Weekend
Ғылымда мифологияға жүгіну қаншалықты дұрыс?
Үндістердің мифологиясы мен діни теориялар ғылыми конгрестің көрігін қыздырып, күн тәртібінде жиі айтылып жүр. Алайда сарапшылар осы жылы айтылған ұсыныстардың орынсыз екендігін алға тартты.
Конгреске Оңтүстік Үндістан университетінің басшысы бастапқы жасушаның Үндістанда пайда болғаны туралы мәлімет жазылған ескі үнділік тексті дәлел ретінде әкелді. Тағы бір Тамилнад аймағындағы университеттен келген ғалым Исаак Ньютон мен Альберт Эйнштейннің қателескенін, гравитациялық толқындар «Нарендр Моди толқындары» деп өзгертілу керек екендігін айтқан. Ал доктор К.Дж.Кришнан Ньютон «гравитациялық кері тебу күшін» түсіне алмағанын, Эйнштейн теориясы «адасушылыққа апаратынын» алға тартқан.
Бұған дейін де мұндай жағдайлар орын алған болатын. Мәселен, Үндістан білім министрі Сатяпал Сингх 2017 жылы ең алғаш ұшақтың үнділердің эпостық жыры «Рамаянада» айтылатынын, сондай-ақ алғаш іске қосылған ұшақты ағайынды Райттардан 8 жыл бұрын Шивакар Бабуджи есімді үндіс ойлап тапқанын айтқан.
Сарапшылар ескі қолжазбаларды оқуға, пайдалануға болатынын, алайда олар ғылыми тұжырым бола алмайтынын айтады. Үндістан Ғылыми Конгресі Ассоциациясы осы түсініктемелерге қатысты «үлкен алаңдаушылық» білдірді. Алайда, Үндістан ғылыми конгресі қауымдастығының бас хатшысы Предмонд Матур: «Біз олардың көзқарастарымен келіспейміз және олармен пікірлеріміз алшақ. Бұл өкінішті»,-деп жауап берді Француз ақпарат агенттігіне (AFP) берген сұхбатында.