Қоғам

Қоғам қалай қалыптасады?

Ал сіз бұл сұраққа ойланып көрдіңіз бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қоғам толық қалыптасуы үшін өте ұзақ уақыт керек. Мысалға, қазіргі өркениетті қоғамда өмір сүретін адамдардың көпшілігі неліктен бір-бірін көргенде қолдарын беріп амандасады? Бұл да біз үшін әлі жұмбақтау құбылыс. Кез келген адамнан сұрасаңыз барлығы жауап беретініне кепілдік жоқ. Жауап берсе де, көбісінің жауабы бірдей болмайды немесе мифологияға сүйенумен шектеледі. Яғни, неліктен қол алысып амандасатындығымызды нақты түсіндіріп беретін адамды таба алмаймыз. Ол қоғамда солай қалыптасқан.

Африкада мурси атты тайпа мекендейді. Ол тайпада қызық бір ғұрып бар. Бұл ғұрып бойынша, тайпа мүшелерінің еріндеріне тәрелке кигізіледі. Салт бала кезінен бастау алады. Баланың әжесі немесе анасы оның астыңғы жағының төрт тісін жұлып, астыңғы ерінін теседі де, оған тығын тығып қояды. Жара жазылған соң тығынды алып тастап, одан да үлкен тығын тығады. Осылай диаметрі 4 сантиметр болғанша жалғастыра береді. Содан соң сол ерніндегі тесікке қалағанынша тәрелке салып жүреді. Бұл ғұрып неге керек екендігін мурсиліктердің өздері де білмейді.

Жан жағымызға қарасақ осындай түсініксіз әдеп-ғұрып, салт-дәстүр, ырым-жоралғылар жетерлік.

Қоғамның қалыптасуы жайында бұрыннан келе жатқан бір тәжірибе бар. Жаңағы жағдайларды біз неге түсіндіре алмағандығымызды осы тәжірибе көрсетіп бере алады. Ғалымдар 5 маймылды торға кіргізді. Тордың ортасына саты қойып, төбеден бананды жіппен іліп қояды. Тордағы маймылдардың бірі бананға ұмтыла бергенденде, ғалымдар тордағы жануарларға мұздай салқын су шашады. Барлығы шошынып шетке қарай қашады. Су тоқтайды. Сәлден кейін екінші маймыл бананды алып жегісі келеді. Тағы да жағдай қайталанып, тордағы маймылдардың бәрі мұздай судың астында қалады. Жан жақа бытырай қаша жөнеледі. Келесі маймылдармен де солай болады. Бесеуі де ұмтылып, бес рет салқын судың астында қалады.

Бір кезде қарны қатты ашқан біреуі тағы ұмтыла бергенде, қалған маймылдар оны баспалдаққа жеткізбей ұстап, ары қарай жібермейді. Сосын ғалымдар тордағы маймылдардың біреуін басқа маймылға ауыстырады. Сырттан келген маймылдың бананды көріп, көзі жайнап кетеді. Баспалдаққа қарай бет қойғанында басқа маймылдар оны тырп еткізбей ұстап қалады. Бірнеше рет тырысса да ештеңе шықпаған соң, ол бананды алу мүмкін еместігін түсінеді. Содан соң екінші рет маймыл ауысады. Қонақ маймыл бананды алу үшін баспалдаққа ұмтылғанда, тағы да тордағы маймылдар мүмкіндік бермейді. Бәрі бірге оған шабуылдайды, әсіресе, бағанағы ауысып келген маймыл үлкен агрессия көрсетеді. Осылайша тәжірибе басында торда болған барлық маймылдың бесеуін де бір-бірлеп ауыстырып отырады. Тәжірибе соңында ешқашан мұздай судың астында қалмаған, тәжірибенің басында торда болмаған, бірақ ешкімге бананды алуға мүмкіндік бермейтін маймылдарды көреміз. Бұдан қандай қорытынды жасауға болады? Оны өздеріңізге қалдырдым, ал мен тек қоғам қалай қалыптасатындығы жөнінде түсіндіруге тырыстым.