Weekend

Қазақстандағы ең ірі 7 су қоймасы

Суды сақтайтын орын

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

 

Су қоймасы - суды тоқтатуға, жинақтауға және суды сақтауға арналған, өзендер алаптарында түзілген, су тірегіш ғимараттармен бекемделген, едәуір сыйымдылықтағы жасанды бөген. Бүгін сіздерге Қазақстандағы ең ірі су қоймалары туралы айтуды жөн көрдік. 

Бұқтырма

Ауданыкм2 : 5500

Пайдалануға берілген жылы: 1967

Ұзындығы: 600 км

Ені: 40 км

Тереңдігі: 80 м

Бұқтырма бөгені - Ертіс өзенінде, Шығыс Қазақстан облысы аумағында, Қалба, Нарын, Күршім жоталары аралығында орналасқан Қазақстандағы ең ірі бөген.

Бұқтырма бөгенін толтыру 1960 жылдың сәуір айында басталып, 1962 жылы Ертіс өзенінің суы Зайсан көлімен қосылған соң біртұтас су айдынына айналды.

Суының көлемі 49,6 км3. Бөгеннің құрамына Қара Ертіс өзенінің атырауы, Зайсан көлі, Ақ Ертіс өзенінің бір бөлігі (бастауынан Серебрянск қаласына дейін), Бұқтырма, Нарын өзендерінің төменгі ағысы кіреді. Су деңгейі мамыр айының бас кезінде көтеріле бастайды да, тамызда ең жоғарғы биіктігіне жетеді. Қыркүйек айынан сәуірге дейінгі мерзімде су деңгейінің көп жылдық ауытқуы 5,0 м-ге жетсе, маусымдық тербелісі – 1,3 – 3,8 м аралығында болады. Суы тұщы. Минералдылығы 0,05 – 0,14 г/л, жұмсақ, химиялық құрамы – гидрокарбонатты кальцийлі.

Бөгенде фитопланктонның 280, зоопланктонның 260 түрі кездеседі. Сазан, Табан балық, көксерке, түрке балық (омуль), шармай, ақ амур, бақтақ, т.б. балықтар өседі. Жылына орта есеппен 8 – 9 мың т балық ауланады. Бұқтырма бөгеніндегі Өскемен, Бұқтырма су электр станциялары Шығыс Қазақстан облысының аудандарын электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Көктемде бөгеннен жіберілген су Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының жүздеген мың га егісі мен шабындықтарын суландырады.

Қапшағай

Ауданы км2 : 1847

Пайдалануға берілген жылы: 1970

Ұзындығы: 187

Ені:23

Тереңдігі: 43

Қапшағай бөгені — Іле бойында, Алматы облысы Қапшағай қалалық әкімдігі аумағы және Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары жерін қамтиды. Қапшағай су электр станциясына байланысты салынған. Қапшағай бөгенінің суға толтырылуы 1970 жылы басталды. Шарасының жоспарлы сыйымдылығы 28 км3. Су жиналатын алабы 113 мың км², жағасының ұзындығы 430 км. Бөгеннің солтүстік жағасы құмды-малтатасты, едәуір бөлігі биік және тік жарлы, оңтүстік жағасы аласа, жайпақ, құмды, саздақты келеді. Бөгенде балықтың 26 түрі (ақмарқа, мөңке, тұқы, табан балық, т.б.) кездеседі, олардың ішінде 16 түрінің кәсіптік маңызы бар. Жылына 2 мың тоннадай балық ауланады. Бөген суымен 450 мың га-дан астам жер суғарылады. Онда күріш, бақша дақылдары егіледі. Сонымен бірге шабындық және жайылым суландырылады, Қапшағай қаласының кәсіпорындары пайдаланады.

Шардара

Ауданы км2 : 900

Пайдалануға берілген жылы: 1968

Ұзындығы: 48

Ені: 20

Тереңдігі:26

Шардара бөгені — Шардара, Мақтаарал, Сарыағаш аудандары жеріндегі ірі жасанды су айдыны. Сырдария өзеннің арнасына салынған. 1968 ж. бөген шарасы суға толтырылды. Суының мөлшелері 5200 млн. м3, су жиналатын алабы 174 мың км2. Бөген Сырдария өзеннің ағынымен және қар, жауын-шашын суымен толығады. Шардара бөгені арқылы жалпы 394,0 мың га жер суарылады (оның ішінде 105 мың га күріш егістігі).

Көксарай

Ауданы км2 : 460

Пайдалануға берілген жылы: 2011

Көксарай су қоймасы — Оңтүстік Қазақстан облысында Сырдария өзенінің оң жақ жағалауында, Шардара су қоймасынан 160 километр төмен, Көксарай ауылының оңтүстігінде орналасқан су қоймасы. 2008—2011 жылдары салынған. Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы елді мекендерді су алу қауіпінен қорғауға және қыс айларында Шардара СЭС да өндірілетін электр энергиясы қуатын 20-25 %-ға арттыруға ықпал ететін нысан.

Сергеев

Ауданы км2 : 117

Пайдалануға берілген жылы: 1969

Ұзындығы: 75

Ені: 7

Тереңдігі: 20

Сергеев бөгені— Солтүстік Қазақстан облысындағы бөген. Есілдің абсолюттік биіктігі 125—150 м-лік жазық өңірден өтетін орта бөлігіндегі аңғарында, 1969 жылы іске қосылған. Сергеевка қаласынан бастап, оңтүстікке қарай 75 км-ге созылған, сыйымдылығы - 695 млн. м3. Жағасының ұзындығы 264 км. Бөгенге Иманбұрлық өзені құяды. Есіл суын тиімді пайдалану мақсатымен салынған. Облыстағы негізгі астықты өңірлердің экономикасында бөгеннің маңызы зор.

Қаратомыр

Ауданы км2 : 92

Пайдалануға берілген жылы: 1965

Ұзындығы: 72

Ені: 4

Тереңдігі: 16

Қаратомар бөгені, Қостанай облысы Қашар ауданында орналасқан. Бөген Соколов, Сарыбай, Қашар, т.б. темір кентас орындарын игеру кезінде іргесі қаланған. Рудный қаласын сумен қамтамасыз ету мақсатында 1966 жылы салынған.

Самарқан

Ауданы км2 :       82

Пайдалануға берілген жылы: 1941

Ұзындығы: 25

Ені: 7

Тереңдігі: 12

Самарқан бөгені (Теміртау бөгені, Нұра бөгені) — Нұра өзен аңғарында, Қарағанды облысы Осакаров аудан жерінде. 1941 ж. іске қосылған. Бөгеннің су жинайтын алабы 11500 км2. Шарасы қалың құмды-малтатасты шөгінділерден, саз және саздақтан түзілген. Түбі тегіс, батыс жағына қарай еңкіштеу келеді. Солт-нің көк желекті жағасы демалыс орнына айналдырылған. Батыс жағалауы Теміртау қаласының шетіне тиіп жатыр. Солт. жағалауында Сарымсақ, Қарабұйрат қоныстары жайласқан. Бөгенге Ертіс — Қарағанды каналының суы Нұра өз. арқылы ауық-ауық қосылып отырады. Бөген деңгейінің жылдық өзгерісі 2 м шамасында. Суы мөлдір, минералдылығы 0,7 — 1 г/л. Бөген суын Қарағанды, Теміртау қалаларының өндірістік кәсіпорындары пайдаланады.