Саясат

Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы не білеміз?

Қазақстан халқы Ассамблеясы шын мәнінде қандай ұйым?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Көптен бері Қазақстан ақпараттық кеңістігінде әлеуметтік желілер арқылы Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымының қажетсіздігі, Қазақстан қоғамы үшін пайдасыздығы туралы ақпараттар айтылуда. 

Бұған кейінгі уақытта елімізде орын алып жатқан  оқиғалар да негіз беруде. Сонымен Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы не білеміз, бұл қандай ұйым?

Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстан Республикасының экс Президенті Н.Н. Назарбаевтың 1995 жылғы 01 наурыздағы Жарлығымен Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесінде құрылды.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңына сәйкес аталған ұйым заңды тұлға түрінде құрылмайтын, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме болып табылады.

2007 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасы Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, ол Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Яғни, конституциялық негізде Қазақстан халқы Ассамблеясына басқа сайлаушылармен салыстырғанда ерекше артықшылық беретін сайлау құқығы берілді.

2008 жылғы 20 қаңтарда «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» әлемде баламасы жоқ заң қабылданды. Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси жүйесінің субьектісіне айналды.

АССАМЛЕЯНЫҢ МАҚСАТЫ:

Аталмыш заңның нормаларына сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаты - қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан этностарының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде Қазақстан Республикасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету деп айқындалған.

АССАМБЛЕЯНЫҢ МАҢЫЗДЫ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ:

Заңға сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі бағыттарының ішінен келесілері бүгіндегі қоғам үшін маңыздырақ:

- қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдесу;

-  мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту;

- этносаралық қатынастар аясында, оның ішінде мемлекеттік тіл мен Қазақстан халқының басқа да тілдерін қолдану саласында мониторингті жүзеге асыру;

- этносаралық қатынастар саласындағы келіспеушіліктер мен дауларды реттеу, қақтығысты жағдайларды болдырмау жөнінде ұсынымдар әзірлеу және практикалық шараларды іске асыру және оларды шешуге қатысу.

АССАМБЛЕЯНЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ ЖӘНЕ БАСҚАРУ ОРГАНДАРЫ:

Ассамблеяның құрылымына келесілер кіреді:

- Ассамблеяның Сессиясы;

- Ассамблея Кеңесі;

- Ассамблея Аппараты (Хатшылығы);

- Ассамблеяның атқарушы органы;

- Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ассамблеялары;

- Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері;

- Ассамблеяның ғылыми-эксперттік кеңесі;

- Ассамблея аясындағы ұлтаралық қатынастар бойынша журналистер мен эксперттер клубы;

- «Қазақстан халқы Ассамблеясы қоры» Қоғамдық қоры;

- «Тілдарын» тілдерді оқытудың иноовациялық технологиялары әдістемелік орталығы;

- Қазақстан халқы кәсіпкерлерінің ассоциациясы.

АССАМЛЕЯ СЕССИЯСЫ:

 «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқару құқығы, яғни Төрағасы болу құқығы Қазақстан Республикасының тұңғыш һәм экс Президентiне тиесiлi.

Ассамблея сессиясы (Ассамблея мүшелерінің жиналысы) – оның жоғары басшылық органы. Сессияны Қазақстан Республикасының Президенті қажеттілікке қарай, бірақ жылына кемінде бір рет шақырады.

Заңға сәйкес, Сессияның шешімін Ассамблеяның Төрағасы бекітеді. Ассамблея Сессиясының шешімдеріндегі мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға жіберілген қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат жөніндегі ұсынымдар және ұсыныстар міндетті түрде қарауға жатады.

Яғни заңның осы нормаларынан көріп отырғанымыздай, Ассамблея шешімдері кеңес беру, рекомендация жасау сипатында болғаныменде, оның Ассамблея Төрағысымен бекітіліп, және де оларды заң бойынша мемлекеттік органдардың қарастыруының міндеттелуі, Ассамблеяның кеңес беру және рекомендациялық сипаттағы шешімдерінің саяси салмағын арттырып, міндетті түрде орындалуына алғышарт жасайды. Бұл іс жүзінде Ассамблеяға жоғарғы мелекеттік атқару билігінің істеріне араласып, олардың үстінен ықпал жасау мүмкіндігін беріп отыр.

АССАМБЛЕЯ КЕҢЕСІ

Сессиялар аралығындағы кезеңде Ассамблеяны басқаруды Ассамблея Кеңесі жүзеге асырады. Кеңеске республикалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрлер, облыс әкімдері енеді.

Ассамблеяның жұмыс органы Ассамблея Хатшылығы болып табылады. Ол Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымында дербес құрылымдық бөлiм болып есептелінеді.

Ассамблеяның және оның өнірлердегі құрылымдық бөлімдерінің құрамы, яғни оның мүшелері Қазақстандағы этномәдени бірлестіктер мен өзге де қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік органдар өкілдерінің және өзге де адамдардың қатарынан қалыптастырылады.

ЭТНОМӘДЕНИ БІРЛЕСТІКТЕР:

Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері – осы ұйымның мақсаты мен міндеттерін бөлісетін, Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнің негізінде жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйымдар болып табылады.

Бірлестіктер: жергілікті, өнірлік және республикалық этномәдени бірлестіктері болып бөлінеді, яғни Қазақстанның барлық аумақтарында бар.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңыңда айтылғандай этномәдени бірлестіктер қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады, әрі қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, азаматтық қағидатында, патриотизм, Қазақстан этностарының рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біртектілікті нығайтуға жәрдемдеседі екен. Алайда шының айтуымыз керек, бүгіндегі қоғам Ассамблея құрамындағы этномәдени бірлестіктердің жоғарыда көрсетілгендей зор рөлін һәм саяси салмағы мен маңызын сезіне алмауда.

АССАМБЛЕЯ МҮШЕЛЕРІНІҢ ӨКІЛЕТТІГІ:

Бүгінгі таңда Ассамблеяның құрамында 394 мүшесі бар.

Жоғарыда көрсетілген заңмен қамтылған Ассамблея мүшелерінің өкілеттілігі өте ауқымды. Біз солардың бірқатарына тоқталамыз:

- қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдесуге;

 - этносаралық қатынастарға, азаматтардың ана тілі мен мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауға берілген конституциялық құқықтарын іске асыруына, нәсілдік, ұлттық немесе тілдік белгісі бойынша кемсітушілікті болғызбауға қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге қатысуға;

- этносаралық қатынастар мәселелері бойынша конференциялардың, семинарлардың, "дөңгелек үстелдердің" және өзге де іс-шаралардың жұмысына қатысуға;

- қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға және Қазақстан халқының басқа да тілдерінің сақталуына ықпал етуге;

- мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, ұлттық, рулық және діни араздықты, өшпенділікті және дұшпандықты қоздыруға бағытталған іс-әрекеттерге немесе сөздерге жол бермеуге.

Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде Ассамблеяның 35 этникалық газеттері мен журналдары жұмыс істейді. Солардың ішінде ірі 6 газеті мемлекеттік қолдау көрсету негізінде жұмыс істейді. Газеттері мен журналдары 11 тілде шығарылады, 8 тілде радиотаратылым, 7 тілде телетаратылым жүргізіледі.

ҚАРЖЫЛАНДЫРУ КӨЗДЕРІ:

Қазақстан халқы Ассамблеясысын қаржыландырудың екі көзі мәлім. Бұлар:

1)  2008 жылы экс Президент Н.Н. Назарбаевтың Жарлығымен құрылған «Қазақстан халқы Ассамлеясы қоры» Қоғамдық қоры қаражаты есебінен;

2)  Әлеуметтік маңызды жобаларды мемлекеттік тапсырыстар негізінде жүзеге асыруға этномәдениорталықтарды тарта отырып, мемлекеттің есебінен қаржыландыру. Мемлекеттік тапсырыстар негізінен Мәдениет және спорт министрлігі, Елорда және Алматы, сондай-ақ облыстық әкімдіктерімен жасалады.

Жоғарыда баяндалған ақпараттардан көріп отырғанымыздай Қазақстан халқы Ассамблеясы консультативтік кеңестік ұйым болғанына қарамастан өте ауқымды өкілеттілік берілген, конституциялық мәртебесі бар, жоғары мемлекеттік және жергілікті атқару билігіне ықпал ете алатын ұйым болып есептелінеді.

Алайда Қазақстан қоғамы, ширек ғасырдан астам тарихы бар бұл әлеуетті ұйымның «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңында көзделген мақсаты мен қызметінің бағыттарына сәйкес серпінді, жағымды әсер ететін әрекеттерін шын мәніңде көрмеуде. Қарапайым бұқара жұрт Қазақстан халқы Ассамблеясын мерекелік шараларда ұлттық киімдер киіп, билер мен ойын-сауық көрсететін  ұйым ретінде ғана таниды.

Мұның жарқын мысалын 2019 жылы қаңтар айында Қарағанды қаласында армян және қазақтар арасындағы, 2020  жылғы ақпан айының 5-6 аралығында Қордайдағы дүнген және қазақтар арасындағы қақтығыстарда болған оқиғалардан көреміз. Аталған оқиғаларда және бұғанға дейін Қазақстанның әр аумағында болған ұлтаралық түсініспеушілік негізінде орын алған оқиғаларда Қазақстан халқы Ассамблеясы өз позициясын көрсете алмады. Сондай-ақ өзінің негізгі заңмен көзделген міндеттерінен туындайтын ұлтаралық түсініспеушіліктерді шешіп, қақтығыстарға дейін жеткізбеу бағытындағы жұмыстары қоғамдағы қарапайым азаматтарға сезілмейді, көрінбейді, бұл жөнінде азаматтар мүлдем бейхабар.

Осы орайда бүгіндегі кез келген азаматтың көкейіне Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне қатысты келесідей сұрақтардың туындайтыны заңды:

1)  Қазақстан халқы Ассамблеясы 25 жылдық тарихында қоғамға пайдалы, Қазақстандағы этностар бірлігін нығайтатын, қазақстандық патриотизмді қалыптастыратын, азаматтардың саяси-құқықтық мәдениетін арттыратын, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдылығын насихаттайтын, Қазақстан халқының жаппай сұранысында болған қандай рухани өнімдерді дүниеге әкелді?

2)  Мемлекеттік тілді бұқаралық тұғырын нығайтып, қоғамдық мәртебесін арттыратын, Қазақ халқын (мұның ішінде жергілікті қазақ ұлты мен Қазақстандағы көптеген этникалық топтар кіреді (ресми мәліметтер бойынша Қазақстанда 130-дан астам этникалық топтар бар) топтастырушы, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуші негізгі фактор ретінде дамытуға нақты қандай үлес қосты?

3)  Бүгіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясына мүше 394 адамның нешеуі мемлекеттік тілді біледі, әрі еркін қолдана алады?

4)  Соңғы бес жылда  Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық қатынастар саласындағы келіспеушіліктер мен дауларды реттеу, қақтығысты жағдайларды болдырмау жөнінде ұсынымдар әзірлеу және практикалық шараларды іске асыру және оларды шешуге қатысты қандай нақты істерді атқарды, және де қандай нәтижелерге қол жеткізді?

5) Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамындағы Ғылыми-эксперттік кеңес, Ассамблея аясындағы ұлтаралық қатынастар бойынша журналистер мен эксперттер клубы, Ассамблеяның жергілікті жерлердегі өнірілік құрылымдары Қазақстанның әр аумағында ұлтаралық түсініспеушілік негізіндегі орын алуы мүмкін жанжалдар мен қақтығыстар және олардың алдын-алу бойынша ғылыми сараптама, мониторинг жүргізеді ме?

6)  2019 жылғы қаңтар айында Қарағандыда, 2020 жылы ақпан айында Қордайда болған қақтығыстарға байланысты Ассамблея аясындағы ұлтаралық қатынастар бойынша журналистер мен эксперттер клубы неге қоғамға шынайы объективті сараптамалық ақпараттар бермеді?

7)  Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымы дүниеге келген уақыттан бері бүгінгі күнге дейін мемлекеттік тапсырыс негізінде нақты қандай әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырды, жобалар аясында нақты қандай нәтижелерге қол жеткізді?