Білім және ғылым
Көк Тәңіріне табынып, көк бөріні қасиет тұтатын түркі халықтары ғасырлар тоғысында өз тамырын тереңге жайып үлгерді. Олар турасында біз не білеміз?
Б.з V-XIII ғасырлары аралығында өмір сүрген бұл халықтың көненің көмбесінде жатқан құпиясы көп-ақ. Қазақстан тарихында елеулі орын алатын түркі әлемі жаһандық аренада да беделге ие. Олай айтуымыздың бірден-бір себебі - Көк түріктен тараған ұрпақтың көк аспан астында кең етек жаюы.
Бүгінде Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркия халықтары осынау түркілердің негізгі ұрпағы болып саналады. Ұлт болып жеке даралану үрдісі қола дәуірінде-ақ жүзеге асып қойғанымен, әлі күнге дейін жібін үзбей, тамырын тартпай жалғасқан ұқсастықтары аз емес. Ендеше, саралап көрелік.
Бірінші ұқсастық: тілдерінде. Түркі тілдері бірнеше тармаққа, 40 нақты тіл тобына бөлінген. Олардың әрқайсысы өзара ұқсас, дыбысталуы мен жазылуында қандай да бір өзгеріс байқалғанымен, түбі бір, түсінуге оңай болып келеді. Бұл орайда, қазақ тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына кіретінін айта кеткеніміз жөн.
Екіншіден, ұлттық ойындары. Мысалы, көшпелілердің негізгі ойыны саналатын күрес- Орта Азия, Орал-Еділ, Анадолы, Кавказ аймағында «гүрәш» ретінде танымал. Ұлтымыздың болмысын қалыптастыруда үлкен рөл атқаратын «көкпар» тартысы қырғыздарда «көкбөру», өзбектерде «көпкари», немесе «оглак» деп аталады. Аталғандардан бөлек, алтыбақан, тоғызқұмалақ, ақтерек сынды ойындар да туыстас халықтарда кездеседі. Атауы мен құрылысы жағынан біздің ойыннан өзгешеленуі қалыпты нәрсе. Дегенмен, жоғарыда аталған ұлттық ойындардың кең тарауы- олардың түркі жұрты үшін ортақ қазына екенін айғақтайды.
Түркіден тараған бүгінгі мемлекеттердің басым көпшілігі Ислам дінін ұстанып келеді. Тарих беттерінде кейінге шегінсек, бұл халықтардың Тәңірге сыйынып, Ұмай анаға ғибадат еткенін біле аламыз. Ал біз айтып отырған үшінші ұқсастық- түбі бір түркілердің бүгінгі таңда да ортақ бағытқа бет бұрғандығы.
Фольклордың тектеріне қарай сараласақ, халық прозасы, халық поэзиясы, халық драмасы тұрғысында да өзара ұқсастық байқалады. Көнеден жеткен аңыз-әпсаналардың, адам, жаратылыс, өмір қағидаларына негізделген ертегі сюжеттері де түркі халықтарындағы фольклорға ортақ. Көп жағдайда әдеби туындылардың желісі өзгергенмен, негізгі ойы сақталып отырған. Бір ғана мысал: «Көк Бөрі» дастаны жаһан жұртына бірнеше нұсқада тарайды. Десе де, оқиғаның мәні, аңыздың негізгі ойы- түркілердің бөріден тарағандығы өзгермеген. Бұл тұста тағы бір ұқсастықты байқаймыз. Ол- түркі әлемінің бөріні тотем етуі. Осы тұста Сүйінбайдың рухты жырын тілге тиек еткіміз келіп отыр.
«Бөрілі байрақ астында
Бөгеліп көрген жан емен!
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен!
Бөрілі найза ұстаса,
Түйремей кеткен жан емен!
Бөрілі байрақ құласа,
Күйремей кеткен жан емен!
...Бөрі басы - ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым!».
...Атап-айтпай кеткен ұқсастықтардың толып жатқанына шүбә жоқ. Қалай болғанда да, түркі дегенде түбіміздің бір екені, туыстас екеніміз ақиқат. Тілі, діні ұқсас бұл халықтардың заманауи саясат аренасында да бас қосып, етек жиюы - бауырластықтың нышаны емей, немене? Ендеше, б.з.д 3000-4000 жыл жүріп өткен тарихы бар түркі ұрпағы бауырмалдық пен қайсарлықты ту етіп, жасай берсін деген тілек бар.
Мадина ОҚАС