Көзқарас
Оралхан Бөкей
Егер хас өнердің түпкі төркінін іздейтін болсақ, адамдардың құдіретті қолы тудырған ұлы шығармалар тек жан-жақты жетілген ойдың һәм ақылдың жемісі ғана емес, қарапайым еңбектің де бедері екенін ақиқаттап аласың. Бірақ олардан асқақ, бұлардан да арынды талант ба екенін әсте естен шығара алмаймыз. Ол талант екінің біріне дари беретін немесе әркім қаласа маңдайына басып ала беретін байлаулы «бақ» емес, мыңдардың біріне табиғаттың өзі сыйға тартқан адам қабілетінің інжуі ғой.
Дәуір бейнесін бойына тұтасымен сыйдырып, өнердің өлмес қадір-қасиет, нақыл-бояуларын, бәрінен де адамдық құдіреттің бар жүгін арқалап тұрған ұлы шығармалар хақында кесіп пікір айту, жоқ болмаса басқаға түртіп түсіндіремін деу әбестік болар-ды. Төменде сөз болғалы отырған теңіз бейнесінің «құдайы» - И.К. Айвазовскийдің «Тоғызыншы вал» картинасы туралы бір біз емес, мыңдаған талапкер жазған шығар. Біздің қай-қайсымыз да осынау асқаралы шығарманың сиқырлы күшін, бояулардың балдырлаған бал тілін жаһұттай жанған нұрын өзгеге түсіндірем демей, алған әсерін көңіл мен зерде кесесіне сыйғыза алмай-ақ қағазға ақтара салған сықылданады. Ендеше шынайы шығарманы өз көзімен көрмеген жұртқа, (мынау өлім мен өмірдің итіс-тартысын) түсіндіру үшін емес, одан алған эстетикалық әсерді жеткізуге асығасың. Неше адам болса сонша рет сезіну, түйсіну бар.
Алты мыңнан аса теңіз дидарын жасаған Иван Константинович Айвазовскийді теңізден бөліп қарау мүмкін емес. Айвазовский десе біздің көз алдымызға тек қана телегей-теңіз, асау толқын елестер еді. Бұдан басқа бірде-бір суретші теңізді Айвазовскийше көріп, сырын ұғып, жарқын да түсінікті әрі поэтикалы жеткізіп бере алған жоқ. Ал ұлы суретшінің өмір жолы қиялға толы таңғажайыпты емес, қарапайым ғана. Қырымдағы Феодоси шаһарында 1847 жылы армян семьясында дүниеге келді.
Суретшілердің Петербург Академиясын бітірушілердің ішінде Айвазовскийдің «Штиль» картинасы алтын медальді жеңіп алды. Бұл жеңіс жас жігіт алдына теңіз есігін айқара ашқан еді.
Айвазовскиймен бір дәуірде Пушкин, Брюллов, Глинка, Гоголь сияқты ұлылар өмір кешті. Жас дарынның қылқаламына, сөз жоқ, осынау атағы жер жарған ардақтылардың тигізген әсері зор деп білеміз.
Әр нәрсеге бір ұрынып, украина табиғатын, інжіл мотивтес қиялға толы үлкен полотноларға қаншама бой ұрғанымен. Туасы теңізге деген дүлей құштарлығы оны қайта-қайта асау толқынды шағалалы шалқар айдынға жетелеп кететін. Теңіз дегеніміз жай ғана су тамшыларының жиынтығы емес, орасан өмір екенін жүрегімен ұққан Айвазовский қылқаламдағы бақытын арыстан жалды көгілдір толқыннан тапты. Онң «Петр 1 Фин шығанағы жағасында», «Теңізбен қоштасу», «Чесмен майданы», «Новаринск майданы», «Брип», «Меркурий» іспетті тұлғалы еңбектері өз алдына бір төбе. Біз «Тоғызыншы валға» тоқталайық.
«Тоғызыншы вал» 1850 жылы дүниеге келді. Дүниеге жайма-жай келген жоқ, айқайлап, әлемдік өнердің алтын қорынан орын сұрай келді. Сосын осынау шоқтықты, кең тынысты картина көрермендер көзіне түскеннен бермен санына жете берметін мақала, зерттеулер жарық көрді.
«Тоғызыншы вал» жұртшылықты құтырынған құмарлыққа, ыстық ынтыққа таңдай қақтырып, тамсанта итермелейтін жалт етпе сурет пе? Ол – аранын аша аждаһадай ақырып, атой салған теңіздің болмысы, ол – кездейсоқ табиғат апатына жан ұшырып, қарсы тұрған өмір-құмар адам туралы дастан, ол – теңіздің, көк бурыл айдынында күш тірескен орыс теңізшілерінің қаһармандығын паш ететін жыр.
Сіз мынау көк долы тау толқындар ақ көбіктеніп келіп, анау бір ағашты сағалаған адамдарды былш еткізіп бір ұрып, тұнышқтырып қылғып қояды-ау деп қыпылдап отырасыз. Бірақ бір толқын ажал бүркісе, бір толқын қайқаң етіп, су бетіне шығарып өмірдің отын сөндірмеуге тырысады. Қатарласа, мінбелесе келген ақ басты асқақ толқындар адам үшін бір-бірін қуып, сайысқа түскендей.
Теңіз беті жойқын майдан. Теңіз тебіренбей, тентек, әумесер ашуға дес берген Теңіз – ағашқа жабысқан анау пенделердің осы сәттік дұшпаны. Егер мынау күркіреген көк суды қуаң шөл далада көрсек қайтер едік. Қалжырап, қалжаулаған, шағында табындыратын судың қазіргі қалпы аса қияңқы. Бір сәтке мынау көз алдымызда астаң-кестеңі шығып жатқан теңіздің үстіндегі тіршілік майданының қым-қуыт тартысы, сурет екенін ұмытып, өмір сәулелері әлі де сөніп болмаған адамдарға қол ұшын беруге ұмтыласың. Ғажабы, қандай әуелкі, топас адам болмасын, ол осы көрініске қарай тұрып, неге, не үшін өмір сүріп жүргенін сана сарабына салар еді. Ең ғажабы сол – сан түрлі бояу бір-бірімен үйемел-сүйемелдесе келе табиғат таласындағы таңғажайып көріністі сол қалпымен алдыңа жайып салады.
«Тоғызыншы вал» сізді өмір сүруге, өмірді шындап сүюге үйретеді. Біз өмір дегеннің қымбаттылығын, парықтаймыз және тағдыр талқысының тым қаталдығын, бірақ адамның ең асыл қасиеті өлейін деп жатса да келген зауалмен тайталасып, апатқа айбат шегуін пір тұтар едік. Қараңызшы, аспанға атылған асқақ толқын бірде өзінің ыңырсыған үнін жеткізсе, бірде тіршілік деп сыбырлап кететіндей. Сіз бұл көріністен көкжиекті әсте де көре алмайсыз. Әлдеқайда алыста, екіндіге таянған күнді сеңдей қаумалаған бұлттарды, мың бүктеліп аунап түсіп жатқан толқынды әлгінде ғана секіріп кеп, міндетін өтегендей момақанси қалған ұсақ талқыншағы, айналған қызыл жалқынды әрі күлгін түсті бояулар қаймақшып жүрген күллі тіршіліктің бояуы іспетті. Дүлей күшпен арадағы мұншалық мұзбалақ күресті бояумен емес, тілмен жеріне жеткізе бейнелеп беру аса қиын. Тек адамның тапқан асыл бояулары ғана тілсіз жаудың дарбазалығын даралап әрі тарамдап тарқатады.
Айвазовскийдің бақыты сол теңіздің тылсым сырына кеулей үңіліп, бүге-шүгесіне дейін зерттеп, зерделеп алуы. Теңіз-жанды адмның бәрі-бәрі осындай өлмес шығарма тудыра бермегені мәлім. Оның теңізге деген табиғи махаббаты әрлі де нәрі бояумен қойындаса, дидарласа келе ілуде бірдің, Айвазовскийдің талант талқысынан өтті. «Тоғызыншы валдың» дауылды күнгі теңіз толқуы мен «суға кеткен тал қармап» болып пышырып шықпай өмір мен өлімнің, ерлік пен азаматтық жігердің шынайы да шыншыл шынарлы шығармасы болуы содан да. Біз бұл ретте суретшінің бояуды қалай жаққанын, табиғи құбылысты қаншалық дәл бейнелеп бергенін парықтап үлгермейміз.Үлгертпейді де.Анау асау ағыстар әп-сәтте қақпақылдай қағып әкетеді.Кереметтей шығармалар адамды не жылатуы, не күлдіруі керек деген сөз бар.Сіз бұл суретке қарап тұрып жылағыңыз, жоқ болмаса күлкіңіз келмейді.Сіз қабағыңызды қарс жауып, тас-түйін беймағлұм дайындыққа көшесіз,тіпті жүрегіңіз сыздап, қарадай қалтырайсыз, қалың тұман ойға батып күрсінесіз.
Джек Лондонның "Не қымбат - өмір қымбат" әңгімесін оқи отырып, адамның сандаған күн бойы аштық пен арадағы күресінің куәсі болып, құрдымға тартқан көмпіс жанның сірнелілігіне, тіпті асқақтығына бас иетінбіз.Бірақ ондағы адамның бір сәттік су ішкілік ұшығын жалғау жан таласындағы мыжыма жүрісіне ерем деп, қашан теңізшілер тауып алғанша, ол басып өткен мекен,тау-тастан өзің еңбектеп өткендей қалжырап қалатынсың. "Тоғызыншы валдың" ең асқақ артықшылығы сол онла көрер таң үшін шайқастан гөрі адам рухының мәңгілігін, зеңгірлігін сезінесің һәм соған сенесің.Бірақ,сіз бажайлап бере алмаған дүнияң-үйдің жай ғана арсыл-гүрсілінен гөрі, дүлей күшпен алысқа адам мәртебесінің әмісе биіктігі хақында жазылған, кейбір әдеби жанр айшықтап бере алмайтын,өнердің жарқ етіп оқыстан туып қалған тумасы іспетті.
"Тоғызыншы валға" қарай тұрып, бір нәрселерге көзіміз анық жетеді.Ол-ұры суретшінің табиғаттың өзіндегі көп адамдар ажырата алмай сарсаңда жүрген,нақыш бояулардың сыр пердесін дәл басып, әр орынды әлінше шебер қолдана білу.Анау жыланша ирелеңдеп, сумаңдаған дәу толқындардың қойнауында қалған майда-шүйде толқындарды шалып-шалып немесе ең арғы күн сәулесімен және бұлтпен бір тұтастанып, астасып кеткен судың түсі қандай? Қара көк судың бетінде өріп жүрген жұқалтаң алауды қараңызшы.Немесе осы суретті сіз қайта салып көріңізші,сөз жоқ,бояу сырының сиқырына бойлай алмайсыз.Тегі, дауыл айдаған теңіз,бұлт қоршаған күн нұрының сан құбылысы су бетінде ойнауы жаныңды аймалап, әсем сағым құяды санаңа.
"Тоғызыншы вал" - мәңгі суалмайтын, кенезесі кеппейтін теңіздердің символы іспетті.
1968 жыл.