Weekend
Бастан кешке оқиғалар
Бұрын қалада көп адасатынмын. Алғаш оқуға түскен жылдарым ғой. Жатақхана мен университет арасына барып қайтуды ғана жіпке көгендеген қозыдай жатқа білемін.
Ал театр, кинотеатр, басқа да ойын-сауық орталықтарының қайда екенінен мүлдем бейхабармын. Оның үстіне алып шаһарда аңдап баспасам қауіп алдымнан атып шығардай қорғалаймын да жүрем. Қала туралы ауыл баласының түсінігі келте келеді емес пе, қаныма сіңіп кетпесе екен деген сақтығым және бар. Сонда қайтар жолға шырақшы болар белгілердің біреуін ұмытып қалсам бітті, зәре құтым қалмай аза бойым қаза болады. Көз алдыма содырларға құл боп кеткен немесе ізім-ғайым жоғалып кеткен адамдар елестеп, одан әрмен түршіге бастаймын. Жылығым келсе де, өзімді әрең ұстап, бір шлагбаумды он рет айналсоқтап жүріп, жатақханаға бастар жолды әрең тауып аламын. Сосын қуанғанымнан жаңағы үрейдің барлығын ұмытып, аяғымды адымдап басып, өзімді тамұқ ішінен суырып алғандай жатар орныма жайдарлы ораламын. Айдын күн аманда адасқанымды ар санап, "қайда болдың?" дегендерге "кітапханада болдым" деп бөсетім тағы бар. Олар менің адасып жүргенімді білсе, күлкіге қарық боп қалар еді. Артымнан өмір бойы қалмайтын "Адасқақ" деген айдар жабысар еді. Бәрінен қиыны сол ғой. Жаңа әлемге келгенде саған ешкім жол көрсетпесе, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ежектеп түсіндірмесе, айдалада адасасың да жүресің. Өзің сұраудан ұялып, сол адасқаннан адасып өмір дейтін иірімнің тұңғиығына батасың да кетесің. Мұндайда сені туа бітті түйсігің мен егеске өршелене түсер ерік жігеріңнен басқа ештеңе құтқара алмайды. Көп адам осынау алып иірімнің құшағында өздерін жоғалтып алды. Сосын шығар, таңертең ерте жұмысқа барарда және кешкісін жұмыстан қайтарда өздерін іздеп жүргені.
*****
Мен адасып жүргенде биік ғимараттарды көп көрдім. Қазір қаланы бес саусағымдай білсем де, ол зәулімдерді қайдан көргенімді есіме түсіре алмаймын. Бәлкім мүлдем көрмеген шығармын. Бәлкім ол менің адасқақ ойларымның ішінде қалып қойған шығар. Кім білсін. Мен көргенде олардың адресі басқа есімдерге тиесілі-тін. Әлдебір "Века", "За-Двор", "Александр" сынды орысша атаулар дәу әріптермен бедерленіп, бірінен кейін бірі сап түзеп, жиегі күміспен көмкеріліп, қақпа маңдайшасында бадырайып тұратын. Әр сарайдың өз жұмбағы бар екендігі жас көңілімді еліте түсіп, ерінбей тоқтап қарауға мәжбүрлі түрде барамын. Дәл бір өткен ғасырға түсіп кетіп, уақыт кеңістігінде қыдырып жүргендей әсер кешемін. Маған көшенің анау басынан Дантес шығып мына басындағы Пушкинге револвер кезеніп тұрғандай көрінетін. Немесе дарбазаның ұзын-ұзын найза ұштарына Мопассанның кейіпкерлері өздерін терісінен іліп, зар илеп тұрғандай сезілетін.
Тағы бір таң-тамаша ойым: "мұнда адамдар бар ма екен? Бар болса бақытты ма екен?" деген. Бақытты болу мұнша тыныш, мұнша өлі болар ма? Қуаныштың әрқашан сыңғыр күлкісі, думан-шаттығы болмай ма? Ендеше бұлар неге өздерін биік қорғанда жым-жырт ұстайды. Әлде іші толған қабір ме екен? Іші толған қайғы ма екен? Салтанатты сарайлар салтанатты болуы тиіс. Байлар неге көңілсіз, кедейлер неге шағымданғыш? Екеуінің орындарын ауыстырса, мына қорғандар құлпытас кейпінен арылса, анау қаңғыған кедейлер Құдайды қарғауын доғарса, мен де адаспас па едім.
*****
Қазір көп ойларым балалық шақтағы киімім сияқты, есейгенде күлкілі көрінеді. Бірақ мен ол киімді кидім ғой. Неден жалтармақпын? Білмеген ойың - ең шынайы. Ол Құдайға да ұнайды. Тек адам өмірінен жалыққан кезде ғана бұрынғы ойларына күмәнмен қарайды. Философтар "мән іздеймін деп мән жоғалту" деп осыны меңзеген. Өмірдің мәнін түсінгің келсе мән іздеп әуре болма, жай ғана әрі қарай өмір сүр. Ол тоқтамға келмесең, мен сияқты зәулім үйлер ішінде адасып көр. Өзіңді табу үшін өмір сүруді үйренесің. Осылардың барлығы өмірге қатысы бар екендігін талдап жазудан оқырманға ештеңе үйрете алмасым сөзсіз. Өзіңе қатысты оқиғаларды өзің ғана бастап кешкенге не жетсін. Сонда ғана ол туралы ең оңай ақыл айта аласың. Көп кеңес беруге де болады. Ең қиыны-әлі көрмеген күн.
*****
Биік сәулеттер босағасынан сүрткенді былай қойғанда, пенде саусақ тигізіп көрмеген ысты көріп табыттар есіме орала кетті. Америкада, Еуропада және басқа да дамыған көп мемлекеттерде құлпытастар жеке бір өнер туындысы ретінде сақталған. Ажалға осындай ұлы құрмет көрсету арқылы, өмір сүру мәдениетін қалыптастыру- Құдайдың бар екеніне бірден-бір айғақ. Қорқыныштан гөрі өлімге деген сыйластық өмірдегі жауапкершілікті еселейді. Сен өлсең ғана өмір туралы бәрін білесің. Білген адамды бәрі құрметтейді.
Зәулім-зәулім қызыл кірпішті, үш қабатты, төрт қабатты үйлерге үңіле-үңіле бағдарымнан жаңылып қалдым. Жоғалсам болды жылағым келеді деп айттым ғой, енді мен жылай бастадым. Қызық иә, атпалдай жігіт жылағысы келеді. Және ол жылап келеді. Бағытын жоғалтып алғаны үшін. Ішінде үлкен Күдік пен Сенім арпалысып, аңдысып келеді:
Күдік: Неге жылайсың?
Сенім: Адасып қалдым...
Күдік ішек сілесі қатып ұзақ күлді. Сенім бұдан да ұзақ жылайтын сияқты.
Күдік: Сен Сенім емессің бе? Сенімді болсаңшы.
Сенім: Мен сабыр сақтағанда ғана сенімді боламын.
Күдік: Қатырады екенсің, о заманда бұ заман, сенімге де тірек керек болған ба?
Сенім үн-түнсіз... Әлдебір уақыттан кейін Сенім зәулім үйлерге қарап, бет сипады. Онысын аңдып тұрған Күдік:
Ал сен бет сипаған "өлі қорғандар" мұсылмандардікі болмаса ше?
Сенім: Менің дінім ешкімді бөлмейді.
Күдік бір орынында тұрмайтын сумаң екен. Шапшып барып Сенімнің желкесіне отырып алды.
Сенім: Маған ауыр. Мүмкін өзің жаяу жүрерсің.
Күдік: Жоқ, мені арқалап жүрмесең сен мүлдем жүрмей қаласың. Және мені жеңбесең де жүрмей қаласың.
Сенім: Сен менің бауырым болсаң да,мен сені жақсы көрген күнім болған емес. Неге?
Күдік жағына қолын қойып, сәл ойланып отырды да былай деді:
Түсінесің бе, ең адал, ең шынайы сезімдер жалқау (аңқау) келеді. Ал ең пасықтары белсенді болады. Сендерге бізден еңбекқор болуды үйрену керек.
Сенім: Мен өте еңбекқормын...
Күдік: Онда неге сенің желкеңде мен отырмын.
Сенім алты қадам баспай, аһалап-үһіледі де қалды.
Күдік: Мен сені бұдан да көпке барады деп ойлағам.
Сенім: Мен шаршаған жоқпын. Тек саған мынаны айтқым кеп, болдырған болдым.
Күдік тыңдаған кейіп танытты. Сенім сөзін әрі қарай жалғады:
Байқадың ба, сендер тек мықтылардың үстінен күн көресіңдер. Бізді қамшыласын деп Құдай сендерді әдейі жіберген. Әйтпесе әлсізсіңдер...
Сенім екі аяғын тіктеп, Күдікті сілкіді де, жүре жөнелді.
Күдік үндеген жоқ. Сенімнің үндемеуі-жеңгені, Күдіктің үндемеуі- жеңілгені.
Қазір көп ойларым ескірді. Көбісіне құрметпен қарағаныммен, көбісін іске жарата алмаймын. Ішімде жатады. Дәл бір ешкім сыртына шықпайтын, ешкім ішіне кірмейтін үйлер сияқты. Будда да кең сарайынан шықпағанда күнәсін жуып әлек болмайтын еді ғой. Ал мен түсімде үнемі сол үйлерге кіре алмай әлек болып жүремін. Өңімде де солай.
Авторы: Еркін Жантас
2018 жыл. Қазан айының 18-23 жұлдызы.