Bugin

Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын

Құлтөлеу Мұқаштың «Салбурын» кітабынан

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Біздегі ең бір жаман әдет шығар – өз сәтсіздігімізді ылғи біреуден көреміз. Істің мәніне бойлап, толғанып жатпаймыз. Әлденеден жолымыз болмаса, сырттан долбарлап, айдаладағы біреулерді жазғырып отырамыз. 

Және «қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» - ел дербестік алғалы арада жиырма жыл өтсе де, бала-шағаның қамын жеудің орнына күні бүгінге дейін ши басын сындырмай, қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтарға «өкпелеп», кіжінумен таң атырып келе жатқан туыстар таңырқатады. Ал күйбеңдеп тіршілік жасап, қалаға келген бозбас жастардың дені базарлар мен вокзалдарда тәшке тартып жүр. Соны ерлік көреді. «Жол! Жол, жол! Қаш! Қаш! Қаш!...»

Тар қуыстарда қол арбаларын сүйретіп, дедектеп келе жатқанда өздерін дүниенің тұтқасын ұстағандай сезінетін болуы керек. Тіпті екіленіп, әңгірлеп бергенде, арбадағы ауыр жүктің екпінімен кездескеннің бәрін таптап, жазым қылып жүрмес пе екен деп сескенесің. Ай, қайран өмір-ай, сондай сәттерде бұлардың бойында да анау ата-бабаның өрлік, асқақтық мінездері атойлап көтерілуге талпынатын сияқты, жолдағысын қырып-жойып жібере жаздайды пәтшағарлар. Қиял шіркіннің шалқарлығында шек жоқ қой, осындайда және топшылайсың – «Қазақ» атына қатысты анау «арбаның құрсаулы доңғалағы» ұғымы мен бөлек-салақ жүк тиеген мына тәшкелер арасында әлдебір тылсым байланыс жоқ па деп. Заманында айдарынан жел ескен айбынды ел ұрпағы ұсақталуының бір көрінісі де осы емес пе екен деп. Әйткенмен, «о шиқыл бұ шиқылға ұқсамайды» деп әлдебір әзіл әнде айтылғандай, ол арбамен бұл арбаның айырмашылығы жер мен көктей емес пе?

Шындығында, бұлар қайбір жетісіп жүреді дейсіз. Көкейдегі қыжыл бәрібір тыншытпайды. Өз өмірлеріне бәрібір наразы. Сәл босаған шақтарда гүж-гүж етеді: «Біздің тәшке тартып жүрісіміз мынау. Бәленше болса банкіде істейді. Түгенше – кәсіпкер!» деп. Өй, сен неге істемейсің соны?! Кім кедергі жасап отыр, кім қолыңнан қағып жатыр?

Кейде беттеріне айтып та тастайды. Қайсыбір ата сақалы аузына түскен үлкендері де үйде отырып алып: «Ой, бізді анау құртып жатыр, мынау құртып жатыр» деп қыжыртады. Жастарға беретін жөн тәрбиесі жоқ. Қазір газет-журналдарда не көп – жұмысқа шақыру көп. Токарьлыққа, электр дәнекерлеушілігіне, кран машинистігіне... шаштараздыққа, аспаздыққа, қыз-келіншектердің тырнағын бояйтын кәсіптерге шақырады. Мына бауырлар аттап баспайды соның біріне. Тиімді істі үйренуге де құлықсыз. Намыс көреді. Бірақ жұмыс жоқ деп зар жылауға мәш. Тегінде, «жоқ, жоқ» деп күңіренуден рахат табатын сияқты. (Әсілі, бұл кеселдің де өзіндік әлеуметтік «пайдасы» бар екені де жасырын емес. Ата-ана, бала-шаға, туған-туыстың алдындағы жауапкершіліктен «құтқаратын» ең оңтайлы сылтау. Жоқ! Не істейсің енді. Жоққа жүйрік жетпейді. Сөйтіп қор болып жүрмін. Қол қысқа. Әйтпесе тау қопарып, айды аспаннан шығарар едім деген күйкі пиғыл. Ақиқатын айтқанда, бұл нағыз сорлылықтың көрінісі емес пе. Иә, барып тұрған жетесіздік жоқ. Сөйтіп өмірі өтсе өкінбейтін секілді. Ал тәшке тартуға барады! Арланбайды бұған.

Ауылдағы бостардың да көбі сойдауыттай-ақ жігіттер. Сана бермесе не керек. Қарап отырып түңілесің. Түске дейін жүреді. Боқтасып. Ал түстен кейін арақ ішіп, ләйліп бара жатқанын көресің. Бұл да бір дерт.

Қазір мектеп бітіріп жоғары оқу орындарына түсіп жатқан балалар көз қуантады. Көпшілігі ақылы жүйе арқылы оқып жүр. Дегенмен, бір өкініштісі, бұлардың да дені мамандықты бүгінгі кезең талабына сай таңдай бермейтін секілденеді. Бәрі дерлік әлі күнге дейін шұбырып, тек заңгерлікке барады. Қазақтың әуелден қалмай келе жатқан билікқұмарлыққа, мансапқойлыққа құштарлығының көрінісі ме екен. Бітіреді, әйтеуір. Бірақ оқуды аяқтайды да бос жүреді. Бәтуасыз-тұрлаусыз, ырың-жырың тіршілік деген сол. Бас-басына лайықты қызмет орны табыла бере ме. Сол сияқты педагогикалық университеттерді тамамдаған қыз-жігіттердің де түгел дерлігі өз салалары бойынша жұмысқа беттемей, айнып шығады. (Жалғыз мұғалімдік болса бір сәрі, бүгінде диплом алған жастардың дені өздері оқып шыққан өзге де кәсіби бағыттан мүлде бас тартып, басқа салаға қызығатын жайттар жиі кездеседі). Мұндай қатынас та қоғамдағы көптеген белеңсіздікке бастайтыны түсінікті.