Білім және ғылым
Көшбасшы жоғары оқу орны
Байқасаңыз, әрқашан жан-жағын шуағына бөлеп, сәуле шығаратын жақсы жандар болады ғой. Мен өзім білім нәрімен сусындап жүрген қара шаңырақ Қазақ Ұлттық Университетін соған ұқсатамын.
Біреуге арман болған, біреуге бақыт әкелген ҚазҰУ. Біреуді қолтығынан демеп, желеп-жебеп, арманын асуларға жеткізген ҚазҰУ. Ғылым мен білімнің, әдебиет пен мәдениеттің ошағына айналып, талай жастың көкірек көзін ашып, талантты тұлғаларды тәрбиелеген, алақанға салып әлдилеген ҚазҰУ. Еркіндік пен кеңдікті, насихат пен теңдікті ұстаған ҚазҰУ...
Қазақтың киелі қара шаңырағының табалдырығын аттап, білім алу маған да бұйырыпты. Қаншама жыл бойы көкейімдегі арман ғана болып келген оқу ордасының студенті атанғандағы сезімді сөзбен айтып жеткізе алмайсың ғой, шіркін...
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ - шексіз мүмкіндіктер мекені. Университет білім алушы тұлғаның жан-жақты дамуына, өзін-өзі кемелдендіруіне қажетті жағдай жасау үшін бар күш-жігерін салып, студенттік өзін-өзі басқаруға, көшбасшылық қасиеттерді тәрбиелеуге мол мүмкіндіктер тудыруда. Оған дәлел - әр факультеттің студенттік деканы бар, сонымен қатар түрлі ұйымдар да жетерлік. Олардың бірі қайырымдылық жасауға шақырса, екіншісі студенттердің әлеуметтік жағдайларын зерттеп, сәйкесінше көмектесуде.
Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы – ҚазҰУ қалашығының інжу-маржаны. Мұнда Қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, көркемөнер үйірмелері, «Біз» студенттер театры жұмыс істейді.
Спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған (ҚазҰУ қалашығының спорт кешені, Студенттердің спорттық клубы, түрлі секциялар, денсаулық топтары). Қызметкерлер мен студенттердің спартакиадасы ұдайы өткізіліп, олардың қалалық жарыстарға қатысуы қамтамасыз етіледі.
Университет студенттерінің өмірі қызықтылығымен әрі алуандығымен ерекшеленеді. Ол тек дәрістер мен семинарларға қатысумен ғана шектелмейді. Олар шалқыған шығармашылық қуат пен жастық жалынды, балғын талантты шыңдайтын театр студиялары мен поэтикалық клубтарға, көңілді және тапқырлар сайысына белсене қатысады.
"Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу" деп дана халқымыз айтып кеткендей, университеттегі ұстаздар қауымы да үнемі қолдап, кеңестерін беріп отырады. Мұндай білім ордасынан қанат қағып ұшқан түлектердің қай-қайсысы болмасын, еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүр. Өзім білім алып жатқан - журналистика факультеті де талай таланттың бағын ашты. Олар өз кезегінде кең-байтақ жеріміздің әр түкпір-түкпіріндегі жаңалықтардан халықты құлағдар етіп отыр