Қоғам
Қылмыс - әлеуметтік эпидемия
Өткен ғасырдың соңғы ширегінде, дәлрек айтқанда, 1980 жылдары Нью-Йоркті барлығы «тозақ қаласы» деп атайтын. Бұндай атауға ие болуының себебі: қалада күніне ең кемі 1000-1500 қылмыс фактісі тіркеліп, оның ішінде 10-ға жуығы адамдардың қазасы жайлы болатын. Түнде қала араламақ түгілі, күндіз жаяу жүрудің өзі қауіпті тұғын. Метрода вагондардың көз көрер сиқы жоқ; аяқ асты толы қоқыс, шаң-шаң, әрең дегенде сарғайып жанып тұрған шамдар сол вагондарды жарықтандыратын. Ал ондағы граффитлерін көрсеңіз, толы боқауыз сөздер, ұятсыз суреттер, ешқандай тәртіп жоқ дерсің. Қалада тура бір қаһарлы қылмыстың эпидемиясы таралғандай болатын. Дегенмен, 10 жыл өткеннен кейін Нью-Йоркті құдды біреу сиқырлағандай, қылмыс саны күрт төмендеп кетті. Ауыр қылмыстар жартысына дейін азайса, ұсақ қылмыстар саны бұрынғысының 35%-дай-ақ болды. Сонда бұл сиқыршы кім болды, мыңдаған қылмыскерлерге тосқауыл қойған кім?
Бүкіл қаланың ғажайып «стоп-кранын» тартқан «Сынық терезе» теориясы болатын. М.Гладуэлл атты канадалық әлеуметтанушы өзінің кітабында осы туралы айтқан екен. Оның пайымдауынша бұл теория криминалистер Уилсон мен Келлингтің жемісі екен. Олардың ойынша қылмыс - тәртіптің жоқтығынан. Егер, терезе сынық болса, оны көрген тұрғындар айналадағы болып жатқан тәртіпсіздіктерге, тіпті, мемлекеттің түкіргені бар деп ойлайды және көп ұзамай қалған сау терезелердің бәрін сындырады. Яки, терезені сындырғаны үшін жазаланбаған адамды, бұл оданда үлкен қылмыстар жасауына түрткі болады деген емес пе.
М.Гладуэллдың өзі әлеуметтік эпидемияны бақылауменен айналысады. Оның ойынша, адамға қылмыс жасау үшін ата-ананың дұрыс тәрибе бере алмауы немесе қылмыстың генінде сақталуы, яғни тұқым қуалайтындығы ғана әсер етпейді, айналасындағы қоғамнан қандай көрініс көретіндігі де зор ықпалын тигізеді. Оның нидерландылық әріптестері де бұл сөзін қолдайды. Себебі олар мынадай бір қызықты тәжірибе жасап көріпті.
Дүкен жанындағы велосипед тұрағынан қоқыс жәшігін алып тастапты және қоқыс жәшігінің жоқтығын көріп қанша адам қоқысты жерге тастай саларын бақылау мақсатында, велосипед рөліне жарнама қағаздарын қыстырып қойыпты. Адамдардың 20-25%-ы қағазды жерге тастай салыпты, қалғаны өзімен әкеткен. Келесіде дәл осы тұрақ жанындағы қабырғаны былапыт сөздер жазылған граффитимен бояп және қоқыс жәшігін қайтадан алып тастайды да бақылайды. Қағазды жерге лақтырушылар көрсеткіші 70% жетті. Бұл тәжірибенің өзі біршама нәрсені аңғартатындай көрінеді. Бір ғана велосипед тұрағында жасалған тәжірибеге қарап барлық жағдайды пайымдауға болмайтындықтан, Нью-Йорктегі оқиғаны саралап көрейікші.
Қылмыс дәуірі. «Тозақ қаласы». 1980 жылы Нью-Йорктің метро басшылығы ауысады. Жаңа директор ретіде Д.Ганн тағайындалып, жұмысын метро қабырғаларындағы граффитимен күресуден бастайды. Басында қала тұрғындары Ганның бұл әрекетін құптамады, метрода граффитиден де басқа қылмыстардың көптігін, техникалық проблемалардың барын айтып шағымданатын еді. Д.Ганн метро вагондарына салынған суреттерді дереу жойып, жуып отыруға пәрмен береді. Егер, жуылып үлгермесе, ол вагондарды құрамнан мүлдем алып тастады. Яғни, граффити салынған, таза емес вагонды не қылғанда да халық көрмеуі тиіс еді. Қабырғадағы граффитилерді вандалдар оның кепкенін күтіп үш түн салатын. Ал, метро басшылығы салып болған бойда дереу өшіруге кірісіп, таңертең бәрі тап-таза тұратын.
1990 жылы қаланың транспорт полициясына жаңа басшы У.Браттон келеді. Ол да Ганның әрекетін негізге ала отырып, ұсақ қылмыстармен күресті жеделдетіп бастап кетеді. Оның жұмысы метроға билетсіз мініп кететіндерді құрықтауға бағытталған еді. Браттон транспорт полициясының басшылығына келген жылдары жасөспірімдер метроға кіретін турникеттерден секіріп, не күшпен жыға кіріп кететін еді. Бұны көрген қалғандары да жазаланбаймыз деп ойлап, олардың әрекетін қайталайды, нәтижесінде қылмыс саны көбейеді. Ал, Браттон болса олардың барлығын ұстап, полиция бөлімшесіне апарып тіркеп, саусақ таңбаларын алып, тіпті, айыппұл төлетіп жатты. Яғни шағын қылмыс жасағандарын тіркеуге алып, қайталаған жағдайда шара қолданатын.
Нью-Йоркке 1994 жылы жаңа мэр болып Рудольф Джулиани сайланады. Мэр транспорт полициясы болған У.Браттонды Нью-Йорк қаласы полиция департаментінің басшысы етіп тағайындайды. «Уикипедия» әлемдік ғаламтор энциклопедиясында Джулианиді «Сынық терезе» теориясын алғашқы қолданушы ретінде көрсеткенімен, бұл қате ақпар. Бірақ, Нью-Йорк қаласын АҚШ-тағы ғана емес, бүкіл әлемдегі ең қауіпсіз қалалардың бірі етуде Рудольф Джулианидың елеулі тер төккені күмәнсіз.
У.Браттон полиция департаментінің басшылығына барғаннан кейін кіші қылмыстармен күресті күшейтеді. Ешқайсысы кешірілмеді, ешкім жазасыз қалмады: қоғамдық жерде қоқыс тастағандарды, метроға билетсіз тегін кіргендерді, ұрлықпен айналысқандарды, тіпті, жүргізушілерден қайыр сұрағандарды да заң алында жауапқа тартты. Нәтижесінде «сиқыршы теория» өз жұмысын жақсы атқарып, қалада қылмыс жасаушылар санын күрт төмендетті. Нью-Йоркті тек АҚШ-тың емес, күллік жер жүзіндегі қауіпсіз қала эталонына, «жұмаққа» айналдырды.
Дегенменен, әлеуметтік теориялар барлық елде біркелкі, бірдей әрекет етеді дегенге ешкім сене қоймас. АҚШ тұрғындарының ділі, яғни менталитеті қазақстандықтардікімен бірдей емес қой. Бұның да шешімі бар. АҚШ-тағыдай заңның қауһарымен жүзеге асқан теорияны қазақстандық менталитетке дін, дәстүр арқылы сіңістіруге болады емес пе. Қайыршылар да діндегі садақа беру үрдісін өздерінің пайдасына қолданып отырған жоқ па? Құрбан айт мерекесі кезінде мал саудагерлерінің саудасы жүретіндігі секілді, «Сынық терезе» теориясын да социологтарға арнайы тапсырма беріп, дәстүр-діннің икеміне келтірсе болады ғой. Бұл теория көп қырлы: оны тек мемлекеттік, қоғамдық деңгейде ғана емес, отбасында бала тәрбиесіне, білім ордалары мен жұмыс орындарында да жүйлілікті сақтау үшін пайдалануға әден болады.
Есенбай Ізбасаров