Weekend
Статистикалық деректер не дейді?
Әлемде орын алып жатқан сан түрлі көңіл көншітпейтін жайттарға қарамастан адамзат баласының бұған дейін төмен жағдайда өмір сүргенін мойындауға тиіспіз.
Әлем халқының хәл-ахуалының жақсарғанын көрсететін дәйектерді ұсынайық.
ХVIII-XIX ғасырларда, өндірістік төңкеріс кезінде Еуропа елдерінде орташа өмір сүру жасы 35 жас болған. Бірақ ол кезде сәбилердің өлімі, аналардың босану үстінде қайтыс болуы, оба мен шешек ауруынан бір ауылдың, аймақтың қырылып қалған оқиғалары жиі ұшырасатын. Қазір бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеген. Тіпті, Күншығыс елі 100 жастан асқан адамдардың саны бойынша рекордтық көрсеткішке жетті. Kyodo News агенттігінің хабарлауынша Жапонияда 100 жастан асқан адамдардың саны 2018 жылы 70 000-ға жеткен.
Елімізде 2017 жылы туылған балалардың саны 23,4 мыңға артқан. Ал 2018 жылдың жартыжылдығында Қазақстанда 192658 бала дүние есігін ашқан. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 3409 балаға көп. 2017 жылы ана өлімі 1,5 пайызға, бала өлімі 7 пайызға азайғанын айта кетейік.
Сондай-ақ бұдан ғасыр бұрын АҚШ, Ұлыбритания сынды дамыған мемлекеттерде бала өлімі 10%-дан асып кеткен болатын. Бүгінде бұл көрсеткіш едәуір төмендеген.
Статистика комитетенің деректеріне сүйенсек Қазақстанда 2018 жылы ЖІӨ-нің көлемі 39767105,7 млн.теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ға өскен.
Ал экономикасы дамыған АҚШ пен Батыс Еуропа елдерінде ЖІӨ соңғы 150 жылда жыл сайын 2%-ға өсіп отырған. Тіпті, ЖІӨ төмен аймақтар - Қытай мен Үндістан секілді мемлекеттер бұл көрсеткіш бойынша Еуропа елдерін қуып жетуі мүмкін деген болжам жасалуда.
Әлем елдеріндегі кірістің әртүрлілігі жаһандану процесі себебінен туындаған мәселе. Алайда, бұл тұрақсыздық соңғы он жылдықтарда едәуір азайған. Бұл, әсіресе, Қытай мен Үндістандағы жүз миллиондаған адамдардың өз ахуалдарын жақсартуы нәтижесінде туған көрсеткіш. Адамзат тарихының тамырына көз жүгіртсек адамдардың декмократия ұғымынан тыс өмір сүрген кезеңі көп екеніне көз жеткіземіз. Бірақ, бүгінде жер бетін мекен етіп жатқан жандардың жартысынан көбі демократиялық мемлекетте өмір сүріп жатыр. Автократиялық елде өмір сүретін адамдардың 90%-ы Қытайда екен. Бірақ, экономикалық өсімнің күннен күнге артуы түбінде Қытайды демократиялық мемлекет етеді деген болжам бар.
Қанша адамның қаны судай аққан әлемдегі ең үлкен қақтығыстар өткен ғасырда 2 рет бұрқ етті. Бұл адамзат тарихындағы ұмытылмас, тарихқа қанмен қашалған қасіретті жылдар еді. Бүгінде әлемдік ұйым - БҰҰ мен ТМД мемлекеттердің тұрақтылығын, тыныштығын сақтауда айтарлықтай жетістікке қол жеткізді.
Мұның өзі адамзат баласының хәл-ахуалының күннен-күнге жақсарып келе жатқанын айғақтайды. Әрине, біз көрсеткен деректер рухани дамудың көрсеткіші емес. Материалдық көрсеткішпен бірге адамзат баласының рухы құстың қос қанатындай қатар дамысын деп тілейік.