Weekend

Медет Дүйсенов: Ой – шатысқан торындай өрмекшінің...

Өлеңдер

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ТАБИҒАТПЕН ТУЫСТЫҚ

О, жастығым! Дауылды желді шағым, 
Құдіретіңмен айдынды көлге ұсадым.
Қиялыммен кейде мен, қара бұлт боп,
Нөсерлетіп жауууға шөлге ұшамын.

Бұл шақта, өтсе егер бекер кей күн,
Өмір бойы өкініш етер, деймін.
Кемпірқосақ – көпірмен аспандағы,
Көкке өрмелеп қазір-ақ кетердеймін.

Мені тыныш қоймады, мазалады,
Ынтықтырып құстардың ғажап әні.
Асыр салғым келеді бұлаққа еріп,
Құмарлана жұтамын таза ауаны.

Рақатқа жанымды мың сан бөлеп,
Дала кезем, ұнатам жусанды ерек.
Тынымсыз мінезімен тандандырар,
Табиғатқа тартып мен тусам керек!

ҚАРА БҰЛТТАР

Барасыңдар қай жаққа, қара бұлттар?
Күтуде қыр, күтуде таранып тал.
Адуынды желге еріп кетпеңдерші,
Жауыныңды аңсаған дала, жұрт бар.

Шақырады шаңытқан жол сорабы,
Жапырақтар шаттанып қол соғады.
Қара бұлттар, қас қағым ғұмырыңның
Бар болар ма жалғанда сонша мәні?

Барасыңдар қай жаққа, қара бұлттар?
Күтуде қыр, күтуде таранып тал.
Майда белге мамырлап қонақта да,
Айна көлге бұрылып қаранып қал.

Жер жаңғырып қалсыншы, төбе де, шың...
Шөл қандырып алсыншы кенезесін.
Сыртқа қарап қалқатай мені көрсін,
Тамшыңменен қаға кет терезесін.

Толғанасың төбемде, қап-қара бұлт!
Шықты жолға шабытты шақтар алып.
Кеудемізді кернеген талай күндер
Ақ нөсерін сезімнің ақтаралық!


 


*  *  *
Арқаңда билеп салалы бұрым,
Төгетін нәркес жанарың нұрын.
Құлпырған қырдың қызғалдағы боп,
Сенсің бе тартқан даланың ұлын?!

Кеудемде сырлы жөнкіліп ағын,
Тыңдағам таңда шолпының әнін.
Шайқалған судай шелегіңдегі,
Сезім желімен толқыды жаным.

Бақытым, бала шақтағы менің,
Арманның уыз ақ таңы ма едің?!
Құшаққа қысып қоштастым қимай,
Даланың бейне аптабы демің.

Түсімде соғып дауылды желі,
Ақ нөсер ылғи жауып жүреді...
Ару Алматы көшесіменен
Келемін аңсап ауылды, сені.

Қаланың самғап күзгі көгіне,
Қаз қайтты қатар тізді де, міне.
Толғанып тұрмын Төлегенге ұқсап,
Жетсем деп қазір Қыз Жібегіме!



ІҢІР

Шаршаған күн қыз жантайды
Көкжиек көрпе үстіне.
Қоңырқай бояу марқайды
Мамырлап іңір түсті іле.

Қырқалар қалғып көз ілген,
Желпиді самал жайлауды.
Өрістен келген боз інген,
Ботасын иіскеп байлаулы.

Қарбалас тынған ауылда,
Аңқиды иісі сүр еттің.
Даланы құшып бауырға,
Келеді жылжып жібек түн.

Жаныңды тәтті билер мұң,
Сәулесін бозғылт жаяды ай.
Сұлбасы киіз үйлердің,
Шошайтып үйген маядай.

Көлденең көзден күндізгі,
Кездесе алмай қымсынған.
Ғашықтар жүр-ау нұр жүзді,
Жүрегі тулап ұмсынған.

Қиялға шомам жай ғана,
Балалық шақты ойыма ап.
Балбырап жатыр айнала,
Уызға балдай тойып ап...


*  *  *
Жыр ғана болып бар қайғым,
Жоғалған жандай бірдеңем.
Боз аспан төсін шарлаймын,
Бозарған бұлтпен бірге мен.

Сар желсем, тірлік-күлікпен,
Бәрін де көрер бұл басым.
Ұстадым тағы үмітпен,
Бозала таңның бұйдасын.

Кеудемде жатқан тұманың,
Ашамын көзін толғана.
Биікке ұшса бір әнім,
Жаныма медеу, сол ғана.

Тербете бермес таң да енді,
Күнменен батқан, бірге өліп.
Халқыма соңғы сәулемді,
Шашармын, шашу-жыр болып!


ХЕМИНГУЭЙДІҢ СОҢҒЫ СӨЗІ
Жырлап едім тірлікті ұғып алған,
Қылған едім сөздің мен шыңын арман.
Не істеймін? Не болды? Ұғына алман?
Жемістеймін шырынын сығып алған...

Неге керек шиырлап өткен ізді,
Одан-дағы үндемей кеткен ізгі.
Көлшік жасап қайтемін көбік сөзден,
Құя салмай кеудеден көк теңізді.

Сала берсең қаттыға қайтады алмас,
Жаным менің көз жұмбай жай таба алмас.
Жазғандарым қалсын өз биігінде,
Бір берілген ғұмырдай қайталанбас.

Қара тобыр, қайғылы сал әніңді,
Серпілетін кез жетер дала мұңды.
Толғанармын қабірді тастап шығып,
Қолға алармын тек сонда қаламымды!

*  *  *
Тауыса алмадым қиялдың өрлеп шыңын,
Ой – шатысқан торындай өрмекшінің.
Тірліктегі күйбеңге көңіл толмай,
Төсегімде теңіздей дөкбекшідім.
Оң қабақпен қараса болыпты да,
Алдымдағы атар таң, келмекші күн,
Тауыса алмадым қиялдың өрлеп шыңын...

Кеуделерге жүремін гүл өсіріп,
Жүрегімнің жылуын үлестіріп – 
Жамандық пен жақсылық алаңында,
Жатқан шақта бітіспес күрес жүріп.
Тұрамын мен арымдай ақ таңдарда,
Көкіректен ізгілік үні естіліп,
Жүрегімнің жылуын үлестіріп!



Медет ДҮЙСЕНОВ