Қоғам
Майкл Джексон айтқан экология
Музыка королі саналатын Майкл Джексоннің осыдан 25 жыл бұрын жазылған "Earth song" (Жер әні) деп аталатын әні туралы хабарыңыз бар ма? Ол атының өзі бір үлкен мағынаны беретін, бұл шығармасы жайлы не айтқысы келді?
Оның шығу тарихын біріміз білсек, кейбіріміздің білмесіміз анық. Атақты әншінің бұл туындысы "Жер әні" деп аталуының да үлкен маңызы бар. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында әнші гастрольдік сапармен дүниежүзін аралап шығады. Сонда әнші қайда бармаса болды, экологиялық апаттарға тап болған екен. Африкада ашаршылық белең алғаны, жабайы табиғат жануарларының барлығы шеттерінен атылып жатқаны, мұхиттың ар жағындағы Америкада орман өртінің өршуі, ағаштардың жаппай кесілу жайы әнге арқау болған. Қазір өркениеттің ордасы саналатын Еуропада жаппай соғыстардың болуы, жазықсыз адамдардың соғыс салдарынан қаза табуы, мұхит пен теңіз суларының адамзат баласының кесірінен ластанып, ондағы тіршілік иелерінің өміріне қауіп төніп жатқандығы дәл осы туындыда кеңінен қолданылған.
Ол: "Біз қай мәселені бейбіт жолмен шештік?! Біздің кесірімізден Жер-Ана жылап жатыр", - деген ән сөздері арқылы қалың тыңдарманға үлкен ой салғысы келді. Жаратушыдан адам баласына берілген, ауа, жер, су, табиғаттың қадіріне жете алмай жатқанымыз рас. Бұлай жалғаса берсе, болашағымыз қандай болмақ?! Ән королі осы сұрақтың жауабын табуға тырысты. Иә, ол расыменде жан дүниесімен осы бір кемшілікті сезініп, барлық адамды болмаса да, біразын өзгертуді көздегені анық. Бірақ бұл экологиялық мәселелер білім мен техниканың заманында да шешімін таба алмай жатыр. Өкінішті, әрине.
Сол ластанған ауа, қоқыс пен қалдықтарға толған мұхит пен теңіз, шетінен шауылып жатқан ағаштар, бірінен соң бірі өртеніп жатқан үлкенді-кішілі ормандардың саны бұрынғыдан артпаса кеми қойғаны жоқ. Адамдар күннен-күнге жауызыздыққа жақындап бара жатқандай. Табиғат-Ананың тоз-тозын шығарып қана қоймай, енді өзара қырылуға көше бастады. Қолдан проблема жасап, өзгенің жолын байлаудан бастап жоқ қылып жіберуге дайын.
Алып планетамыздың қай түкпіріне барсаңызда, түйіні тарқай қоймаған апаттарға тап боласыз. Енді не істемек керек? Дүниежүзілік апаттың алдын қалай алуға болады? Кез келгеніміз қоя алатындай жеңіл сұрақ болып көрінуі мүмкін. Бірақ... Иә, осының барлығымен күресудің бірнеше жолдары бар. Ең бастысы болашағын ойлаған әрбір адам өзгерісті өзінен бастауы керек. Өз үйін қоқыс пен қалдыққа толтырмағаны сияқты, өз қаласын, мемлекетін, сайып келгенде өз ғаламшарын ластамауға әрекет жасауы керек. Бейбіт өмір сүріп, достық қарым-қатынастан алыстамағаны жөн.