Bugin
Қателесуіне жол беріп, тәрбиеле
Ұрпақ көбейтудің негізі - өмірге бала әкелу болса, ұрпағыңыздың дара жолға бет бұруы тәрбиемен етене байланысты болмақ. Тәрбие заңына бағынған бала мәдениет пен сыйластықтың не екендігін ұғынып өсетін болады.
Осы орайда баланы тазалық пен тәрбиеге жетілдірудің бірнеше нұсқаларын ұсынбақпыз:
1) Балаңыз әрдайым жинақы әрі таза жүргенін қаласаңыз алдымен өзіңізден бастаңыз. Балаға мың рет айтсаң да ол көзбен көргенін істейді. Осы орайда алдымен өзіңіз жинақылыққа дағдылана отырып, балаңызды дұрыс нұсқаулықтармен таныстырып, тазалығына мән беруді әдетке айналдырыңыз.
2) Ұрысып, мәжбүрлеу арқылы шашылған жерді жинату қиын. Бұл тұста ''Aлдау" әдісін ұсынамыз. Яғни, "қане, кім жылдам болса, сол көп көп ойыншықтарын жинайды", "Кім ең пысық бала болса, соның сөресі ең таза болады" сынды сөздерді байыппен қолдана отырып, алдарқату арқылы балаңыздың шапшаңдық пен тазалыққа бірден баулып алатыныңыз сөзсіз.
3)"Болмайды", "тиіспе", "жаман болады" тағысы тағы осындай шектеулер арқылы сіз балаңыздың қызығушылығын төмендетумен қатар психологиясындағы ізденісін кері бағытқа аударасыз. Рұқсат етілмеген дүние болса себебін айтып үйреніңіз. Себебі, әдейі қарсыласу арқылы керісінше тыйым салынған дүниелерге балалар әуес келеді.
4) Отбасындағы отағасы мен отанасының ортақ келісімі болуы тиіс. Нақтырақ айтқанда ауызбіршілік. Балаға әлденеге тыйым салмас бұрын өзара келісіп алғандары жөн. Себебі, бірінің айтқан пікірін екіншісі жоққа шығарса, келесіде бала осы олқылыққа машықтанып, "ата-ананы райынан қайтару" функциясын жүзеге асыратын болады.
5) Қоршаған ортаны танып білу үшін балаға ата-ананың атқаратын рөлі маңыздырақ. Әр затты таныстырып, ол туралы информация беруден еш жалықпаңыз.
6) Жазалау әдісін тысқары жүзеге асыру керек. Өзге балалардың алдында ұрысып, жекіру арқылы балаңыздың көңілінде кірбің пайда болады. Артынан асықпай мән жайды анықтап, қате кеткен тұсын байыппен түсіндіріп отырыңыз.
7) Балаңыз әлденені ескертуіңізге қарамастанда істеп көргісі келсе, оның қателесуіне мұрша беріңіз. Мысалға, майшаммен ойнағысы келсе ойнасын, қолын күйдіртсін. Есесіне келесі де оның қауіпті екендігін ұмытпай тыйылатын болады.