Қоғам
Қазақстанда әр үш сағат сайын бір әйел және күн сайын екі жасөспірім зорланады екен...
Қазақстанда әр үш сағат сайын бір әйел және күн сайын екі жасөспірім зорланады. Мәжіліс депутаты Зағипа Балиеваның айтуы бойынша, құқық қорғау органдарында есепте 1 350 педофил және 2 800-ден астам адам зорлаушы тұр.
Бүгінгі таңда адамдардың мұндай әрекетке баруы және қылмыс санының артуы қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр.
Тараздағы атышулы оқиғаны естіген боларсыздар. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, мектепте тек бір дәретхана бар және ол жиі жабық тұрады екен. Сол себептен оқушыларға даладағы әжетханаға баруға тура келеді. Ал оған кез келген адам кіре алады. Сырттағы дәретханаға жетінші сынып оқушысы география пәні өтіп жатқанда сұранып барған. Ақыр соңында қыз бала 38 жасар педофилге тап болады. Болған жағдай жайлы сынып жетекшісіне хабарлайды. Екі сағаттан соң азғындық жасаған ауыл тұрғыны да ұсталады. Оқушы қыз оны бірден таныған екен.
Тексеру нәтижесінде мектеп аумағында 20 бейнебақылау камерасының орнатылғандығы анықталды. Дегенмен қылмыскер видеоға түсіп қалса да, бұл жайт оған балаға азғындық жасауға еш кедергі келтірмеген. Себебі жұмыс орнында оны қадағалайтын вахта қызметкері де, күзетші де, мектеп инспекторы да болмаған. Ал пән мұғалімі дәретханаға сұранып, бір сағат бойы қайтып келмеген қызға іздеу де салмаған. Тиісті қызметкерлердің өз ісіне салғырт қарауы салдарынан 12 жасар жасөспірім жәбірленді. Бұндай олқылықтарды көп жағдайда ата-аналар да жіберіп жатады. Себебі, зорлаушылардың 77 пайызы жәбір көрушінің өз туыстары болып шыққан.
Оған бір дәлел, Сарыағаш ауданында ер адам 1 жыл бойы 13 жасар балаға зорлық-зомбылық көрсетіп келген. Сол уақыт аралығында қатарластары да оны «тесік» деп атап, жиі мазақ қылатын болған. Жағдайдың аты қанша шулы болса да, бұл туралы ата-анасы мүлде білмегенін айтқан.
Алайда отбасы мәселесі педофилияның себептерінің бір бөлігі ғана. Қанша жерден ата-анасының қарауында, тек күннің жарығында жүретін, үйінен алыс аттамайтын бала да мұндай жағдайға тап болуы мүмкін. Дүкенге шыққан 16 жасар жасөспірімді үйінің алдынан ұрлап кеткен 23-24 жас аралығындағы 7 ер адам мұның айқын көрінісі. Зерттеу барысында олар қызды салынып бітпеген құрылыс обьектісіне апарып, кезек-кезек зорлағаны анықталған. Сондай-ақ күні бойы ауыр соққылар жасап, денесіне темекі шоқтарын басып қинаған. Оқиға Ақтау қаласында орын алған.
Бірінен бірі ауыр жаңалықтарды оқи отырып, адамдар бұндай асқан қатігездікке қалай баратынын моральдік тұрғыдан түсіну өте қиын. Оның бірнеше себебі болуы мүмкін. Статистикалық мәліметтер бойынша, зорлық-зомбылық көрсететін адамдардың 30 пайызы бала кезінен өздері сондай жәбір көрген немесе эротикалық сарындағы ойындар ойнаған. Өсе келе олардың бойындағы бұл естеліктер мен психологиясына тиген соққылар қылмысқа итермелейді. Ал 15 пайызы психологиялық ауытқушылығы бар адамдар. Оның 4 пайызы «шизофрения» ауруымен ауыратындар. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, кейде бұған экологияның әсері де тиеді екен. Ана құрсағында жатқан 6 айға дейінгі баланың радиация немесе қоршаған ортаның ластануының әсерінен миына зақым келуі мүмкін. Мұндай бала кішкентайынан қатігездікке бейімділігін байқатса, ер жеткенде қоғамға қауіпті қылмыскерге айналуы да мүмкін.
Сондай-ақ, бала кезінде отбасылық тұрмыста және әлеуметтік жағдайда психологиялық қысым көрген кейбір адамдар бар ашуы мен ызасын, өзге адамға бағыттайды.
Қоғамда педофилия мен жалпы зорлық-зомбылықтың өршуінің басты себептерінің бірі – 2000 жылы заңға енгізілген өзгертулер. Мұнда зорлық-зомбылық ауыр қылмыс категориясынан орта ауыр қылмыс категориясына өзгертілген. Және екі жақты келісім мен шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығы енгізілген. Заң органдарының мұндағы мақсаты көбіне әйелдердің қорықпай арыз жазуына мүмкіндік жасау болған. Алайда, оның орнына зорлық-зомбылық саны артып, жәбірленушілерді қорқыту арқылы екі жақты келісімге келуге мәжбүрлеу әрекеттері көбейе бастаған. Нәтижесінде 2019 жылдан бастап бұл өзгертулер күшін жойып, зорлық-зомбылық қайтадан ауыр қылмыс категориясына енді. Бұл санаттағы қылмыскерлер шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу және екі жақты келісімге келу құқығынан айрылды. Педофилдерге кесілген жазаның максималды уақыты 15 жылдан 17 жылға ұзартылды.
Сонымен қатар, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жәбір көрсетушіге химиялық кастрация жасау заңға енгізілді. Ең алғаш рет бұндай жаза сол жылдың 3 қыркүйегінде Нұр-Сұлтанда қолданылған. Қазіргі таңда, осылай жазаланған адамдар саны 11-ге жетті. Қазақстандық денсаулық сақтау министрлігі педофилдерді химиялық кастрациялау үшін қолданылатын препараттарды атады. Олар: "Ципротерон", "Медроксипрогестерон", "Лейпрорелин" және "Трипторелин". Бұл препараттар педофилдердің гемосексуалдығын басатыны анықталды.
Соңғы кездері интернетте «педофилдер желісі» пайда болған. Олар балалар бейнероликтеріне түсініктемелер жазып, тіпті жасөспірімдерге үйлену туралы ұсыныстар жасауға көшкен. Сол себепті, осы жылдың ақпан айының ортасынан бастап, YouTube-та балалар контентін көруге шектеу қойылды.
Балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінің алдын алу және жою мақсаттарына жету үшін осындай шектеулер қоюдың маңызы зор. Олар зорлық-зомбылық мәселесін толық шешпесе де, оң әсерін тигізуде. Сонымен қатар, ата-аналардың балаларын зорлықсыз тәрбиелеу дағдыларын үйде қызмет көрсету және жақсы ата-ана болу бағдарламалары сынды шаралар арқылы дамыту керек. Мектепке дейінгі және мектеп мекемелерінде, сонымен бірге, қосымша білім беру ұйымдарында балаларға арналған арнаулы бағдарламалар болуы қажет. Және ең бастысы, бұндай жағдай орын алмау үшін, қашан да сақтанып жүргеніміз жөн.