыған. «Жігітке жеті өнер аз» демекші отбасының болашақ асыраушысын азамат болуға тәрбиелеп отырған. Ол бүгінде жалғасын тауып келеді. Мұның өзі қатты қуантады.
Қазекеңнің бауырмалдығы, қонақжайлығы - бір төбе. Айта берсең сан жетпейді. Себебі бабаларымыз тәрбиенің қадірін білген. Сол дәстүрлердің арқасында ұлан-ғайыр даламызды аман сақтап, бізге жеткізіп отыр.
Қазір дәстүрлерді жаңғыртуға, сақтауға көптеген жобалар жасалып жатыр. Ата-баба дәстүрін келешек ұрпаққа жеткізу-біздің парызымыз. Ұлттық бірегейлік дәстүрдің арқасында сақталады. Ал ұлтымыз мәңгі жасасын десек, дәстүрімізді ұмытпауымыз керек.