Weekend
"Хәрри Поттер" кітабы қазақша сөйледі
7 ақпан күні Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында аталмыш кітаптың тұсаукесері өтті. Жиынға Гарри Поттердің жанкүйерлері сүйікті кейіпкерінің немесе факультеттің түсімен киініп келді. Жиналған адамдардың біраз бөлігі жасөспірімдер мен балалар болды.
Жиын барасында "Хәрри Поттер" кітабының (фильмінің) желісі бойынша көрермендерге сұрақ қойылып, ойын ойнатылды.
Баспа басшысының айтуынша, бұл бестселлер әлемнің кез келген елінде өз тілдерінде басылып шығарылған.
"Алғашқы кезде әлемнің 80 тілінде жарық көрген фантастика жанрындағы кітаптың бүгінгі күнге дейін ана тілімізге аударылмағанына таңғалдым. Steppe and World publishing баспасы аударатын кез келген кітапты мақсат-жоспарына, тәжірибесіне сүйене отырып таңдайды. Сол себепті де "Хәрри Поттер" кітабын аударуды командамен қолға алған болатынбыз", - деді Steppe and World publishing баспасының негізін қалаушы Раиса Қадырқызы.
Кітапты Саят Мұхамедияр, Динара Мәзен және Нәркез Берікқазы аударған. Ал жобаның жауапты редакторы – Назгүл Қожабек.
"Бұл туындыны аудару - Steppe and World publishing баспасының негізін қалаушы Раиса Қадырқызының идеясы болды. Ол сонымен қатар Ж.К.Роулиңнен аударуға рұқсат алып, кітапты аударуға байланысты барлық шаруаларды реттеді. Содан кейін ғана туындыны аударуға кірістік. Кітаптың алғашқы бөлімін аудару барысында көп термин мен атау бекітілді, аудармашылардың стилі қалыптасты.
Негізгі мақсатамыз - осы шығарманы балаларға қазақ тілінде, ана тілімізде оқыту. Өйткені бұл - өлмейтін туынды. 23 жыл болса да, бұл туынды әлі күнге дейін бестселлер ретінде белгілі. Әлемнің балалары аталмыш туындыны әлі оқып жүр. Тіпті бұл кітапты қазіргі таңда ересек адамдар да оқиды", - деді Жобаның жауапты редакторы Назгүл Қожабек.
Аудармашылар туындыны аудару кезінде сиқырға байланысты көптеген терминдерді кездестіргенін, қазақ тілінде ондай терминдер көп болмағандықтан, жаңа сөздердің пайда болғанын айтып өтті.
"Бұл - еліміздегі бірінші рет жүзеге асырылған жоба. "Хәрри Поттер" - қазақ балаларына бағытталған үлкен әрі оң бағалануы керек жобалардың бірі. Кітаптың 2,3,4,5 томы биыл, ал 6,7 томы келесі жылы шығады деп жоспарланып отыр.
Кітапта терминдер өте көп болды. Негізінде сиқырға байланысты терминдер қазақ тілінде жоқтың қасы. Мысалы біз "единорогты" "сыңармүйіз" деп аудардық. Кітапты аудару барысында "ішірткі" деген термин пайда болды. (Оны ғалым немесе имам кісіге апарып, дұға оқытқызып, сосын оны отқа жағып, сол сусынға күлін төгіп, дәрі жасайды. Сол дәрі "ішірткі" деп аталады. Оны ішкен адам дертінен айығады)" – деді "Хәрри Поттер мен пәлсапа тас" кітабының аудармашыларының бірі Саят Мұхамедияр.
Шараның соңында кері байланыс орнап, көрермендер көкейіндегі сұрақтарына жауап алды. Сонымен қатар оқырман қауым "жоба жалғасын тапса екен", "басқа да әлемдік туындыларды қазақ тілінде оқысақ" деген тілек-ниеттерін айтты.