Weekend

Бағдаршам

Новелла

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қала. Таңғы сағат үш жарым. Қытымыр қаңтар айы. Сәл көңілсіздеу. Көңілсіздеу көшелерде жұмысына ас(ш)ыққан адамдар. Егер мен өліп қайта тірілген болсам, бұларды өткен ғасырда өлген адамдардың көшені кезген елесі дер едім. Түрлеріміз сондай ұсқынсыз, білем... Көшені кеш және ерте кезгеннен шығар...

Трассаның арғы беті (бергі бетіндегі адамдар үшін әрине). Мен арғы бетінде тұрғам. Бірақ маған бергі бетінде тұрған ұнайтын. Қасыма қолшатыр ұстаған екі адам келді. Енді екі еркек, бір әйел болып бағдаршамның қызыл түсін бақыладық. Көздеріміз қып-қызыл. Бұл түнде ешкім ұйқы көрмеді.

Қасымдағы қос қолшатырға қарап, қардың жауғанын сезіндім. Десек те маған жаңбырда ғана қолшатыр ұстаған ұнайды. Ондағы қолшатырымның түсін де ойша таңдап үлгердім: қою қара түс болса. Өзімнің шаштарым сияқты. 

- Шылымыңыз жоқ па, азамат? 

Жаңағы қолшатырдың біреуі осылай деп тіл қатты. Сөйлеу, ойлау сияқты емес ғой, тосыннан келеді. Және үнемі таңғалдырып жүреді. Түні бойғы мазасыз ойлардан соң, ғарыш кеңістігінен тіл-аузымды алып қайту керек болды, бір сәт.

- Жоқ...- дедім жұтынып. 

Түрім аяныш туғызса керек, жаңағы қолшатыр жанындағы әйел қолшатырға бұрылып, "мынаған көмектесші" дегендей баяу иек қақты. Іштей күрсіндім. Күрсініске әрқашан көмек керек. 

- Жаурап қалдың ба, сабазым? - деді екіншісі жақындай беріп. 

- Менде шылым болса, тегін-ақ берер едім... 

Мойныма асылып кеп қалған әйел қолшатыр жағама тіктеп көз салып, кенет тоқтады. Үш секундтай қоңыр көйлектің күлгін түймелерінен назарын алмады. Мұндай сәтте әйел байқап үлгерсе, еркек оны да байқап үлгереді. Жарты сағат бұрын сорған қорқордың қарбыз иісі кенезепке дейін келді.

- Уайымдама, сен шекпейсің білем... - деді қос анарын кеудеме тақай беріп. 

- Менде ақша да жоқ...- дедім балтырым дірілдеп. 

Суық ұрған денеде сұмпайылық қайдан болсын.

- Сені жылытайын...

Біз енді қолшатырмен жылындық. Қаңтарда жауған қар сондай ыстық болар ма еді... Қанша уақыт өткенін білмеймін, бір көзімді ашсам, еркек қолшатырдың аузында темекі, қызыл түске әлі қарап тұр.  

Екіншісі ерінімді жіберер емес. Бұл құмарлықтың шегі жоқтай. Біздің еріндеріміз қып-қызыл. Бұл түнде ешкім ұйқы көрмеді. 

Жасыл түс жанды. Қос қолшатыр жолаққа шықты. Қос туфлидің тық-тық дыбысы жолдың арғы бетіне өтіп барады. Мен бергі бетінде қалдым. Маған бергі бетінде тұрған ұнайды.


Авторы: Еркін Жантас 

04-05. Март. 2019 жыл