Саясат

Қытай неге қазақ жерін басып ала алмады?

Цин императоры 1757 жылы 30 тамызда Абылайды қазақ елінің ханы ретінде үкім шығарды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақ тарихындағы ең танымал тұлға кім десеңіз, басымы Абылай хан дейтіні сөзсіз. Бұл тұлғаның ерекшелігі туралы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабында жақсы суреттелген. Онда Абылай хан Қытай мен Ресейдің арасында керемет дипломатиялық қабілеттілігімен көзге түседі. Ал шын өмірде Абылайдың кезеңі қалай болды?

XVIII ғасыр Қазақ хандығы үшін ауыр кезеңдердің бірі болғаны анық. Шығысымызда Қалдан Цэрен бастаған жоңғарлар қайта-қайта 1723-1740 жылдары қазақты қан қақсатса, солтүстігімізде орыстар даламызға бекініс салуды бастап кеткен еді. 1745 жылы Қалдан Цэренның өлімі жоңғардың ішінде билікке деген таласты қыздырды. Сондай сәттердің бірінде Әмірсана Цин патшалығына өтіп, қытай жауынгерлерімен өз отаны жоңғарлардың 3/2-сін қырып жіберді. Ұзақ жылдар жоңғар қысымынан зардап шеккен қазақтар осы сәтте қауіптен құтылғанымен, енді оларға Цин империясының қара бұлты төніп тұр еді. Неге? Себебі, өз қателігін түсінген жоңғар қонтайшысы Әмірсана қазақ қоғамынан көлеңке іздеді. Орта жүз ханы Абылай Әмірсананы 3 рет Цин Империясынан құтқарған деген деректер кездеседі. Деректерге сүйенсек, Әмірсана Абылайдың ұлы болыпты-мыс. Сондықтан Цин Империясы қазақ жеріне Әмірсананы 60 мыңдық әскермен арнайы іздеп келген. Әмірсананы бермеген жағдайда қазақ жері де келесі нысанға айналатынын ескертіп, Абылайды Цин империясына бағыну туралы келісімге келтірген. Бұл әрине тек құжат жүзіндегі келісім болды. Өр рухты, алмас намысты қазақ азат болып қала берді. 1757 жылы Әмірсананың өлімі мен жоңғарлардың Ресейге үдере көшуі қазақты Қытай тарапынан біршама деңгейде басып алу қаупінен арылтты.

1755-1760 жылдар аралығында Цин Империясы оңтүстік көршілерін «жабайылар» деп атаған. Олар жоңғар, қазақ хандығы еді. Өзара қырқысып әлсіреген екі хандық пен жоңғарлардың ішкі алауыздығын байқаған қытайлар қос хандықты басып алу арқылы жер көлемін ұлғайтуды мақсат етті. Бастапқыда мақсатын орындауға жоңғар билігіне таласқан Әмірсана көмектесті. Шүршіттер осы орайда қазақтарды да өздеріне көмектесуге шақырды және сауда байланыстарын орнатты. Жоңғар мемлекетін құлатқанына қарамастан, Қазақстанның бүгінгі оңтүстік-шығыс пен шығысына қазақ пен қытайлар өзара таласты. Сондықтан бұл шұрайлы өңірді бағындыру үшін және жоңғар қашқындарын ұстау сылтауымен қытайлар қазақ жеріне қалың қолмен аяқ басты. Қытайдағы қателігін түсінген Әмірсана енді орта жүзден 3 мәрте қолдау тапты. Бұл әрекет Цин империясы үшін қауіпті еді. Себебі, жоңғар, қазақ, қырғыз біріксе, Цин империясының басқыншылық саясаты орындалмайтын болды. Осыған орай Цин қазақтарды бірде өздеріне бағынуға шақырса, бірде түрлі сыйлықтар беріп, алдауға тырысты.

Тарих бетіне қарасақ, Цин императоры 1757 жылы 30 тамызда Абылайды қазақ елінің ханы ретінде үкім шығарды. Ондағы қазақтардың басты талаптары: қазақтың ел басқару жүйесі өзгермеу мен қазақтардан әскер алмауы орындалды. Тек қана қытай тарапы сөзбен емес, арасында Чжао Хой бастаған таңдаулы әскерлер қазақ ауылдарында өздерінің әскери шеберліктерін, садақ ату, төбелес, атта шабу қабілеттерін қара қазаққа көрсетіп, осымен қытайдың жауынгерлік қабілеті қазақтан қарағанда бірнеше есе жоғары екендігін дәлелдегісі келетін. Тіпті қазақ пен қытай соғысты деген ақпараттар бар. Бүгінгі Қазақстанның жүрегі Астанада Абылайдың әскері мен қытайдың Чжао мен Фу Дэ бастаған қарулы 30 мыңдық қалың қолымен 11 рет шайқасып,ұрыс даласында жайратып салды. Қытайлықтар қыс түсуіне байланысты үлкен шығынға да ұшыраған. Бүгінде Астана маңында сол кезеңнен естелік һәм дерек болып «Шүршіт қырылған» деген атауға ие мекен жатыр.

«Әскери күштің шеберлігі» әдісінен бөлек, шүршіттер «жұмсақ байланыс» амалын да қолданды. Қытайдың басты идеологиясы «конфуцийдің» қазақпен басты ұқсастығы үлкенге құрмет көрсету, патриахалды жүйе, туыстық қатынас еді. Яғни идеологияның күшімен қазақ пен қытайдың бір-бірімен туыстығы бар деген императордың Абылайға бірнеше хаты жолданған.  Хатпен бірге жібек мата, күміс, әр сұлтандарға өзіндік титулдар беріліп отырды. Қытай барынша елшілерінің көмегімен қазақ жүздерінің қарама-қайшылықтарын білуге тырысып, қазақтардан ақшамен ақпарат сатып алып отырды. Соның бірі Әбілфайыз сұлтанның ұлы Чжолаци әкесінің барлық құжаттарын Синьцзян билігіне ақшаға, титул алу үшін тапсырған деген де деректер кездеседі. Қытай сол кезеңде Еуропа үшін жабық саясатын ұстанса, қазақ хандары мен сұлтандарын қайта-қайта бас сарайға қонақ ретінде шақырып отырды. Шақырып қана қоймай, қытайдың таңғажайып от шашу, театр сынды мәдениеттерімен таныстырды. Қытай мәдениетін алғаш көрген сұлтандардың біршамасы қытай тарапына қызмет етуге де көніп қалды. Онымен бірге Қытайға саудаға келген қазақ феодалдарына шекараға дейін заттарын тасымалдау үшін, арнайы түйе, жылқылар тегін бөлініп берілді. Сондай жайттардың бірінде 1769 жылы қазақтар Қытайға тиесілі ірі-қараны қазақ жеріне алып кетті.⠀

Жайылым жерлері. Қазақ көшпелі халық екені бәрімізге белгілі. Көшпелі болған соң да, жазда жайлау, қыста қыстау орны қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Жер тапшылығын жоюда қазақ сұлтандары барынша жоңғардың тақ үміткерлері Әмірсана мен Давачиді қолдады. Себебі, Тарбағатай мен Үржар жерлері Әмірсананың иелегінде болса, Давачи Жетісуде шұрайлы жерлерде басшылық етті. Уақыт өте келе бұл жерлер қазақ хандығына өтті. Қытай тарапы да қарап қалмады. Жоңғарды біз жеңдік. Яғни жоңғар аяғы тиген жерлердің бәрі бізге тиесілі деп, Аягөз, Лепсі, Жетісудегі қазақтарды үнемі қуып отырды. Сондай сәттердің бірінде Қожаберген сұлтан 2 мың қазақ үйімен қыстың қақ ортасында Жетісуден қуылды. Қуылуы бір бөлек, 2 мың ірі-қарасын қытайлықтар талан-таражға салып отырды. Бірақ қанша қуғанымен, қазақтар Жетісуден кете қоймады. Олар қытай әскербасыларын үнемі ақшамен сатып алып отырды. 1767 жылы Цин үкіметі Тарбағатай жерін қазақтарға берді. Оған басты себеп: Орта жүзді Қытайға қарай бет бұрғызу; Ел ішіндегі ұйғыр көтерілісін басу; Қазақтардың орыстарға қосылуды тоқтату. Экономика. Қытай әскері ә дегеннен қазақ жеріне кіріп барғанымен Семей жеріндегі аязға шыдай алмай, 8 мың әскерінің 5 мыңынан құрдан-құр айырылып қалды. Сонымен қатар көмек ретінде жіберілген 8 мың ірі-қараның 2 мыңы ғана діттеген жерге келді. Қытай әскербасылары сонау қазақ жерін отарлау үшін, ат пен тамақты қазақ саудагерлерінен сатып алуға мәжбүр болды. Сол себепті Үргеніш пен Қашғар жерінде қазақтан ат сатып алу туралы келісімге келді. Оның ең алғашқысын Абылай 400 атты қытайлықтарға сатты. Алайда бұл сауда келісімдері тең дәрежеде болмады. Тек атты көптеп сатып алуға тырысқан шүршіттер қазақтарға сапасы төмен заттарды беріп қалуға тырысты және қаруды мүлдем сатпады. Дегенмен тең емес сауда ұзаққа жалғаспады. Қазақтар Цин империясын арғы ойын біліп, арнайы аз ғана көлемде атты сауда орнына сатты.⠀

Орыстар қазақтардың Қытаймен жақындасқанына қалай қарады? Орыс тарапы үшін қазақтардың жоңғар жерін иеленгені ұнады. Өйткені алдағы уақытта бұл жерлерді орыстар отарлайтын еді. Отарлады да… Бірақ қытаймен жақындасқандардың көздерін құртып отыруға да әрекеттенді. Мысалы, 1851 жылы қытай мен қазақ Құлжа келісіміне келгеніне қарамастан, орыстар Тезекті тұтқындады. Орыстар да қазақтарға тартып алған шұрайлы жерлерге Ертіс бойына уақытша мал жаюға рұқсат берді. 1761 жылы орыс Вейморн қазақтарға малды қыста қырылып қалмау үшін, арнайы түрде қора-қопсы салуды, шөп жинауды үйретті. Осылайша қазақтардың Қытаймен сауда байланысы бәсеңдеді. Орыс зерттеушісі Панкратова, Н.Вяткинның мәлімдеуінше ХVІІІ ғасыр қазақ үшін ең қолайлы кезең ретінде атайды. Қос державаның арасында отырған қазақтар қос тараптан да тиімді ұсыныстар алып отырды. Нәтижесінде Абылай басқарған кезеңде қазақ қоғамы тыныш, бейбіт өмір сүрді деп айтсақ болады.⠀

Осы жайттарды бағамдай отырып, мынандай қорытындыға келуге болады: Цин империясының қазаққа бағытталған әскери компаниясы толыққанды орындалмады. Қазақ даласының шығыс пен оңтүстік-шығысын қанша қытай әскері күзеткеніне қарамастан, түбінде бұл жерлер қазақ тарапында қалды. Қытайлықтар қазақ байларымен келісім жасағанына қарамастан, қазақтар көп жағдайда өз шешімдерінен айнып кетті. Сондықтан осы кезеңде шешім маңыздылыққа ие болу үшін, «аманат» яғни белді сұлтандардың балалары қытайға берілді. Бұл идея шын мәнінде «Конфуций» идеясына қайшы келетін еді. Қазақ сұлтандарының Қытаймен қарым-қатынасы тек сыртқы байланыстан әріге бармады. Оған басты себеп қазақ даласының алыста орналасуы мен қазақтың көшпелі шаруашылықпен айналысуында болды. Қазақ-қытай қарым-қатынасындағы байланыс тікелей елшіліктер арқылы жүзеге асты. Олар шекара мен сауда қатынасы жайында мәселелерді шешті. Әсіресе басты сұрақ жоңғарлар мекендеген Ертіс, Іле өзендері аумағы болды. Сауда саясаты қос елдің арасында тең дәрежеде өрбіді деп айта алмаймыз. Себебі, Орталық Азия аймағына кіру үшін қытайға көлік ретінде ат керек болды.   

(К.Хафизова. Казахская стратегия Цинской империи) кітабынан алынды