Weekend
«Мазмұндама» қоры: «Мақсатымыз - қазақ мазмұнын арттыру»
Шыңғыс Мұқан шара барысында «Мазмұндама» қорының негізгі мақсаты мен міндеттерін, әлемдік бестселлерлерді аударуға қалай кіріскендіктерін айтып өтті. Сонымен қатар таныстырылымы өтіп жатқан әрбір кітапқа қысқаша тоқталып, ол кітаптардың сөлін алып, аңдатпа ретінде ұсынды.
Таныстырылымы өткен 3 кітап та «әрбір адам оқуға тиіс 10 кітап» сериясы аясында шығарылды. «Менеджер» кітабы - өзіңді, команданы, отбасын, уақытты басқару, бір сөзбен айтқанда, басқаруға қатысты дағдыларды бойға сіңіре отырып, оқырманның бойына менеджерлік қасиеттерді сіңіру мақсатында 10 кітаптан мазмұндалып, жарыққа шықты. «Көшбасшылық» - Лидерлікке тәрбиелейтін бұл кітапта көшті бастайтын адамның қандай болу керектігі толығымен айтылды. «Кемел» кітабында автор мотивация мен психологияны ұштастыра білген. Бұл - адам баласын алға жетелейтін шетелдік кітаптардың мазмұнының жиынтығы.
Жиын аясында кері байланыс орнап, көрермендер спикерден сұрақтарына жауап ала алды. Автордың ерекшелігі – аудиториямен тығыз байланыс жасай алуында болды. Тыңдарманға сұрақ қойып, ойландыру арқылы өз ойын дәлелдермен жеткізуі – Шыңғыс Мұқанның жетістігі ретінде көрінді.
«Қордың негізгі мақсаты – қазақ мазмұнын арттыру. Қазақ тілін сақтап қалу үшін, қазақ мазмұнын арттыру қажет. Қазақ ұлтын бәсекелестікке қабілетті ету үшін, адамдарды қазақ тіліндегі сауатты мазмұнмен қамтамасыз етуіміз керек», - деді ол.
Сонымен қатар Шыңғыс Мұқан «Мазмұндама» қорының бағдарламаларына да тоқталды.
«Қордың бағдарламалары негізінен екіге бөлінеді. Біріншісі, таза мазмұндамамен айналысатын болса, екіншісі, кітапты толығымен аударады. Бұл жобаны «қазақша 100 бестселлер» деп атадық. Әлемде көп оқылған, халықаралық бестселлерлерге иек артып отырмыз. Қазақтың балалары әлемдік кітаптарды өзге тілде емес, өз тілінде оқысын деп аударма ісіне де білек сыбана кірістік. Бір жағынан аударма ісі дамиды».
Университет қабырғасында ойға алған жобасын Шыңғыс Мұқан бүгінгі таңда жүзеге асырып отыр. Бозбалалық шақтағы бір арман «Мазмұндама» қорын ашуға жетеледі. Қазақ мазмұнын қалыптастырамын, әрі қарай дамытамын деген автордың басқа да ойға алған жобалары жеткілікті.