«Күләй әжеміз 1921 жылы Мырзашөл аймағында түйешінің отбасында дүниеге
келді. Бала болып ес білген тұсы ашаршылыққа тап келді. Одан кейін нәубет
жылдар, қыз болып бой түзегенде соғыс басталды. Соғыс кезінде ауылда қалған
арбакешке күйеуге тиді. Махаббатың мауқы басылмай миллиондаған өзі сынды қазақ
әйелдеріне қосылып тылдың ауыр жүгін арқалады. Хош, сонымен соғыстың соңғы жылы
тұңғышын, 65-ші жылы 8 баласын дүниеге әкеліп үлгерді. Некеге де сол жылы
тұрды. Алғаш рет ақшаны да сол жылы көзбен көріп, қолға ұстадық дейді Кеңес
Одағы халықты түгендеп, шаруаларды паспорттау жүйесін 1974 жылы ғана қолға алғаны
белгілі. Апамыз қызыл паспорт алып үлгерді, ал атамыз қолына паспорт тиген
жылы, зейнетке шықпай қайтыс болды.
Ары қарай не болды дейсіз ғой? Апамыз көшіп-қонып жүріп, ол паспорттың
қайда екенін білмейді. Нәтижесінде бүгін 99 жасқа келсе де құжатсыз әрі
зейнетке шықпаған.
Сталиннің бұйрығымен электр энергиясын үнемдеп айдың жарығымен мақта теріп,
22 шақырымға созылған Киров каналын қолмен қазып, күн түн демей бүгінгі
ұрпақтың амандығы үшін тер төккен әжей өкінішке орай санда да сапада да жоқ.
1 ғасыр жасаған ананың адал еңбек, маңдай терін кім өтейді?
Бұл қалай болды? Тәуелсіздік алған 30 жылдан бері қанша сайлау, қанша санақ
өтті? Биыл тағы өтеді. Оған бюджеттен 8,2 млрд теңге бөлінген. Осыған дейінгі санақтың 700млн теңге Мешімбаеваның
қалтасында кеткені белгілі.
Сонда деймін-ау, осыған дейін Түркістан Облысының Полиция Департаменті
қайда қараған?
Айтпақшы, Күләй әжемізден 8 бала, 40 немере, 39 шөбере, 7 шөпшек тарайды»,
- дейді ол.