Денсаулық

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусқа қатысты қауесеттердің ақ-қарасын ашады

Сарымсақпен, антибиотикпен емдеу секілді қауесет кеңестердің өтірік-расы анықталады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы (БДҰ) коронавирустың (2019-nCoV) таралуына байланысты халық арасында кеңінен таралған мифтер мен қате түсініктерге қатысты ақыл-кеңес берді.

COVID‑19 вирус қоздырғышы климаты ыстық және ылғал аймақтарда жұғады.

Қазіргі кезде қолда бар мәліметтерге сәйкес COVID‑19 вирус қоздырғышы кез келген жерде таралуы мүмкін, соның ішінде климаты ыстық әрі ылғал аймақтар да бар. Сол себепті қай өлкеде тұратыныңызға немесе қай өлкеге бара жатқаныңызға қарамастан, кез келген климат жағдайында сақтық шараларын жасаңыз. Коронавирустан қорғанудың тиімді тәсілі - қолды жиі жуу.

Суық және қарлы ауа-райында далада жүру жаңа коронавирусты жоюға көмектеспейді.

Сау адамның дене температурасы қоршаған ортасына немесе ауа-райына байланысты 36,5°-тан 37°-қа дейін болады. Сол себепті күн суық кезде далаға шығу жаңа коронавирус инфекциясымен күресуге көмектеседі деп тұжырым жасауға еш негіз бола алмайды. 

Ыстық ванна коронавирус инфекциясымен күресуге көмектеспейді.

Ыстық ваннаға түсу COVID‑19 жұқтырудан құтқармайды. Тым ыстық суға түсу, керісінше, денеге зақым келтіріп, күйдіруі мүмкін.

Жаңа коронавирус маса шағу арқылы жұқпайды.

COVID‑19 - ауа-тамшы жолымен жұғатын респираторлық вирус. Ол сырқаттың тыныс алу жолдарынан жөтел, түшкіру, сілекей мен мұрындағы су арқылы бөлінетін тамшыны жұту нәтижесінде жұғады. Қазіргі кезде 2019-nCoV вирусының маса шаққанда жұғатыны туралы ақпарат жоқ. Инфекциядан қорғанудың басты амалы сырқат белгісі бар адамдарға жақындамау, жеке бас гигиенасын сақтау болып қала береді.

Қол кептіргіштер 2019-nCoV вирусын жоюға көмектесе ме?

Жоқ. Қол кептіретін электр құрылғылар 2019-nCoV вирусын өлтірмейді. 

Дезинфекцияға арналған ультракүлгін лампа жаңа коронавирусты жоя ма?

Ультракүлгін лампаны қол мен теріні стерилдеуге пайдаланбаған жөн. Ультракүлгін сәуле терінің тітіркенуіне әкелуі мүмкін.

Қызу сканерлері коронавирус жұқтырған адамды қаншалықты дұрыс анықтайды?

Қызу сканерлері коронавирус жұқтырып, дене температурасы көтерілген адамды ғана анықтайды. Бірақ бұл технологиямен безгек кезеңі басталмаған сырқатты анықтау мүмкін емес. Жұқтыру сәтінен бастап температура көтерілгенге дейін 2-10 күндей өтеді.

Денені этанолмен немесе хлор ұнтағымен сүрту жаңа коронавирусты жоюға септігін тигізе ме?

Жоқ. Денеге еніп кеткен вирусты спиртпен немесе хлормен жою мүмкін емес. Бұндай заттар киімге және шырышты қабыққа (көз, ауыс қуысы) зиян келтіруі мүмкін. Аталған заттар дезинфекциялау үшін қажет, оны пайдалану тәртібі бар.

Мұрынды тұз ерітіндісімен шаю коронавирустен қорғай ма?

Жоқ. Мұрынды тұз ерітіндісімен тұрақты шаю жаңа коронавирус инфекциясынан қорғай алады деген ғылыми дерек жоқ. Бұндай тәсіл қарапайым тұмаудан емделуді тездетуі мүмкін. Бірақ респираторлық инфекцияның алдын алатын құрал ретінде мұрынды шаюдың тиімділігі дәлелденбеген.

Сарымсақ коронавирус жұқтырудан қорғай ала ма?

Сарымсақ - микробқа қарсы қасиеті бар, денсаулыққа пайдалы азық. Дегенмен сарымсақтың жаңа коронавирус жұқтырудың алдын алатын құрал ретіндегі тиімділігі дәлелденбеген.

Жаңа коронавирусты қарт адамдар ғана жұқтыра ма, әлде жастар да бұл індетке шалдыға ма?

2019-nCoV вирусын кез келген жастағы адам жұқтыруы мүмкін. Қарт адамдарда және белгілі бір дертке шалдыққан адамдарда (мысалы демікпе, диабет, жүрек ауруы) коронавирус инфекциясының ауыр формаларының даму қаупі жоғары болады.

Коронавирус инфекциясының алдын алуға және емдеуге антибиотик көмектесе ме?

Жоқ, антибиотиктердің вирусқа қарсы әсері жоқ. Онымен тек бактериялық инфекцияны емдеуге болады. 2019-nCoV - вирус, сәйкесінше, антибиотикті коронавирус инфекциясының алдын алу және емдеу үшін пайдалануға болмайды.

Әйтсе де 2019-nCoV инфекциясынан емделіп жатқан сырқатқа ілеспе бактериялық инфекцияны емдеу үшін антибиотик тағайындалуы мүмкін.

Жаңа коронавирус инфекциясының алдын алатын немесе емдейтін дәрі бола ма?

Қазіргі таңда жаңа коронавирустан болған инфекцияның алдын алуға немесе емдеуге арналған дәрі заттары жоқ.

Дегенмен сырқат адамдарға симптомды жеңілдету және басу үшін қажетті медициналық көмек көрсетілуі керек. Ал аурудың ауыр формасына шалдыққан жандар қолдау терапиясымен қамтамасыз етілуі тиіс. Қазіргі кезде жаңа коронавирусқа қарсы арнайы дәрі жасау жұмыстары жүріп жатыр, ол клиникалық сынақтан өтуі керек. БДҰ жаңа дәрі затын жасау жұмыстарын жылдамдатуға жәрдем жасауда.