Weekend

Тарихы терең - Түркістан!

Тарихи шешімдер алаңына айналған көне Түркістанның жәдігерлері

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ұлан-ғайыр, байтақ Қазақ өлкесінде көркі көз тартар жерлермен қоса, қасиетті һәм киелі саналатын мекендер мен кесенелер де аз емес. Солардың бірпарасы еліміздің оңтүстігіндегі Түркістан шаһарында. 

"Түркістан" десе еске ең алдымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесі оралады. "Диуани Хикмет" кітабымен әлемге танылған бабамыздың есімін Түркістаннан бөліп қарастыру мүмкін емес. Күллі Шығысқа әмірін жүргізген Ақсақ Темірдің сопы әрі ақын бабамызға арнап, қирап бітуге таянған мазар орнына кесене салдыруы тегін емес-ті. Сол 14 ғасырда салынған кесененің ғажайып құрылысының сәулеттілігі мен кереметтілігі күні бүгінге дейін жұртшылықты таң қалдырумен келеді. Кесененің есігінен аттаған сәтте көзіңізге алғаш болып қақ ортадан орын алған - Тайқазан түседі. Одан соң, кесене ішіндегі гидтер сізді кесене құрылымы мен ерекшеліктерімен, қазақ халқының қол өнерімен, көне Түркістан қаласының құрылысымен таныстырады. Кесене ішінде ел билеген хандарымыз, батырларымыз, сүбелі сөзді сүйегіне сіңдірген би-шешендеріміз бен игі-жақсылар жерленген. Мұнда Қазақстаннан бөлек, алыс-жақын шетелдерден де зиярат етіп келушілер бар. Оның ішінде, қаладағы Қ.А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің шетелдік студенттері алдымен ат басын осында бұрады. Сол туристердің арасында Түркиядан келген Мексерне Шахин есімді жігіт өз әсерімен бөліскен болатын:

  -Мен Түркияның Трабзон қаласынан боламын. Түркістан үлкен қала болмасада, бұл жерде сәулет ескерткіштері аз емес. 7 ғасыр бұрын салынған бұл кесене мені өзінің жекелеген декоративтілігімен таңқалдырады. Түркияда жүргенде Яссауи бабамыздың өмірімен және өлеңдерімен, кесене тарихымен қатты таныс емес едім. Осында келіп біраз мәліметтерге қанық болдым. Жергілікті халық та жүзі жылы, иманға берік жандар екен.

  Келесі қасиетті әрі туристердің біршамасы тәу етіп келетін орын - Қожа Ахмет Яссауидің қызы Гаухар ана мазары. Гаухар ана - емшілердің пірі саналатын көрінеді. Бүгінде оның басына Қырқызстаннан, Өзбекстаннан дәрігерлер жиі құран оқытады екен.

  Тағы бір туристік орын - қазақ жеріндегі орта ғасырлық монша. Мұндай моншалар жылуды ұзақ сақтау және түтіннің тартылуын күшейту мақсатымен жартылай жерге көміліп, күмбездері ғана көрінетіндей етіп салынған екен. Олардың кейбірі бір күн ерлер, бір күн әйелдер келетіндей етіп салынса, біреулері әйелдер мен ерлер бөлімдерінен тұрады.

  Бүгінде бұл шаһарда заманға сай демалыс орындары, саябақтар, тұрғын үйлер бой көтерген. Қаланың қазіргі сәулетіне ерекше көркемдік қосып тұратын Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ғимараты. Бұл оқу орынына жыл сайын шетелден 500 ден астам студенттер келеді екен. Шетелдік студенттердің келуі, әрине, Түркістан туризміне ерекше серпін берері сөзсіз. Ер түріктің алтын бесігіне баланған Түркістан кезінде қандай маңызды болса, бүгінде сондай аяулы болып қала бермек.