Қоғам

Қоғамдық сананы қолдан жасау қалай жүреді?

"Овертон терезесі" теориясы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Адам баласының табиғаты өте қызық жаратылған. Ойлау қабілеті көбінесе салыстырмалы түрде жұмыс жасайды. Қабірде жатып көрмесек те келесі бір теория қазақтың «үш күнде қабірге де үйренесің» деген сөзіне амалсыз иландырады. Айтқым келгені, дүниедегі ең сорақы, тұрпайы деген ұғымдарды біраз уақыт өткеннен кейін жақтап шығару да болады екен. 

Мұны 1990 жылы америкалық социолог Джозеф Овертон өзінің есіміне берілген «Овертон терезесі» деген теориясымен нақтылап берді. Оның айтуынша, осы теориясының негізінде қоғамның ойларын қолдан жасап алуға болды, барлық азғындықтың түріне толеранттық танытатын сананы қалыптастыруға мүмкіндік бар. Сөздің қысқасы, азғындықты ақтап алу үшін Джозеф мырза айтқан алты терезеден өту керек.

Бұл теория аңқау қоғамды сол кезек-кезегімен кішірейе беретін терезелердің жақтауынан аспайтын ортаға сығалатып қояды. Адамның жан-дүниесін жалаңаштайтын қандай азғындықтар бар? Каннибализм, ЛГБТ(лесби, гей, бисексуал, транс), инцест, педофилия, қоқысқа бала тастау, суицид, тәнін жалаңаштаған қыздар, атеизм және тағы басқалары. Сонда, шынымен, осыларды ақтап, тіпті, заңдастыру деңгейіне шығаруға болады ма деп ойлап отырғандарыңыз көп шығар. Әрине болады, бұны батыс елдерінің тәжірибесі көрсетіп тұрған жоқ па? Оларда ЛГБТ-ның шерулері жиі болып жататынын өздеріңіз де теледидардан, әлеуметтік желілерден байқап жүрген боларсыздар. Қазақстан әлі ондай деңгейге жеткен жоқ(құдайға шүкір деп қояйық). Енді сіздерге «Овертон терезесі» теориясын егжелеп түсіндіріп көрейін.

Ақылға қонымсыз дүниені радикалдандырып, азғындықты түсіндіруге ұмтылады. Ақылға қонымды болған азғындықты танымал етіп, саясатқа араласады. Міне, осыған сәйкес, алты терезе – алты кезең. Бірінші терезе – «ақылға қонымсыз» кезең, екінші терезе – «радикалды» кезең, үшінші терезе – «азғындықты түсіндіруге ұмтылдырушы» кезең, төртінші терезе – «ақылға қонымды» кезең, бесінші терезе – «азғындықты танымал ету» кезеңі, алтыншы терезе – «азғындық саясатта» кезеңі. Дәл осындай ретпен жоғарыда айтылған кез келген азғындықты ақтап шығуға болады.

Бірінші терезе. Әлемдегі көптеген елдердің әлеуметтік проблемалары транссексуализмге келіп тірелетіндігі жасырын емес. Ешбір елде ондайларды оп-оңай қабылдап алған жоқ. Транссексуалдарды психикалық ауытқуға шалдыққандар, ауыратындар деп қоғамнан шектеп тастады. Ата-аналары, туыстары бас тартады. Бұл кезеңде олардың әрекеттері ақылға симай, саясатқа жақындау мүмкіндігі 0%-ды құрайды.

Екінші терезе. Енді олардың да шыдамы шектен шығып, ашық шайқасқа шығады. Өздерінің өзгелермен тең құқылы бола алатынын, оларды кемсітпеу, шеттетпеу керектігін алға тартып, алаңдарда аттан салады. Қоғам назарын осындай жолмен аударып, трансексуалдар тарихын тықпалап бастайды. Сол кезде социумда «Оказывается, ең алғашқы жынысын ауыстырған адам Даниялық суретші екен. Ол жайлы фильм де түсіріліпті», «Білесің бе, Ким Кардашянның өгей әкесі 66 жасында әйелге айналыпты» деген әңгімелер шетсіз, шексіз өрши береді. Оған қатысты арнайы психологтар мен медицина мамандарының да пікірлері құлаққа шалынады. Дегенмен, олар мамандар емес пе? Бұрын ол тақырыпты жиіркенішті санайтын халық енді оған қызыға бастайды. Осы қарқында олар жаңалықтардан жылтыңдап көрініп, сайттарда жарияланады. Сөйтіп сенсация қуған телебағдарламалардан да бой көрсетеді. Содан соң ел ішінде «Масқара, «Әйел бақытына» трансвестит келіпті», «Астанада бір трансексуал қыз полицияға түсіп қалыпты, КТК-дан көрсетті» деген әңгімелер жайылып, «Шок! Жаға ұстатты! «Өз ойым» бағдарламасында жынысын ауыстырған Гаяне атты жігіт отыр» деген тіркестер желілерді шулатып жатады. Жұрт оларды ұнатпаса да, қарап, дұрыс емес деп санаса да тыңдап отырады. Азғындықтың аты жайылу үшін оны үздіксіз айтып отырса жеткілікті. Сондықтан осы кезеңде олар саясатқа 10%-ға жақындай түседі.

Үшінші терезе. Жоғарыдағыдай телебағдарламаларда қонақ болған жынысын ауыстырушылар өздерінің балалық шағы қандай қиын болғандығын, ересектер қалай зорлық-зомбылық көрсеткенін аянышты күйде жеткізіп береді. Сөзінің ішінде «Бала кезімнен өзгеше екенімді сезгенмін. Қатты қиналдым. Жалғызсырадым. Өзіме қол салғым келді. Осындай болатынымды мен де білмедім. Тағырым осылай жазылған болар. Пешенеме жазылғаны осы болса, қайтейін енді!?» деген сөздерді айтып, көзінің жасын бұлап алады. Содан соң өзі сияқтылар әлемде көп екенін айтып және олардың да өмір сүруге құқығы барын даулайды. Өздеріне өздері бек бола алатынын, өмірлеріне араласпауын талап етеді. Осылайша агрессиясын көрсетіп түйіндейді. Оны көріп отырған адамдар да екіге жарылады: бірі оларды құрту керектігін, теледидарлардан көрсетпеуді, көрсетіп насихаттаған, азғындықтың атын шығарған арналарды жабуды қолдаса; екіншілерді түсіністікпен қарауға, құқықтарын құрметтеуге, бала кезінен қиындық көргендігін алға тартып, аяуға шақырады. Енді азғындықтың аты шығып, олар саясатқа шығуға 20% жақындай түсті.

Төртінші терезе. Төртінші кезеңде олар еркінси бастайды. Себебі олардың қолдаушылары күн санап көбейе береді. Азғындық ақталады. «Әрбір индивид өз тағдырын өзі жасайды, шешімді өзі қабылдайды», «Анау Еуропаны қара, ЛГБТ-лар еркін өмір сүреді ғой. Құқықтары заңмен қорғалады. Біздерде неге жоқ» деген пікірлер көптеп өрбиді. Ал бұған қарсы тараптағылар «слишком старомодный» сияқты қабылданады. Бұрын қоғамнан қысым көретін транссексуалдар жайбарахат жүріп тұрады. Азғындықтың дәурені келіп, мүмкіндіктері 30%-ға шейін артады.

Бесінші терезе. Бассыздықты танымал ету кезеңі басталады. Азғындықты дәріптеп, көпшілікке танымал ету үшін тарихи адамдар немесе атақты тұлғалар пайдаланылады. Азғындық жайлы тақырыптар жаңалықтардағы ең рейтингі көп хабарлардың біріне айналады. Ток-шоулар осы тақырыпқа кезекті сандарын арнайды. Азғындық көріністері кинода көп көрсетіледі, әндердің қайырмасы осы азғындықты суреттейді. Ақындардың өлеңдері мен жазушылардың шығармалары да дәл сол бағытта болады.

Ең бастысы, кез-келген азғындықты насихаттаудың ең тиімді жолы – «Айналаңа қарашы, ондайлар толып жүр ғой», -дейтін сөз. Осының арқасында, қарапайым жұрттың аяушылық сезімін оятып алады да, келесі тапсырмаға көшеді. Бұл кезде жауыздан адам жасау процессі басталады. Олардың қылмысы өшіріліп, жағымды образы жасалады. Егер де әңгіме каннибализм туралы болса, рейтингі ұрып тұрған ток-шоуларда мынадай сөздер анық-ашық айтыла бастайды: «Біз сіздерге, трагедияға толы махаббатты баяндап бермекпіз. Ол сүйіктісімен мәңгі бірге болу үшін оны жемек болды. Ал ол көнді, тек оның ғана жегенін қалады. Иә, бұл екеуі махаббаттың құрбандары. Олай болса, бұл екеуді біз сынап-мінейтін кімбіз? Махаббаттың жолында кесе-көлденең тұратын құқығымыз жоқ, тәйірі?! Иә, бұл өзгеше, бірақ махаббат!».

Танымал әншілер, актерлер, ғалымдар, желі жұлдыздары, ақын-жазушылар өздерінің транссексуал немесе гей, лесби екенін мойындай бастайды. Олардың фанаттары оларды қолдай түседі. Сөйтіп азғындыққа ерушілер саны жаңбырдан кейін шыққан саңырауқұлақтай бірден артып, саясатқа шығуға 50% мүмкіндік алды.

Алтыншы терезе. Ендігі олардың атағы жерді жарып тұр. Кезекті іс – өздері сияқты «жалғызсырайтындардың» құқықтарын қорғау үшін саясатттың басына келу. Әлемнің қайсыбір елінде ЛГБТ, каннибал, тағы басқалары қағажу көретін болса, ісіміз солармен болады деген қарар қабылдайды. Олардың құқығын қорғау, сайлауларға қатыстыру, қолдау көрсету сияқты «маңызды» мәселелерді енді мінберлерде айтып, конференцияларда талқылайды.

Иә, алтыншы терезе ашылған кезде, қоғам ешқандай қарсылық көрсете алмайды. Сіз бен біз секілді адамдар қарсы уәж айтар, тыраштанар, бірақ, уақыт өтіп кетті. Қауым өзінің талқаны шығып жеңілгенін мойындап қойды.

Теледидардан, БАҚ беттерінен қоқыстағы бала, отбасылық жанжал, маньяк, кісі өлімі, суицид, педофилия, тәнін жалаңаштаған қыздар, ЛГБТ, каннибализм туралы хабарларды көргенде көңіліміз алабұртып кететіндігі өтірік емес. Солардың көксегені не деп ойланып қаламыз. Сот, дәрігер, эскперт, тіпті, ата-ана шешетін жеке бас мәселелері неге халыққа балшық болып шашылады. Бұл әлде жаңағы «КӨРГЕ» үйретудің амалы ма екен? Дегенмен, қазақ халқының рухы мықты ғой, азғындыққа ере қоймас. Әлбетте, «сақтансаң сақтаймын» дегенді де естен шығармаған жөн. Естеріңізде болса, кеңес үкіметі кезінде азғындыққа үгіттейтін осындай ақпараттың бәрін құпия түрде ұстаған жоқ па? Мүмкін бұндай тәсілдің де бір көмегі болар. Ал «Овертонның терезелерінен» сығалап қалмауымыз үшін БАҚ пен телеарналарға ескертулер жасалуы керек сияқты. Қалайда «күнәні» заңдастыратын қоғамдық сананы қолдан жасап алуға ешқандай мүмкіндік бермеуіміз керек.

Есенбай Ізбасаров