Қоғам

Туған жерім -Кепебұлақ

Қар астында туған жер, дала жатыр, Арманым аспан тауға бара жатыр. Сен туралы жыр жазам тебіреніп, Күмәнданба сен оған қара да тұр. Жүгіргенмін талай-талай бөктеріңде, Мүмкін бе сені ұмытып кетерім де? Туған жер, құшағыңда жүрсем-дағы Сағынып жетем сенің көктеміңе!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жұдырықтай жүрегім кеудеме сыймай атқақтап тулап барады. Туған жер туралы толғаныстарым жыр нөсері болып құйылатын секілді. Сөз нөсерін төгейінші ендеше...

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық сипаттағы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Өз сөзінде Мемлекет басшысы «Қазақ, Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған.

«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, өзені мен тауы тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ білуі тиіс»,- деп атап өтті Елбасымыз.

Ауылымыздағы Еңбек және соғыс ардагері, елу жылға жуық ұстаздық еткен Асрандин Шәріп – менің атам. Атамның көнетоз, қалың қолжазба кітапшасын парақтай отырып, талай сырға қанық болдым. Солрдың бірі- Кепебұлақ өңіріндегі жер-су атаулары туралы деректер еді.

Кепебұлақ!

Кепебұлақ өзені! Кепебұлақ ауылы! Кепебұлақ тауы!

Ауыл да, өзен де, тау да Кепебұлақ деп аталады. Неге? Неліктен Кепебұлақ деп аталған? Әуелі осыдан бастайын сөз басын.

«Ауылым тұнған тарих» демекші, Кепебұлақтың әрбір тасы да, құмы да, сай-саласы да – ғасыр сырын шертетін тұнып тұрған шежіре. Соның бірі –Кепебұлақ атауы. Кепебұлақ тауында арналар көп. Сол арналардың бірі- Секіртпе деп аталады. Сол Секіртпенің басында Кепе деген бай адам мыңғырған малымен, қора-қора қойымен жыл сайын жайлайды екен. Ол кезде бүгінгідей малдарды түрлі аурулардан сақтайтын дәрілер жоқ. Кепе бай қойын жазда сол суға бірнеше мәрте тоғытып алады екен. Бұл судың қасиеттілігі сол мал қышымы,қотыр секілді аурулардан аман қалады деседі. Сонымен бірге ол кезде қазақтар қол өнермен киіз,текемет сияқты төсеніш бұйымдарын түрлендіріп, жасайтын болған. Бұлақтың суына тоғытылған кепе,тоқты,қойдың жүнін жумай-ақ пайдалана беретін болған. Өз малын бұлақ суына ғана шомылдыратын Кепе байдың бұлағы келе-келе «Кепебұлақ»  деп аталып кеткен. Сол Кепе байдың бұлағы Секіртпеден секіре-секіре жолындағы шағын бұлақтардың суын өзіне қосып отырып, бүгінгі Кепебұлақ аталған ауылдың шығыс беткейіндегі шағын өзекшені қуалай ағып, ауылды басып өтеді. Сондықтан осы өзен жағасына Ұлы жүзден тарайтын Қайыпберді,Бесшал, Сексен балалары мекендеп, ауыл Кепебұлақ деп аталып кеткен екен.

«Әркім өз лағын текешік қойады» демекші, өзен деуге келмесе де,өзімізге Іле дария болып көрінетін қасиетті Іле өзенін бетке ала ағатын бұл су жол-жөнекей өзіндік тарихы бар « Отра қоныс», «Бұрған сай», «Бес қарағай», « Құштайырдың тамы» атты жерлерді басып өтіп,Кепебұлақ ауылын су тапшылығынан құтқарып, қара даланы қақ жара ағады.

Кепебұлақ өзені тасығаны,

Жетемін деп Ілеге асығады.

Ес білгелі келеді екіне ағып,

Қашан ғана тынады қосылады?

Алдында оның созылған қара дала,

Соны басып Ілеге бара ала ма? - деп Нүсіпбек ақын жырлаған Кепебұлақ өзені-осы өзен.

Жалпы, Кепебұлақ өңірінде көптеген жер-су атаулары бар. Бәрінің аталу тарихы өз алдына бір дастан.

Міне, оқушылық өмірді артқа тастап, ересек өмірге қадам басқалы отырған өмірлік белесімдегі үлкен арман-мақсатым туған жерімді көркейту, елімнің баянды бақыты үшін жан аямай еңбек ету деп білемін.

Туған жерді біздер, жас ұрпақ сүймесек, оның ертеңі не болмақ?

Туған жер туралы толғанысымды Кепебұлқтың киелі де,қасиетті топырағынан жаралған, жақында ғана мектебімізге есімі берілген, Республикамызға танымал ақ иық ақын Нүсіпбек Исахметовтың өлеңімен аяқтамақпын.

Армысың, ардақты ауыл – Кепебұлақ,

Өзіңнен мен қалайша кетем жырақ,

Өзіңнен өмір бойы өлең алып,

Өзіңді өле-өлгенше өтем жырлап.