Weekend

Морио Кита: «Таң шапағы»

Фантастикалық новелла

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

– Әлі қараңғы ма? Аспан ағармады ма? – деп ауыр күрсінген қария қинала сұрады.

Неткен ұзақ жылдар... Уақыт та ұзаққа созылды.

Бірақ қария осы жолы демінің аяқталуға таяғанын сезді. Шал бұған даяр. Ол өзінің міндеттерін жаман атқармады. Жалғыз, бірақ жаман емес. Шындығында жалғыз... жалғыз емес болатын.

– Сыртта әлі қараңғы ма? Түнек тарқамап па? – деп шал қайыра сұрақ қойды.

– Әзірше жоқ. Бірақ бір сағаттан таң ататын шығар, – терезе сыртындағы қою қараңғылыққа көз салған жолдасы сыбырлай жауап қатты. – Егер сізді қараңғылық қажытса от жағайын.

– Жоқ, керегі жоқ, Дзиро. Мен өз көзіммен таң шапағын көргім келеді.

– Бұнда түндер өте ұзақ, –  деді Дзиро. – Ал қараңғыны ұнатпайтын сізге мүлде ұзақ көрінеді.

– Оның бәрі далбаса, Дзиро. Тек бүгін ерекше түн. Мен туған өлкеде бұл түнді жаңа жылдық деп, ал, атар таңды – Жаңа жыл таңы атайды.

– Жаңа жыл? – Дзиро шиқылдай сұрап үнсіз қалды.

– Иә, Жаңа жыл! Бұл саған түсініксіз, білем. Бірақ, ол маңызды емес, мен тек, сенің тыңдағаныңды қалаймын! Қарашы, Дзиро, әр жыл – біздің өміріміздің бір бұтағы. Жыл өтеді, жаңасы келеді, сөйтіп бір жылға есейіп отырамыз. Сөйтіп өте береді, әбден қартайғанша, мен сияқты...

Қария ұзақ үндемеді. Сосын сөзін жалғастырды:

– Бірақ бұрын бір кезде мен өте жас болдым және бір жасқа есейгеніме қуанатынмын. Мен бір қызды сүйдім... Ох, оған қанша уақыт өтті. Ол да мені сүйетін. Иә, біз жас болдық, тіптен жаспыз. Сәби едік қой... Дзиро, естисің бе?

– Иә, тыңдап отырмын, бірақ толық түсінбеймін.

– Түсінуің шарт емес, тек тыңдашы. Сондықтан да тезірек есейсек дедік. Біз әр ескі дыл өтіп, жаңасы басталғанда қуанатынбыз. Жаңа жыл түнінде үйден білдірмей шығып, бақта жолығатынбыз. Сөйтіп жаңа жыл күнінің шығуын күтетін едік...

– Жаңа жыл күнін?

– Дзиро, байғұсым-ай, сен ештеңе түсінбейсің, бірақ бұның саған ешқандай қатысы жоқ. Сен тек тыңдашы, тыңдашы, Дзиро!.. Оның қандай болатынын білесің бе? Алдымен – түн – аспан қара бояу секілді қап-қара, ал жұлдыздар ірі-ірі әрі жарық. Сосын жұлдыздар бозара бастайды. Содан кейін шығыста, тап көкжиекте жіңішке жарық жолақ пайда болады, жүрегің де жарыққа кенеле береді... Міне, осынау жарықты біз әр кез сайын күтетінбіз... Ақыры жұлдыз біткен сөніп, көгілдір-боз аспанға жаңа жыл күні көтерілгенде, біз бір-бірімізге күлімсіреп, үйге қайтатын едік. Бірде ол маған былай деді: «Енді бір рет жаңа жыл күнін қарсы алған соң, бірге боламыз, барлық кезде бірге...» Сен естисің бе, Дзиро?

– Иә.

Шалдың даусы үзіліп қалды. Дзиро біртүрлі дыбысты естіді, шамасы шал жылап жатты.

– Дзиро, сен түсінбейсің бұны... Сен ешқашан ештеме түсінбейсің... Ол қайтыс болды...

Дзиро үнсіз абыржыды.

– Бұл тым қайғылы оқиға, Дзиро. Тым қайғылы, әлемдегі ең қайғылы... Сүйген адамыңның қазасынан өткен ащы ештеме жоқ... Негізі сен бұны түсіне алмайсың.... Сондықтан да мен осында келдім. Шыдау мүмкін емес қайғыдан қаштым. Әр түні елу сағатқа созылар өлкеге бездім...

– А-е... – Дзиро оқыс сөйледі. – Көкжиек үстінде жарық көрінді. Шамасы таң атып келеді.

Шал көтерілмек болды, бірақ қинала жөтеліп жастыққа қайта құлады.

– Дзиро, кешір, өзім тұра алмаймын. Демеші мені.

Дзиро көмектесті.

– Рахмет, Дзиро! Сен адал да ұзақ қызмет жасадың... Иә, шығыс жақ аспан ағарғаан секілді, бірақ менің жанарым тұманданып барады. Айтшы, түнек тарай бастап па?

– Иә.

– Аспанда алтын арай ойнады ма?

– Иә.

– Бұлттардың түсі қызғылт та мөлдір ме?

– Иә, айналаның бәрі қызарып барады.

Шал қостай басын изеді.

– Жақсылық тілеймін саған, Дзиро. Енді мені дұрыстап жатқызып қымта. Маған суық...

Шал көздерін жұмып жатып жатыр. Ол не қозғалмады, не күннің шыққан-шықпағанын сұрамады. Жұзіне сабырлы тыныштық тұныпты.

Дзиро оның жанында кішкене тұрып, есікті ашты да сыртқа шықты. Жаңа жыл күнінің шапағы жерден өлшеусіз қашықтықтағы ғаламшар жүзіне шалынды. Үй шатырында қызғылт сәулелер ойнап тұр.

Күннің жарық сәулесінен Дзироның металл кеудесі жарқ етті. Махаббат пен өлім дегенді көрмеген байғұс робот, қожайыны ғарыш тұңғиығын алғаш жүріп өткендердің біріне сенімді де шыншыл қызмет еткен болат қару тасушы, әлде электронды миының бұйрығымен болар, шелекті алып, соқпақпен етектегі бұлаққа бет алды. Бірақ енді суды ішетін ешкім жоқ...

Тәржіман – Мәди АЛЖАНБАЙ