Көзқарас

Ұлы Даланың жеті қыры

Мақала туралы ой

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ұлттың ұлт болып қалыптасуы үшін оның тілі, діні, тарихы мен мəдениетінің алатын орны ерекше. Тамырын тереңге жайған тарихымызға үңілетін болсақ, мəдениет пен өркениеттің пайда болып, дамыған ортасы, бастау бұлағы ол біздің ұлан байтақ жеріміз екенін көре аламыз. 

Ұлы Даланың ежелгі тұрғындары өз заманында түрлі жаңашылдыққа толы ашылуларды, жаңа құрал-жабдық түрлерін, жаңа технологияларды дəл осы жерде Еуразия құрлығының төрінде ойлап тапқан. Осы орайда Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламасының жалғасы ретінде «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялады. Бұл мақала тарихы мен мəдениетін ұлағаттайтын əрбір қазақстандыққа бағдарланған үндеу іспеттес. Мақалада аталған Ұлы даланың жеті қыры тарих сахнасында ойып тұрып өз орнын алған бастамалар, жаңалықтар мен оқиғалар. Сақ пен ғұнның ізі қалған, Алтын адам табылған, Ұлы Жібек жолы қиып өткен, Түркі əлемінің бесігі болған ол-Қазақ жері.      

Бұл осы киелі топырақта дүниеге келген əрбір перзенттің бойында мақтаныш сезімін ұялатады. Бізге бұйырған асыл мұрамызды жаңғырту, оны зерделеп, зерттеп тек Қазақ жерінде ғана емес, бүкіл төрткүл дүниеге паш ету біздің алдыға қойған мақсатымыз. Елбасымыз саралап, даралаған Ұлы Даланың жеті қырына тоқталайық.

Бірінші қыры - атқа міну мәдениеті. Тарихымызға үңілер болсақ ата-бабамыз жаз-жайлау, қыс-қыстауға көшіп-қонып көшпелі өмір салтын ұстанған. Көшпелілер мәдениетінде жалқылардың рөлі ерекше екенін атап айтпасада белгілі жайт. Тарихқа одан терең бойлайтын болсақ, қазақ жеріндегі «Ботай» мәдениетін аттың көп табылған, жылқының алғаш қолға осы жерде үйретілгендігінің дәлелі ретінде көре аламыз. Қолға үйретілген жылқыларға неғұрлым еркін мініп жүруі үшін ертұрман мен үзеңгі де Еуразияның кіндігінде ойлап табылды. Осының барлығын саралай келе «атқа міну мәдениетін» біздің ата-бабамыз, біздің жерімізде қалыптастырып кеткенін мақтанышпен айта аламыз!

Екінші қыры- ежелгі металлургия. Қазақстанның жер қойнауында кен байлықтарының мол қоры бар. Бұған дәлел Менделеев кестесінде барлық элементтердің қазақ жерінен табылуы. Қазақстанның ежелгі тұрғындары бұл байлықтың қайнар көзін ашып, оны өңдей білген. Түрлі өңдеу әдістерінің ойлап табылуы қазақ жеріндегі технологиялық жедел ілгерілеудің басты нышаны.

Үшінші қыры- аң стилі. Қазақтар байтақ дала төсінде еркін өскен ел болғандықтан табиғатқа етене жақын, қоршаған ортаның қыр сырын түсіне алатын халық болған. Тұрмыстық заттарға табиғат нышандарының бейнесін, жабайы аңдардың кескінін жиі қолданған. Бұл аңдық стиль өнер әлеміндегі орны ерекше феномендердің бірі болып есептеледі.

Төртінші қыры - Алтын адам. Әлемдік деңгейде Қазақстанды танытқан, қазақтардың тарихына жаңаша көзқарас қалыптастырған, әлем тарихында орны ерекше сақ заманының ескерткіші- Алтын адам. Алтын адамның табылуы бүкіл халықты дүрліктірген, әлемнің назарын Қазақстанға аудартқан оқиға болды. Бұл алтын киімді жауынгер сол кезеңде көсемдерді қалай ұлықтағанының, алтын өңдеу технологиясының жоғарғы деңгейде болғандығының айқын дәлелі. Алтын адам дала өркениетінің құнды ескерткіші ретінде тарих сахнасында ойып тұрып орын алған құнды экспонаттардың бірі ретінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ата-баба жетістіктері ретінде мұра боп қалары сөзсіз.

Бесінші қыры- Түркі әлемінің бесігі. Ұлы даланың жаңа кезеңі Түркі дүниесі бастауын осы Алтай тауларынан алған. Бұл жерде ежелден қалыптасқан түркі өркениеттері қазіргі Қазақстанның экономикалық, сауда, мәдени, саяси өмірінде өшпес ізін қалдырды.

Алтыншы қыры - Ұлы Жібек жолы. Батыс пен Шығысты байланыстыратын көпір Ұлы Жібек жолының ұлан байтақ Қазақстан жерін кесіп өткендігі туралы айтпасқа болмас. Мәдениет пен өркениет сабақтастығы орнаған бұл жол тұрмыс-тіршілігі әралуан халықтардың етене араласып, сауда-саттық, айырбас жүргізіп, қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік туғызған бірден-бір ерекше Ұлы жол деп айтсақ артық емес. Осындай Ұлы керуен көштері өткен біздің қазақ жеріндегі ежелгі елдімекендер мәдениеті мен сауда-саттығы дамыған ортағасырлық қалаларға айналған.

Жетінші қыры - алма мен қызғалдақтың отаны. Бүкіл әлемде көп таралған жеміс алманың тарихи отаны- Қазақстан. Ортағасырларда Ұлы Жібек жолы арқылы Жерорта жағалауларына дейін жеткен қазақ жерінде өсірілген алма сорттары қазіргі таңда бүкіл дүниежүзіне кең таралған жеміске айналып отыр. Осы алманың терең тарихының символы ретінде Қазақстанның оңтүстік астанасы- «Алматы» деп аталады. Қазақстан жерінің сұлулығының тағы бір символы- қызғалдақтар. Қызғалдақтардың тарихи отаны Қазақстан екендігі ғылыми түрде дәлелденген болатын. Осындай табиғи сыйлықтарға ие біз-қазақ ел неткен бақытты халық еді.

«Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында келтірілген мысалдарға сүйене отырып, тағылымы терең тарихымызға бойлап, одан үлгі-өнеге ала отырып, жарқын болашаққа деген, Қазақстанның болашағына деген керекті құндылықтарды бойға сіңіріп, оның дамуына үлес қосу әр азаматтың міндеті. Тарих, мəдениет, əдебиет салаларын зерттеп, оларды жаңа даму сатысына шығару, бүкіл əлем танитындай дəрежеге жеткізу бұл енді біздің еншімізде. Елбасымыз атаған, алға қойған нақты мақсаттар арқылы біз өз асыл арманымызды асқақтатып, жарқын болашақ, «Мəңгілік ел»» мұратымызға бір табан жақындаймыз!