Білім және ғылым

Еуропа менің қазақ жүрегімде...

Армандар орындалады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ҚазҰУ-дың журналистика факультеті, Қоғаммен байланыс кафедрасының 1 курс студенті Аяулым Рабат, ұстазым Нұржанова Шарипаның жетекшілігімен Еуропаны шарладық. 

Яғни, басты мақсатымыз Польшаның үшінші астанасы Познан қаласындағы Адам Мицкевич университетінің ұйымдастыруымен өткен «Europa XXI WIEKU» 19-шы халықаралық ғылыми конференциясында, университетіміздің имиджін көтеру болатын. 

Ал біз Еуропаға келгендегі негізгі міндетіміз бен саяхаттауды ұштастыра білдік. Еуропада болу армандарымның бірі еді, армандар кездейсоқ орындалады екен. Алматы қаласынан Мәскеуге, Мәскеуден Варшаваға ұшатын болдық. Сөйтіп, Еуропадағы алғашқы күніміз Варшава қаласының төрінде өтті. Бірінші күннен поляк халқының өз тілдерін құрметтеуі сүйсіндірді. Кез келген дүкен, ғимарат атауларын поляк тілінде жазып, жергілікті халқы туристермен де ұлттық тілдерінде байланыса береді. 

Әлем сүйсінетін Еуропа мәдениетіне де куә болдық. Адамдардың кішіпейілділігі, мейірімділігі, рухани бай халық екеніндігін көрсетеді. Одан кейін Германияға бардық. Берлин қаласында 2 күн болдық. Әрине, Берлинді толықтай тану үшін өте аз мерзім. Дегенмен қалың христиан қауымы мекендеген қалада, Мұстафа Шоқайдың асыл сүйегі жерленген мешітке барып, мұсылман ретінде өз парызымызды орындадық. 

Берлиннің қақ ортасында орналасқан «Шаһидтік» мешіті әлемдегі ең әдемі мешіт ретінде 12 орынды иеленген екен. Мешіттің ауласына кіргеннен өзімізді мұсылман бауырларымыздың ортасында, өз елімізде жүргендей  еркіндікті сезіндік. Алыс жол жүріп келгендіктен, шөлдеп, сол жердегі шағын дүкенге кірдік. 

Бір қызығы, үшеуміздің де қалтамызда «еуро» жоқ. Бар ақшамыз картада болатын. Сатушы ағай біздің жағдайымызды түсініп, суды тегін ұсынды. Қарап тұрсақ қарапайым ғана су. Дегенмен, еліңнен жырақта жүрсен, кез келген адамның ілтипаты, жылулығы, мейірімділігі ерекше көңіліңде қалады екен. Алғысымызды білдіріп, қуаныштан сол мейрімді кісімен фотоға да түсіп алдық. Сөйтіп, Мұстафа Шоқайдың зиратына барып, дұға қылып, қайта жолға шықтық. 

Кешкі автобуспен Познан қаласына да жеттік. Бізді бұл қаланың ерекше архитектурасы баурап алды. Қалада жаңа ғимарат тұрғызуға қарағанда, ескі ғимаратты жаңарту қолға алыныпты. Познан қаласындағы Адам Мицкевич университет деканының қабылдауында болдық. Әрине, лауазымды адам болғасын, мұрнын шүйірген, қабағы қатқыл адамның образын іштей жасап алдым. Бірақ менің ішкі түйсігім қателескен екен. Бізді өте мейрімді, жаны жайсаң, қарапайым кісі қарсы алды. 

Уақытының тығыздығына қарамастан бізге барынша көңіл бөлді. Арнайы сыйлықтар табыстап, шығарып салды. Міне, Еуропаның мәдениеті! Таңертең арнайы университеттің автобусымен конференция өтетін Слубице қаласына бардық. 

Қонақ үйге жайғасып, университетке бардық. Көптен күткен салтанатты жиын басталды. Біз ойлағаннан әлдеқайда салмақты, үлкен жиын екен. Әлемнің түкпір-түкпірінен 250-ден аса профессорлар жиналыпты. Осындай үлкен тұлғалардың алдына шығып, өз ойыңды жеткізу үлкен үрей туғызады. Тіпті, Ақерке екеуміз қорқыныштан бірден елдің алдына шығудан бас тарттық. Ұстазымыз жігерлендіріп, бізді көндірді. Сөйтіп, екінші күні бар күшімізді жинап, университетімізді таныстырып, абыроймен қорғап шықтық. 

Қолымызға сертификаттар табысталғансын, бізден бақытты адам болмады. Жиынның жабылуында Адам Мицкевич университетінің деканы атсалысқан қызметкерлерге алғыс айтты. Шетте ықыласпен тыңдап тұрған бізді көріп, «Спасибо, студенткам Казахстана!» деп сөзін аяқтады.  

Бұл сапар мен үшін өмірлік тәжірибе болды. Болашағыма үлкен стимул десем де болады. Мен Отанымсыз, отбасымсыз ешкім де емес екенінімді түсіндім. Туған жерімнің дүркіреген Еуропадан еш кем еместігіне көзім жетті.  

Мені шет елдің бірде бір ойын-сауық орталығы, заманауи ғимараттары  таң қалдыра алмады. Біздің елде зәулім-зәулім замоктар жоқ шығар, бірақ заманауи архитектурамыз шет елден кем емес, тіпті асып түседі.  

«Жүрген соң бауырында күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» демекші, отырып алып "біздің қазақ мынандай, біздің қазақ анандай" дегенді қою керек. Болашақ - жас буын жастардың қолында. Жастарды қолдайтын, жастарға сенетін елбасымыз аман болсын! Жастар жылының аясында, аз да болса өз үлесімізді қостық деп ойлаймын.