Қоғам
Маңғыстау облысы, Батыр ауылы
Мұнайлы ауданы Батыр ауылында бүтін бір отбасы газдан уланып қалды. Үш бала мен олардың анасы қаза болды, отағасы мен тағы бір бала ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оқиға кеше, 13 ақпан күні Астана-2 көшесіндегі үйде болған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел-жәрдем қызметіне хабарлама сағат 17:42-де түскен. «Оқиға орнына 3 жедел-жәрдем бригадасы жіберілді.
Оларға «газдан улану» диагнозы қойылды. Анасы 39 жаста, балалар 14, 13 және 2 жаста. Өкінішке қарай, жедел-жәрдем қызметі бар кезде олардың көз жұмғаны анықталды», - делінген ақпаратта.
43 жастағы отағасы мен 9 жастағы бала облыстық ауруханаға жеткізілген. «Қазір ер адам жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр. Ал 2011 жылы туған ұлы Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жатыр. Жағдайы – тұрақты, ауыр асқынулар жоқ. Есі анық, гемодинамикалық көрсеткіштері тұрақты», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.