Көзқарас

Қазақ зиялысы екіжүзді ме?

Өтежан Нұрғалиев

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Тақырып тосын көрінуі бек мүмкін. Тіпті кейбіреулердің шам шақыруы да ғажап емес. Бірақ зиялы қауым өкілдерінің қоғам, мемлекет, ұлт ісінде өтімді қарекет қыла алмай жүргенін қалай жоққа шығарамыз? Әлде біз қате айтып отырмыз ба?

«Жас Алаштың» шәйханасында» әңгіме осы тұрғыдан өрбіді. Оған қоғам қайраткерлері, қоғамда белгілі бір орны бар азаматтар қатысып, ой бөлісті. Олар – театр сыншысы Әшірбек Сығай, жазушыларымыз Дулат Исабеков пен Смағұл Елубай, ақын Өтежан Нұрғалиев, кинорежиссер Рашид Нұғманов, тарихшы Мәмбет Қойгелді, саясаттанушыларымыз Дос Көшім мен Берік Әбдіғали. Бірлескен жобаның екінші авторы «Альтернатива» жағынан осы орталықтың қамқорлық кеңесінің төрағасы Нұрлан Ерімбетов қатысты.

Өтежан Нұрғалиев: - Мен сендер шақырғаннан кейін келдім. Сөйлеуге де құлқым жоқ. Жасым келді. Қартайдым. Сендерге күлкі болғым келмейді. Бірақ мен базарда жүріп бір жігітпен кездесіп едім, сол жігіттің айтары бар еді. Жазушы жігіт. Кітап жазған. Сендердің осында айтып отырған әңгімелеріңді жазған. Оған интеллигенцияның да, басқаның да керегі жоқ. Өйткені оның бәрі бұрынғы былығына батып болды. Сендер батып бара жатқан адамды шығарып алғыларың келеді. Өздеріңді өздерің шаштарыңнан тартып. Олай болмайды. Бүгінгілер біржолата кетіп, мүлдем жаңа адамдар келуі керек. Онсыз өзгеріс болмайды. Алмас Темірбай деген ақынды мен базарда кездестірдім. Өлең оқыдық екеуміз. «Сен өлеңді менен жақсы жазасың ба?» - деп сұрақты төтесінен қойдым. «Сізден жақсы жазам», - деді. Бір өлең оқыды. Менің интуициям мықты. «Осылай жазсаң, шынымен-ақ күшті екенсің», - дедім. Екіншісін оқыды, ұнады. Үшіншісін... Мен оған «ең мықты ақын» деген атақ бердім. Сосын үйге Маралтайды шақырдым. «Ең ұлы ақын кім қазір? Менің ойымша, ол – Алмас. Өлеңі күшті екен», - дедім. «Ол сізден мықты болса мықты шығар, бірақ менен мықты емес», - деді Маралтай. Яғни, менің ақын ретіндегі функциям бітті. Енді жаңағы жігіттер шығады. Тек соларды жариялау керек.

Бұрын біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған тобыр едік. Сендер сол заманды аңсайсыңдар. Мен де аңсаймын. Өйткені бізге көсем керек. Ал көсем өлді. Жоқ. Бірақ бізге бәрібір бір көсем керек болады да тұрады. Сендер үкіметпен араағайын болып, солармен бір болсақ дейсіңдер. Сөйтіп елді бірге билесек дейсіңдер. Мына жерде отырып интеллигенцияны емдегілерің келеді. Құлағының ұшына дейін саясатқа берілген интеллигенция емделмейді.

 «Жас Алаш», №54, 05.07.2007 ж.