Шолу

Тәңіруи болмысты қуыршақ

Адам Құдайдың қолындағы қуыршақ десек, қуыршақ үшін адам да - бір Құдай

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қуыршақты адам өзіне ұқсатып жасаған. Бұл Құдайдың "адамды өзіме ұқсатып жараттым" дегенін еске салады. Адам Құдайдың қолындағы қуыршақ десек, қуыршақ үшін адам да - бір Құдай. Бұл - пенде баласының Жаратушыға еліктеуі.

Қуыршақ театрының тарихын оның театр өнерінің бір саласы ретінде қалыптасқанынан бері қарай ғана таратсақ, қысқа қайырып, жадағайлап аламыз. Сірә, қуыршақ театрының тарихы тым тереңде. Оны қуыршақ өнерінен бөліп жармай қатар өрсе дұрысырақ болар.

Бүгінгі күні адамзат мәдениетіне қуыршақ алдымен балалар ойыншығы ретінде танымал. Бірақ алғашында қуыршақ діни ритуалдардың басты құралы болып саналғанын білеміз. Осы діни ритуал ретінде қолданылуы қуыршақтың мазмұнын күрделендіре түседі. Алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі адамдардың түсінігінше қуыршақта адамның жаны бар деп есептелген.  Ежелгі Грекияда қыз балалар кәмелет жасына жеткенде өзінің қуыршағын Шолпанға (Венера) арнайтын болған. Бұл ересек өмірге өтетін сакральды ритуал болып саналған. Оны жоғалтып алмауға, басқаға бермеуге тырысқан. Керісінше болған жағдайда жақсылыққа бастамайтын құбылыс деп сенген. Ал орыстар қуыршақтың түрін (көз, мұрын, ауыз) салмаған. Себебі оған зұлым «анчутка» рухы қонады деп қорыққан. Бұған әртүрлі қолөнер шеберлерінің жасаған қуыршақтары адамға айналып кеткені туралы аңыздарды қосыңыз.

Қуыршақ грек тілінде (гр. «киклос») шеңбер деген мағына береді. Шеңбер бәріміз білетіндей бүтіндіктің, тұтастықтың, әлемнің символы. Кей деректерде шеңберді Құдаймен байланысты, шеңбер ішіндегі шаршы «Құдай-Адам» комбинация ретінде символданады. Ал жапон тілінде «нинге» «адам кейпі» деген мағынаға ие.

Ойымызды тиянақтай келе, белгілісі – қуыршақ адам баласы жаратылғаннан бастап, бірге жасасып келе жатқан ең көне бұйым. Қуыршақты адам баласы қашан ойлап тапқанын есінен шығарған. Оны тарихтан да, басқа деректерден де «міне, мына кезден» деген деректерді таба алмайсыз. Адамның жаратылуы секілді даулы мәселе. Қуыршақ бар жерде мистика да қатар жүреді. Табиғатен андас, сонау ықылым замандардан, адам санасының айналасындағы дүниелерді сәби қалпында, тымсым құбылыс қалпында қабылдаған кезде ойлап тапқанын болса керек. 

Алғашында бұл сиқыршы, жәдігөй, дуахандардың қолында болған. Адам емдеуге қолданған. Басқа да дуа түрлерін жасаған. Құрбандық шалу рәсімінде де пайдаланылған. Құрбандық тақырыбын қаузамас бұрын, оқырманға ұғынықтырақ болсын деп, сәл шегініс жасасақ. Қазақта адам мүшел жасқа толғанда өзіне қымбат бұйымды біреуге сыйлайтын болған. Мүшел жас қатерлі жас деп санағандықтан, бәлки. Мүшел жас өмірдегі бір циклдың тұйықталар тұсы. Қатерлі болатыны да содан. Сондықтан өзіне қымбат сыйды өзге біреуге сыйға тартып, сол қатерден аман-сау өтетініне сенген. Бұл әлемдік мифологияда бар, Құдайларды немесе рухтарды алдап жіберу мотиві. Яғни өзіңе қымбат бұйымда сенің жаның бар. Сол бұйымды басқа біреуге беру арқылы Жоғарғы Рухтарды алдап жібереміз деген түсініктен туған. Қуыршақты да құрбандық ретінде шалу – осыған ұсқас құбылыс. Онда рух бар деп, жан бар деп есептелген. Жеке тағдары бар. Қуыршақтардың өзімен-өзі жыртылып, сынып қалатын жағдайлары кездесетінін осымен ғана түсіндіре алмақпыз. 

Адам қуыршақты өзіне ұқсатып жасаған. Сенім бойынша Құдай Адам атаны саз балшықтан жасағаны тәрізді, алғашқы қуыршақтар да саз балшықтан жасалған деген деректер тамтұмдап кездеседі. Бұл Құдайдың «адамды өзіме ұқсатып жараттым» дегенін еске салады. Бұл адам баласының Жаратушыға еліктеуі. Бұл адамзат тарихындағы ең Ұлы жетістіктің бірі. Адамзаттың ойлап тапқан ең ұлы бұйымы. Жаратысқа еліктеу - ұлылыққа, бүтіндікке, құдаи эстетикаға еліктеу деген сөз. Жасампаздығының көрінісі адам үмметінің. 

Демек, осындай адамзат жаратылысымен кіндіктес тереңнен кіре тартқан қуыршақ театрының көтерер жүгі ауыр. Жауапкершілігі де.