Әлем жаңалықтары
Шындық пен сұмдық
Қытай лагерінде болған қазақтар басынан өткерген сұмдықтары туралы сыр шертті.
Адамдарды лагерге апару мен «еңбек арқылы түзету» үшін, тіпті, соттың шешімі талап етілмеген. Қытай билігі бұл жүйені жойғанын айтып отыр. Алайда көптеген тұтқынның туған-туыстары әлі күнге дейін жазасын өтеген ағайынын таба алмай әлек.
Қытай билігі мұның арнайы оқу орны екенін алға тартса да, қашып құтылған тұтқындар «білім ордасын» «лагерь» деп атады. 4 айын сонда өткізген Орынбек өзіне «қытай тілін, тарихын білмесең, бұл жерден шығуың қиын» деп қоқан-лоққы жасағанын айтты. Ал 15 ай лагерде болған Гүлзира мәжбүрлеп укол салғанын, оны салғызбаған күнде бұдан да қатал лагерге апаратынын айтып қорқытқанын жеткізді.
Қытай билігі барлық тұтқынды босатқанын мәлімдеуде. Алайда бұл олар үйіне аман-есен жетті деген сөз емес. Көптеген қаракөз қандастарымыздың әлі күнге дейін тұтқында болған туған-туысын іздеуі – сөзіміздің айғағы.
- Түрмеден шыққан соң мені өз ауылыма көше сақшысы етіп қойды. Жұмыс таңғы 7-ден кешкі 8-ге дейін жалғасатын. Қызметімізге ақы төлеген жоқ, тіпті, тамақ бермеді, - дейді 17 ай лагерде болған Тұрсынбек есімді азамат.
Гүлзира әр басқан қадам үшін сақшыдан рұқсат алу керектігін, рұқсат сұрамаған жағдайда үкіметке қарсылық деп есептеліп, лагерлерге жіберетінін айтты.
- Мені қанша қытай қылуға тырысқанымен қазақтық қалпымды сақтай алдым. Алла өзі құтқарды. Қазақ болғаныма, өз Отаным бар екеніне мақтанамын, - дейді ол.