Көзқарас

Менің Қалтай досым

Шыңғыс Айтматовтың естелігі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Творчестволық достық дейтіннің өзі тағдырдың таңдап берер ғажап бір сыйы ғой. Қазақ драматургі Қалтай Мұхамеджанов екеуміз көп жылдан бері осындай достық дәнекерімен жалғасқанбыз.

Не жазып, не қойсам да оның зейін қойып оқып шығарына, зерделеп, бағасын береріне сенімім кәміл.Содан көп уақыт өтпей-ақ телефон соғып па, әлде хат жазып па немесе жүздесе қалсақ, ауызекі түрде ме, ол менің туындым-көркем шығармам яки публицистикам жайындағы өз ойын айтады. Мен де, өз тарапымнан, оны хас шебер деп жоғары бағалаймын, өйткені әдебиеттегі қияметтің қиын жанры-драматургияның күрмеуі көп күрделілігін жан-тәніммен жақын сезінемін.

Біздің елде жақсы жазушы көп. Әйтсе де жазу-сызудың "ауқымдық" жинақтаушылық тәсілін прозаиктің қалт етпес дәлдігін, ақынның әсершілдігі мен әуезділігін, философтың сарабдалдығын қатар меңгерген және-мұның сыртында-артистік іштей түлеу қабілетін дарытқан адам ғана пьеса жасай алады. Сондықтан да нағыз драматургтер тым аз, ал мен Қалтай Мұхамеджанов досымды сондай дегдарлар санатына қосамын.

Екеуміз бірігіп "Көктөбедегі кездесу" дейтін пьеса жазған едік. Қазір ол дүние жүзінің көптеген елінде жүріп жатыр, көпшілік көрерменнің ілтипатына бөленген. Мұнда материлды дәл түзіп, орналастыра алатын, сюжеттің қозғаушы тетіктерін таба білетін Қалтайдай хас шебердің даусыз үлесі бар.

Майдан кешкен, азамат боп қалыптасқан, бірақ өз жолдасының алдындағы ортақ айыптан арыла алмаған тұрғыластарым жайында шиеленіскен повесть жазсам дейтін ой көптен көкейімде жүретін.Сөйте тұра, осыдан бір пьеса шығар-ау деп өзім біртүрлі іштей ширығып та жүрдім, оның үстіне Москваның "Современник" театры бұл ойымды мақұлдап, осыны жазсаңшы деп қыр соңыма түскеніне бірталай болған. Бұрын пьеса жазып көрмеген басым,мұндай шаруаны бір өзім қолға алуға жүрексіне бердім. Телавтор жөніндегі идея осылай туды да, Алматыдағы бір ұшырасу кезінде "ойланып көрші" деп өз сюжетімді Қалтайға айттым.

Бұл бір тамаша кеш болып еді. Біз Алматының көшелерін кезіп,әңгімелесіп, пікірлесіп,дауласып көп жүрдік. Мен көкейімдегімнің бәрі прозалық шығармада қалай іске асатынын жақсы білетін ем. Мұнда, қажет болса, жазушы қисынын келтіре беруге ерікті, мұның әр алуан тәсілдерімен айшықты амалдары оның өз қолында. Ал пьесаның бұлжымас "қаңқасы" болуы керек, онда бәрі жалаң, бәрі ашық.Бұл жерде кейіпкерлерді біріктіріп,басын қосатын, олардың мінез-құлқы мен іс-әрекетін неғұрлым түптен тартып, айқын ашып көрсететін ерекше бір "амал" табу керек екенін екеуміз де түсіндік. Биік парасат тұрғысындағы персонаж - әрі даугер, әрі дос, әділ қазы керек еді.

Міне, осындай персонажды-біздің кейіпкерлерімізді өсіріп, тәрбиелеген бұрынғы мұғалім, жаны ізгі кейуана Айша апаны тапқан дәл сол, драматург Қалтай Мұхамеджанов болды. Сол-ақ екен, бәрі орны-орнын тауып, құлпырып, ойнап шыға келді.Қалтай пьесаның алғашқы қазақша нұсқасын жазды, ал мен оны орысшаға аудардым.

Содан бері талай уақыт өтті, бірақ мен сол бір творчестволық шат күндерді - драманың әрбір сәтін, әр нақышын, әр бұлтарысын еске аламын. "Шіркін, сондай бір жұмыс тағы болсашы!" деп қазір ара-тұра ойлап қоятыным бар. Мен драматургия айрықша ойлау тәсілін, айрықша шеберлікті қалайтынын ұқтым. Әдеби материалдан спектакльдің премьерасына дейінгі соқтықпалы жолдан өткенде тағы бір ұққан маңызды нәрсем: драматургтің кәсіби білігімен қоса ғаламат шыдамдылығы, актерлер, режиссерлер коллективімен және театрдің басқа да қызметкерлерімен жарасып, тіл табыса білу қабілеті болуы керек екен.Осындай тәлімі үшін Қалтайға мың да бір рақмет; біздің ынтымағымыз маған өте-мөте мәнді, терең мағыналы болды.

Қалтай Мұхамеджановтың пьесалары бойынша көптеген спектакль қойылды. Қазір ол-творчестволық қуаты толысқан, әйгілі драматург. Бірде ол маған тарихи тақырыпқа пьеса жазбақ ойы бар екенін айтып еді.Бұл ниеті өте батыл әрі қызық, тіпті жауапты сияқтанып көрінді: жарты әлемді жаулап алған жаһангердің тағдыры... Құдірет те,күш те бір басына жетерлік... Ал ақыры қандай? Менің пайымдауымша, болашақ шығармадағы ойдың түп қазығы мынаған саяды: соғыс, зорлық-зомбылық жаулаушының өзін де, оның серіктерін де ешқашан ұшпаққа шығармайды, өйткені ол адамға да,қоғамға да,халыққа да өте-мөте жат. Барлық халықтарға жат. Бұл мені қатты толғандырады. Осы пьесасына Қалтай қаншалықты жүрек тебіренісін, парасаты мен дарынын аямай жұмсауы керектігін, бұған қаншама көңіл қойып,табан аудармай мұқият жұмыс істеуіне тура келетінін мен шамалаймын. Алайда менің ойымша, Қалтай Мұхамеджанов-қалыптасқан,үлкен суреткер. Сондықтан бұл оның қолынан келеді.

Шыңғыс Айтматов