Спорт
Қазақ күресінің атауы қалай өзгермек?
Профессордың ұсынысы
Қазақ күресі киімінің авторы, профессор Елемес Әлімханұлы қазақ күресінің халықаралық атауына атүсті қарауға болмайды деп отыр. Оның мағынасына терең үңіліп, ғылыми тұрғыда таңдаған жөн. Әйтпесе, бүгінде негізсіз ұсыныстар жоқ емес.
"Енді кез келген ұсыныстың нақты бір негізі болуы керек деп ойлаймын. Дәлелі де салмақты болған жөн. Мысалы өткенде біреу "тік күрес" болсын депті. Ал сондай атау бола ма екен? Ондай ұсыныстарға дәлел келтіру керек", - дейді Әлімханұлы.
Ғалым федерацияның қарауына өз ұсынысын енгізді. Оның айтуынша, "қазақ күресі" деген атау кеңестер кезінде пайда болған. Ол кезде әрбір республиканың ұлттық спорт түрін бөліп көрсету үшін "өзбек күресі", "қырғыз күресі", "қазақ күресі" деген атауларды пайдаланған. Енді қазақ күресін халықаралық дәрежеге шығару үшін бейтарап бір атау болуы шарт.
"Негізі, "балуан күрес" деп атау қажет. Себебі оның қандай да бір этносқа қатысы жоқ. Бұл – жалпы күреске ортақ атау. Ал шетелде қазақ күресін дамытқаны кімге қажет? Сондықтан жапондардың дзюдосы сияқты ортақ, бейтарап, көзге түспейтін бір атау керек. Мен "балуан күрес" деген атауды ұсындым. Себебі "балуан" деген сөздің ішінде күрес те, күш-қайрат та, мықтылық та бар", - деді ол.
Ғылыми топ немен айналысады?
Қазіргі кезде қазақ күресін халықаралық деңгейге шығару бойынша ғылыми топ жасақталып жатыр. Мамандар қазақ күресінің атауын ғана емес, әдістердің атауын өзгерту мәселесін де қарастыратын болады.
Ғылыми-әдістемелік топтың жетекшісі Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, бүгінде әдістердің көбісі самбо мен дзюдодан алынып, мемлекеттік тілге аударылған. Бірақ орысшадан қазақ тіліне аударғанда әдістердің атауы бірнеше сөзбен жазылды. Мысалы "арқадан асыра лақтыру" деген әдіс бар. Оны бір сөзбен де беруге болады.
"Өзіміздің тіліміз бай ғой. Тұпнұсқада "шалу", "жамбас", "ілу", "қағу" сияқты өз атауларымыз бар. Енді тағы 50 пайыз атауларын беруіміз керек. Ол да міндетті түрде күрестің биомеханикасына ұқсас сөздер болуы қажет. Ғылыми топ осы мәселені де жан-жақты қарастырады" - дейді Мырзабосынов.
Осы орайда федерация өкілі Ақтөбе қаласында өткен қазақ күресінен әлем чемпионатын да еске алды. Оған келген өзге елдің спортшылары "күрес" деген атауды қолдап отыр.
"Енді, "күрес" сөзінің "кураш", "гураш" деген баламалары көп қой. Мысалы өзбек күресін "кураш" дейді, тағы "гураш" деген ұлттық күрес бар. Бұдан бөлек, қазақ күресін "белдесу" деп атайық дейді. Бірақ бізде екі балуан тең түскенде белдеседі. Оған қоса, "белдесу" деп атайын десек, "белбеу күрес" деген күрестің тағы бір түрі бар", - деп атап көрсетті Мырзабосынов.
Оның сөзіне қарағанда, қазақ күресінің атауын "номад", "айқас" немесе "алыш" деп атауға қатысты ұсыныстар да бар.
Федерация басшылығы не дейді?
Федерацияның бас хатшысы Бақдәулет Сәбитов әзірше нақты нұсқаның таңдалмағанын жеткізді. Оны қоғам талқысынан да өткізу керек.
"Енді, қазір нақты бір нұсқа жоқ. Дегенмен мамандарға атауын өзгертуге қатысты тапсырма берілді. Ол ұсыныстар қоғам талқысынан да өтуі тиіс. Негізгі мақсат – қазақ күресін әлемдік деңгейге көтеру. Мысалы бізге "өзбек күресі" десе, қабылдамаймыз. Сондықтан қазақ күресінің атауын өзгерту керек. Оны халықаралық дәрежеге шығару үшін бейтарап бір атау болуы шарт", - деді Сәбитов.
Ғалымдар федерацияға қазақ күресін өзгертуге қатысты өз ұсыныстарын жеткізген. Ендігі кезекте оңтайлы нұсқаны таңдау қажет.
"Мысалы бір профессор ағамыз "балуан күресі" деп атайық дейді. Енді біреуі "күрес" деп қалдыруды ұсынып отыр, екіншісі "белдесу" деп атау керек дейді. Өткенде бір спорт азаматтары "тік күрес", "бас күрес", "бәс күрес" деген атауларды ұсынды. Енді соның оңтайлысын, шетелге аударғанда басқа мағына бермейтіндей бір атауға келеміз деп ойлаймыз. Жылдың соңына дейін шешім болады", - дейді Сәбитов.