Қоғам
Қазақстанның діни-экстремизммен күресі
Белін бекем байлап, даму жолына түскен, аяғына тік тұруға ұмтылып жатқан тәуелсіз – Қазақстан.
Еңсесін көтеріп, талай жылдар арман болған егемендігіне енді қол жеткізген кезде, жас мемлекет үшін ішкі бірегейлік пен тұрақтылықты, сыртқы тыныштық пен қауіпсіздікті қалыптастырып, ретке келтіру қиынға соғатыны сөзсіз. Осындай жаңа дәуірге аяқ басқан кезде мемлекеттің уысына ала алмай, бақылауында ұстай алмай қалған қоғамдық кеселдердің бірі - діни экстремизм болатын. Ел арасында белең алған бұл ауыр дерт орны толмас қайғы-қасіреттерімен бірге келді.
Қазақтың сүйегіне қара таңба болып басылған бұл қайғымен Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев белсенді күрес жүргізген еді. Отандастарымыздың интернет желісіндегі, әлеуметтік желілердегі түрлі бұрыс ағымға үгіт-насихат жасаушылардың арбауына түсіп, теріс ағымға бет бұрғандардың саны күн санап өсіп отырды. Интернет ғұламаларының құрған тұзағына ілініп, өз өмірімен қош айтысуға дейін дайын болған, осы жолда туған жерден безініп, шет ел асқан қандастарымыз қаншама. Бұл тұрғыда еліміз Сириядағы жанжалды тоқтату және сол елде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату процесіне белсенді атсалысып келе жатқаныны мәлім.
Бұл арқылы біз әлемдік аренада бейбітшілік пен тыныштықты сүйгіш позициямызды қалыптастырып алдық. Ал туған жерлерін тастап, Сириядағы соғыс алаңында жүрген отандастарымызды елге қайтаруға бағытталған «Жусан операциясы» іске асырылып, қазіргі таңда сәтті аяқталды.
Мұсылмандар мұсылмандарға қарсы соғыс жүргізіп жатқан алаңнан шет елге қашып шығу мүмкін емес, қашуға ұмтылғандарға өлім жазасының кесілетіні жайлы деректер де кездеседі. Осындай жабық қоршауда қалып қойған отандастарымыз өте ауыр жағдайға түсіп отыр. Көбінесе, қазіргі таңда бұл қатыгез соғыс майданында бейкүнә сәбилер мен әйелдер санының көптігі жүректі ауыртпай қоймайды.
Осы жағдай негізінде «Жусан операциясының» басты міндеті аналар мен балаларды туған жерге қайтару болып есептелді. Ал мұндай өмірі тағдырдың тәлкегіне түскен балалар көп жағдайда елден толық отбасымен кетіп, жетім болып келіп жатқаны ащы болса да ауыр шындық. Таяу Шығыстан қайтарылған азаматтарға мемлекет тарапынан әлеуметтік және заңгерлік қолдау көрсетіледі. Және қазіргі күні шет елдегі соғыс майданынан отандастарымызды елге қайтару ісі жалғасын тауып жатыр. Осындай «Жусан операциясы» сияқты бағдарламалар еліміздегі діни-экстремизммен жүргізіліп жатқан күрестің айқын бейнесі ғана болып қоймай, елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауда жүргізіліп жатқан үлкен іс-шаралардың біріне айналып отыр!