Қоғам

Қазақстанда жасөспірім суицидінің алдын алатын жоба іске қосылды

Бұл бағдарлама өз жемісін беріп, суицид оқиғаларын азайтуға септігін тигізе бастады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстан соңғы 10 жылда жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткіші бойынша алдыңғы шепте тұрғаны белгілі.

Алматыда «Just Support» жекеменшік қорының мамандары осы мәселені шешу үшін 2016 жылдан бастап апробациядан өтіп, жүзеге асырылып жатқан тұғырды дайындап, «Soul Games» жобасын іске қосты. Осы жобамен таныстыру мақсатымен Алматыда баспасөз конференциясы өткен болатын. 

Қордың атқарушы директоры Светлана Богатыреваның айтуынша, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметтері бойынша 2019 жыл ішінде кәмелет жасқа толмағандар арасында 180 суицид және 351 рет өзіне қол жұмсау әрекеті тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,7%-ға жоғары, дегенмен, жалпы көрсеткіштер 5 жыл бұрынғы жағдайдан төменірек.

Өліммен аяқталған суицид көрсеткіші бойынша Түркістан (38), Алматы (27), Жамбыл (16) және Шығыс Қазақстан (14) облыстары алдыңғы қатарда тұр.

Өзіне қол жұмсауға талпыну жағынан ең жоғары көрсеткіш Шығыс Қазақстан (54), кейін Түркістан облыстарында (43) және Астана қаласында (42) байқалып отыр.

Осындай оқиғалардың алдын алып, жасөспірімдер арасындағы суицидпен күресу үшін «Just Support» қоры мектеп психологтарының біліктілігін арттыру бағдарламасын әзірлеген. Отбасылармен және жасөспірімдермен жұмыс жасауға арналған апробацияланған авторлық бағдарламаны жасап шығар үшін Израилден сарапшылар тартылған. Қазіргі кезде бағдарлама Алматыда іске қосылып, осының аясында отызға жуық мектеппен жұмыс жүріп жатыр екен.

Soul Games жобасы 2019 жылдың қаңтарынан бастап қызмет етіп келеді және осы уақыт ішінде 20 маманға арнап Алматыда біліктілікті көтеру курсы өткізілген, олар 500-ге жуық отбасыға көмек көрсетті.

Алматы қаласы Білім беру басқармасы әдіскері Венера Коканованың айтуынша, осы бағдарлама бойынша дайындықтан өткен мамандар жұмыс істейтін мектептерде осы уақыт ішінде суицид әрекеттері орын алған жоқ. Педагогтар бағдарлама нәтижесі бойынша балалардың 40 пайызы алғашқы екі айда айтарлықтай өзгеріп, қалғандары бақылауда жүретіндігін атап өтуде.