Саясат

Алматыдағы митингте ұсталғандар саны 100 -ге жуықтады

Алматы қаласы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Түскі сағат 15.00 шамасында Алматыда "ҚДТ митингісіне байланысты" ұсталғандар саны жүзге жуықтады деп хабарлады оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісі.

Мұнда полиция "Астана" алаңын жауып, "митинг орнына" жібермегеннен кейін жиналғандар бірте-бірте Панфилов көшесі бойымен төмен қарай ығысқан. Полиция мұнда да "белсенділігімен көзге түскен" азаматтарды ұстады. Олардың кейбірі "Шал кет!", "Оян, Қазақстан" деп айқайлады. Азаттық тілшісі осы жерде түстен кейін жүзге жуық адамның ұсталғанын көрді.

Алматыдағы митингіге Оралдан арнайы келгенін айтқан арбамен жүретін Ерік Жұматаев есімді азамат полицияны "халық жағына шығуға" шақырып, оларды ұстауға қарсылық білдірді. Жарты сағаттан кейін полицияның нұсқауымен оны жедел жәрдем көлігімен алып кетті.

Құқық қорғау орган қызметкерлері жасы үлкен-кіші, ер-әйел демей "белгісіз адамдар" нұсқаған адамдарды қолтықтап, автозакқа отырғызды. Кейбірі қарсылық көрсетуге тырысқанмен арнайы жасақ өкілдері оларды күшпен апарып, автозакқа итеріп кіргізіп отырды. Толған автозактар жүріп жатты.

Сәлден соң полиция бұл аумақты толық бақылауға алды. Ары-бері өткен адамдарға "заңсыз шеру орны" деп басқа жолмен жүру қажеттігін айтты.


Түскі 16.00 шамасында полиция аумақты әлі күзетіп тұрды.

Әзірге ішкі істер министрлігі нақты қанша адамның ұстағанын хабарлаған жоқ.