Weekend

Миды босат: Психосоматика жайлы не білеміз?

Ауру-сырқаудың пайда болуына кейде вирус пен бактериялар әсер етпейді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жылдар бойы адамның асқазаны түйіліп ауыруы мүмкін. Қанша анализ тапсырса да, бәрі жақсы, бәрі дұрыс. Дәрігерлер «ауру емессіз!» деп шарасыздықтан қол сілтейді. Неден ауырып жатқанын білмегендіктен адам да беймаза күй кешеді. Мұндайда психосоматика деген теория барын еске салғымыз келеді. Теорияға сенсек, ағзадағы ауру эмоционалдық жай-күйімізге тікелей байланысты.

Психосоматика деген не?

«Psychosomatic» грек тілінен аударғанда «psycho» (жан) және «soma, somatos» (дене) деген екі түбірден құралады. Бұл медициналық термин 1818 жылы пайда болған. Оны ойлап тапқан неміс психиатры Иоганн Хайнрот. Хайнроттың сөзіне сенер болсақ, естен кетпейтін немесе пациенттің өмірінде қайталана беретін көңіл-күйді түсіретін жағымсыз эмоция жанды жегідей жеп қана қоймай, физикалық тұрғыдан әлсіретеді. Бәрін ойлап тапқан Иоганн Хайнрот десек қателесеміз. Иоганн өмірге келмес бұрын атақты грек философы Платон жан мен дененің біртұтастыңы туралы идеяларды айтып кеткен. Аюрведаның авторлары да, шығыс медицинасының дәрігерлері де осы принциптерді ұстанған.

Хайнроттан кейін психосоматика идеясын қолдаған екі атақты психиатр болған. Олар Зигмунд Фрейд пен Франц Александер. Екеуі де айтылмаған, іште қалған реніш, өкпе, ыза күндердің бір күні сыртқа дерт күйінде шығатынына сенімді болған.

Ауру түрлері және эмоция

Фрейд пен Александерден кейін психосоматикалық теорияны зерттеуге деген қызығушылық жаңа заман ғалымдарында да пайда болады. Сөйтсе, бірдей ауруға шалдыққан адамдардың мінез-құлқы, темпераменті ұқсас болып келеді екен. Олардың белгілі жағдайға деген танытатын реакцияларды да бірдей болып шыққан. Мысалы, онкоауруларға шалдыққандардың дені өз эмоциясын білдіртпейтін, іштегі ашу менен ренішін шығармайтын, бірнәрсеге өкінгеннен құлазып, жалғыздықтың азабын тартатындар. Арқасы ауыратындарды бақылауға алса, көбі бәріне жаққысы келетін, пайдалы болғысы келетін, сөйтіп бүкіл ауыртпашылықты өз мойнына жүктеп алатындар қатарынан екен. Олар өздерін өзгелер үшін құрбандыққа шалуға дайын тұратын көрінеді. Жақындарының жағдайын көп ойлағандықтан өз өмірін екінші кезекке қояды да өзімен-өзі арпалысып, өз-өзіне көңілі толмай өтеді.

Асқазан-ішек жолдары ауыратын науқастардың көбісі өздеріне де, өзгелерге де жоғары талап қойғыш жандар. Олардың көңілі ешқашан толмайды. Сәтсіздікке ұшыраса, сол жаман ойды «қорыта» алмай, одан арыла алмай, ақыры сол эмоциялардың барлығы асқазанның жарасына айналып шыға келеді.

Оқи отырыңыз: Баланың температурасын басудың 10 амалы

Негізгі эмоциялар

Психосоматикалық теория негізгі 5 эмоциядан құралады:

ашу-ыза

қорқыныш-үрей

қайғы-мұң

қызығушылық

шаттық-қуаныш

Алғашқы үшеуі ағзаға кері әсерін тигізеді. Адам ызаланса, қорықса, қайғырса, «қысу» механизмі іске қосылады. Керісінше, қызығушылық танытса, қуанса, жүрек секіріп кетердей болады.

Жағымсыз эмоцияларды жанымызға жуытпау мүмкін емес. Ашуланбайық, қайғырмайық, уайымдамайық десек те, сезімімізге ерік береміз. Мұнымыз дұрыс. Себебі ашуға булыққан адам ұзақ уақыт бойы шеше алмай жүрген мәселенің нүктесін қоя салады, айта алмай жүргенін айтады. Сол арқылы өз өміріне қатысты маңызды шешім қабылдайды. Қорыққан адам ең алдымен өзін ойлайды. Бұл да керек сезім. Ал, уайым болса, жылап-сықтау арқылы шерден арылуға, өткен-кеткенге талдау жасау арқылы өмірге басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді.

Психосоматикалық теорияны қолдайтындардың ойынша бар бәле жағымсыз эмоцияда емес. Мәселе – ол эмоциялардың сыртқа шықпауында. Кез келген эмоция сыртқа шықпаса, ауруға душар етеді. Мысалы, ашуымызды көрсетпесек, ол ренішке айналады. Ал, реніш жанымызды жегідей жеп, бір күні қатерлі ісік болып шыға келеді.

Ауру-сырқаудың пайда болуына кейде вирус пен бактериялар әсер етпейді. Ғалымдардың есебінше, 32-40% жағдайда дертке душар ететін стресс, жан азабы және ішкі конфликт.

Не істеу керек?

Әр адамның әртүрлі темпераменті бар. Біреуіміз қызу қандымыз, енді біріміз сабырлымыз. Қандай темпераментке жатсаңыз да, эмоция шығарып үйренген абзал. Психосоматикалық ауруды дәрінің көмегімен емес, психотерапияға жүгіне отырып емдеуге болады. Арнайы маманға жүгінсеңіз, ол сізге эмоция басқаруды, ашық болуды үйретеді. Сонымен қатар спорт та адамның жанын емдейді. Жай ғана серуендесеңіз де, бокспен айналыссаңыз да, таңертең жүгірсеңіз де жаныңыз жадырап қалады.

                                                                                                                                                 balbal.kz