Денсаулық
Көрінбейтін жауымен #birge айқасатын кезең туды
Ел аузында жүрген ақпараттарға көңіл аударатын болсақ, әңгіменің көбісі үйде омалып отырып алу мен беті қолын көбіктетіп қойып сабынмен жууға тіреліп қалады. Осыны дұрыс деп ойлайсыздар ма? Әлбетте, бұл жаңсақ пікір.
Қазіргі күрмеулі мәселе осылай оп-оңай шешіле салатын болса, жаһандағы жүздеген мың адам жұқтырып, оның талайы қаза болмас еді ғой. Сол жағынан да ойланып қараған жөн болар еді. Ендеше осының төңірегінде әңгіме қозғасақ.
Тарих беттерін ақтарып отырып, «карантин» деген сөздің этималогиясын табуға болады. Біздің құлағымызға үйреншікті бұл сөз итальян тілінің «quaranta» (куаранта) деген сөзінен шыққан екен. Бұның мағынасы «қырық» деген сан атауын білдіретін көрінеді. Неліктен қырық деген сөз деп ойлап отырсаңыз мынаған назар аударыңыз.
ХІV ғасырда жер жүзінде оба (чума) індеті жайылып кетеді. Оның саладарынан 200 миллиондай адам көз жұмған. Италия билігі елге басқа мемлекеттерден келген кемелерді кіргізбей, қырық күн бойы жағалаудан төрт шақырым жерде күттіріп, тежелтіп қойған. Қырық күн толды дегенде кемеге дәрігерлер келіп, әрбір адамды тексеріп, сау немесе ауру екендігін анықтаған. Ауру белгілері байқалмағандарына елге кіруге рұқсат беріп, науқас адамдарды түгелдей Лазаретто деген аралға апарып, оқшаулап тастаған. «Лазарет» деген сөздің де шығу тегі осы жерде жатыр.
Әлемде шешек (оспа), тырысқақ (холера), испан тұмауы және тағы басқа жұқпалы дерттер миллиондаған адамдардың өмірін жалмағаны белгілі. Соңғы ширек ғасырда да атипиялық пневмония, доңыз тұмауы, құс тұмауы, эбола, зика сияқты аурулар әлем халқын біраз әбігерге салғаны бар. Бұдан осыған дейін талай пандемиялық эпидемиялар болған және әлі де болады деген түйін шығады. Адам баласы онымен әлі де алысатыны белгілі.
Короновирус та бізге баяғыдан таныс. Бірақ қазіргісінің ерекшелігі бар. Ол мутацияланып, жануардан адамға жуғу қабілетін меңгеріп алған. Яғни, вирустың өзгеріске түскен түрі. Біздің тәнімізге таңсық болғандықтан, адам организмінде оған қарсы иммунитет қалыптаспаған. Осы себептен вирус жылдам таралуда. Тәжвирусынан қаза тапқандар саны көп болуы – оның тағы бір ерекшелігі. Ауруға шалдыққандардың 3%-нан астамы өлім құшқан екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан бастап, барлық елдердің басшыларының шуласып, дабыл қағуы да осыдан.
Алғашқы карантиннен бері жеті ғасыр өтті десек те, сол заманда қалыптасқан қағидалар айна қалтқысыз сақталып отыр деуге болады. Әлі күнге сол Италияда жасаған тірлікті қайталауға мәжбүрміз. Бұлай жасауымыздың негізгі мақсаты – ауру жұқтырғандар мен сау адамдардың арасын бөліп, бір-бірінен алшақта, тура байланыссыз ұстау. Инфекцияны жеңу үшін алдымен оның адамнан адамға жұғуын тоқтатып алуымыз керек қой. Әрине, бұл – амалсыздықтан жасалатын шара. «Сақтансаң сақтаймын» деген осы кезде айтылу керек сияқты.
Әлемнің тарихынан өзіміздің тарихқа ойыстан болсақ, талай қызыққа тап боламыз. Тәжвирусы сияқты эпидемиялар қазақ даласында да көп болған. Оба, безгек тәрізді індеттер белең алғанда Ауыл маңында қара жалау ілініп тұрған. Ол бұл ауылда індет жұқтырған адам бар екендігін аңғартатын ескертпе ретінде қызмет атқарған. Жолаушылар қанша арып, ашыса да одай ауылды айналып өтіп кететін болған. Науқас бар үйге ешкімді кіргізбей, оған ас-ауқатын кереге арқылы ғана берген. Оны ешқайда шығармайтын. Сақтық үшін, әдейілеп байлап тастауға дейін барған. Кейбір жағдайларда Біржан салдың өмірінің соңғы жылдары киіз үйде қолы арқандаулы жатып шығарған «Теміртас» атты өлеңі боғандықтан, ол да жұқпалы ауруға шалдығып өлген деп жатады.
Қырық деген санға тағы бір сәйкес келетін нәрсе – баланы қырқынан шығару дәстүрі. Қазақтың сәбиді қырық күнге дейін жұртқа көрсетпей жасырып ұстауы өте дұрыс. Оны тұзды сумен шомылдырып, сол ыдысқа күміс теңгелер салынған. Ал күмістің бактерияларды өлтіретін қасиетін сіз айтпай-ақ білесіз.
«Тазалық – денсаулық кепілі» деген ата-бабамыздан қалған сөз бар. Олардың макроәлемдегі тіршілік иелерінен ешқандай хабары болмаса да ұрпақтарын микроб, бактерия, вирустан сақтандыра білген. Асыл дінімізбен түркі әлеміне енген дәрет алу рәсімі де тазалық пен ауру-сырқаудың алдын алуға негізделген еді. Қазіргі өршіген эпидемия да сол эпидемиялардың бірі. Елдің ойбайлап, дүрбелеңге түсуіне ешқандай негіз жоқ. Ғылым мен технологиялардың дамыған заманындағы мүмкіншіліктерді ескерсек, бұл аман-есен құтылуға боларлық жағдай.
Ақпараттар ағымында өмір сүріп жатқандықтан қай ақпардың шынайы екенін айыру қиын. Осыны пайдаланып қалғысы келетіндер небір жалған ақпараттар таратып үлгеруде. Соның кесірінен вакцинадан бас тартатындар көбеюде. «Адамдар табиғи іріктелу жолымен жүруі керек» деп көкитіндер де шықты. Инфекция мәселесіне жеңіл-желпі қарау қалыптасады. Біздер санитариялық-эпидемиялогиялық мәселелерді тыс қалдырып, арамызда жүрген инфекциялардың көбеюіне мүмкіндік жасадық. Қазіргі жағадай соған айқын дәлел.
«Енді не істейміз?» деген сұраққа да түрлі жауаптар естідік. «Сарымсақ жұтыңдар» деп те айтқандар бар. Бастысы, сақтықта қорлық жоқ екенін ескеруіміз шарт. Елмен жақын араласуды қою керек. Каратиннің өзі осындай қатаң тәртіптерге бағынуды талап етеді. Инфекциясы бар науқас байқамай адам көп жиналатын жерге келетін болса, қаншама адамның өмірін тәуекелге тігетінін ұғу керек. Неғұрлым жұртпен қол берісіп амандаспауға, той жиын өткізіп, бірге тамақтанбауға, ойын-сауық болатын жерлерге үйір болмауға, жалпы адам көп жиналатын салттарды доғара тұруға тырысыңыз. Бұл сіздің вирустың таралмауына қосқан үлесіңіз болып есептеледі. Ал жаңағыдай жиындар вирустың шексіз қанат жаюына жол ашар еді. Өзіңіздің және өзгелердің өмірімен ойнамаңыз!
Күнделікті үйреніп кеткен дағдыларымызды осы қысу-таяң шақта кері қарауымыз керек. Үйіңіздегі сәбиді алдымен сақтандырыңыз. Бауы берік болсын айтып келушілерді тоқтата тұрыңыз. Атам қазақ өз баласын жаман киіндіріп қойып, «бөтеннің баласы, жақындамаңдар» деп жанына жан жолаттырмаған.
Қазір біз өте тойшыл болып кеттік. Шілдехана, бесік той, тұсаукесер, сүндет той, тілашар деп балаға маза бермейміз. Оны апарып төрге отырғызып қоямыз. Бәле адамнан адамға жұғатынын білген бабаларымыз баласын көздің қарашығындай сақтаған. Жаңағыдай жағдайда вирус балаға жұпағанда кімге жұғады. Сол замандарда балаларына сау жүрсін, болаттай берік болсын деп ырымдап Аман, Есен, Тұрар, Берікжан, Жанболат, Теміржан сықылды есімдер қоятын болған. Балалары шетіней берген жағдайда Аллаға жалбарынып, тағдырдың тәлкегінен құтылудың жолын іздеген. Қазақта сәбиіне орыс есімдерін қою салты содан шыққан.
Қазіргі қазақтар баласын жер жаһанға жария қылуға асығатын болып кетіпті. Бала-шағамызбен той-томалақтың төрінде жүреміз, шоппингке де оларсыз бармайтынды шығардық. Қонаққа барса әдемілеп киіндіріп алып жанымыдан тастамай ерітіп жүреміз. Содан бала инфекцияға ұшырап, аурухана жағалап қаламыз. Осындайды тоқтату керек. Ең болмағанда уақытша. Болмаса, вирустың жолын кесу қиындай береді.
Инфекцияны тойда жұтырудың салдары қиын болады. Бүкіл ел ішінен жаңағы тойда болғандарға іздеу салынады. Той иелері тойға кімдер қатысқанын айтса, қане? Бірнеше жүздеген адамды республика көлемінде іздеп, әрқайсысын карантинге жатқызу мамандарды әлекке салады. Халық осыны дұрыс түсінуі керек. Қазіргі жағдайда мүлдем той өткізбеген дұрыс. Тығылып өткізетіндер кімді алдағысы келеді екен. Олар үкіметті алдаса алдар, бірақ вирустарды алдай алмайды ғой. Өз саналарына солай шырмалудың қажеті жоқ. Бәрін сабырмен, байыппен ойланып барып, шешу керек.
Үйіңізде егде жастағы кісі мен жүкті әйел болса, карантин режиміне күшейткеніңіз абзал. Қарты бар үй – қазыналы үй. Оларға ерекше көңіл бөлетін кез келді. Бойына вирус іліктіріп алмайтындай жағдай жасауымыз шарт. Емін қабылдатып, күнде дене қызуын тексеріңіз. Ауру неғұрлым ерте анықталса, соғырлым онымен күресу жеңілге түседі. Осыны ұмытпайық. Қарттардың «бәлніскеңе бармаймына» қарамаңыз, жылдам жедел жәрдемге телефон соғып, ауруханаға жеткізіңіз. «Жасарын жасады» дегенді ойыңыздан сызып тастаңыз. Әр адам – еліміздің баға жетпес тұтас байлығы. Оның өмірі үшін күресу – мемлекеттің мойнындағы парыз. Емі бар ауруға шалдыққан болса, міндетті түрде жазылады. Осыны ескеріңіздер, ағайын!
Келіндеріңізді, қыздарыңызды далаға көп шығармаңыздар. Әсіресе жүкті болса және емізулі баласы болса. Сәл-пәл шыдағаны жөн. Дастархан басында шай ішіп, отбасымен әңгіме дүкен құрып, қызықты естеліктермен бөлісіп отыратын сәтті тиімді пайдаланып қалыңыздар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен мемлекеттің үгіттеп жатқан сақтық шараларын сақтап жүріңіздер. Тазалықты қалай сақтау керектігін күнде теледидардан қайталап айтып тұр. Сол нұсқаулықпен жүрсеңіз жеке қорғаныс шараларын жүргіздім деп санай беріңіз.
Өткен ғасырдың өзінде екі дүниежүзілік соғыс болды. Қаншама қан төгілді. Жарақаттанғандарды емдеу бүгінгі ауруды емдеуге қарағанда оңай болды. Өйткені, олардың жаралары көзге көрініп тұрды. Ал қазіргі айқасып жатқан жауымыз көзге мүлдем көрінбейді. Оның әсері бізге сол соғыстардан да бетер ықпалды болуы ықтимал. Жер шары халқының жұдырықтай жұмылып, көрінбейтін жауымен #birge айқасатын кезең туды.