Bugin
Томаға-тұйықтық қажет емес
Иә, сіз бұл ұғымды алғашқы рет естіп тұрған болуыңыз мүмкін. Бұл термин төртінші индустриялық революцияға көше бастаған кезде қолданысқа енетін болады. Жаңа терминмен таныса кетіңіз.
Контекстуалды интеллект дегеніміз бір сөзбен айтқанда төртінші индустриялды революцияның «ақылы». Бұл революция «қоғамға өте үлкен өзгерістер алып келеді» деп күтілуде. Осындай өзгерістер кезінде қиындықтар туындағанда шешімін табу үшін бізге осы интеллект көмекке келеді. Негізгі сұрағы: Білімімізді қалай байыптаймыз және қалай қолданамыз?
Мықты көшбасшылар бұл интеллекттің алдында тұрған міндеттерді жақсы түсінеді. Бұл сөздің түп төркіні – төніп келе жатқан трендтті алдын ала болжау қабілеттілігі әрі оған қарсы тұра білу. Осы қасиет қаншама ұрпақтан бері басшылық үшін қызмет етсе, төртінші индустриялдық революция кезінде жаңа жағдайға бейімделудің және өзіңді-өзің сақтап қалудың бірден-бір амалына айналады. Бұл интеллектті түсінбей, сөзден іске көшпей, әртүрлі құрамда команда жасақтамаған компаниялар мен мекемелер цифрлық заманның мың құбылып тұрған әрекеттеріне бейімделуі қиынға соғады.
Бүгінде ауыздыққа бас бермес әлемдік мәселелер белең алып тұрғанда томаға-тұйық сана-сезім мен ескі көзқарастар шеңберінде қалу болашағыңа балта шабумен бірдей. Сондықтан философ Исай Берлиннің 1953 жылы жазушылар мен ойшылдарға арнап жазған эсселеріндегі екі бөліну (дихотомия) тұжырымына сәйкес, тікірейген кірпі болғанша, бұлаңдаған түлкі болған артық. Көз алдындағыны көрмейтін ебедейсіз кірпінің емес, түлкінің икемділігі мен айлакерлігін үйренгеніміз жөн.
Исай Берлиннің осы бір тұжырымын бүкіләлемдік экономика форумының президенті әрі негізін қалаушы Клаус Шваб былай деп түсіндіреді: «Бұл дегеніңіз, көшбасшылар өзімен өзі өмір сүрмей, бір-бірімен тәжіребие алмасып тұруы қажет екенін білдіреді. Белгілі бір қиын түйінді мәселені шешуге келгенде олар жұдырықтай жұмылған, епті де бейімделгіш, әр түрлі мүдделер мен көзқарастарды бір арнаға тоғыстыра алатындай болуы керек».