Weekend

Садық Шерімбек. ҚАЛАЛАР 3.0 — 1 БӨЛІМ

Не үшін 3.0? Бұл жазбалар сериясы Қазақстандағы қала өркениеті жайлы болған соң, еліміздің қалаларын шартты түрде үш этапқа бөліп қарадым. Жазбада қалаларымыздың тарихи жағдайлары қарастырылмайды. Соңдықтан соңғы жүзжылдықтан бері қайтып отырамыз.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ҚАЛА 1.0: Кеңестік— Қазақстанның Кеңес Үкіметі тұсында қалыптасқан қала мәдениетінің бірінші этапы. Қалалардың әдетте 60-80% өзге ұлт өкілдері құрады. Қазақтар ауылдық жерлерде өмір сүрді. Барлық қалалар бір типті болды.

ҚАЛА 2.0: Пост-Кеңестік— Қазақстан посткеңестік кезеңге өткен шақта қалыптасқан қала мәдениетінің екінші этапы. Этникалық топтардың тарихи отандарына қоныс аударуы басталды. Қалаларда алыс-жақын аймақтардан қазақтар келе бастады. Қалалардағы қазақтардардың саны 50% дейін жетті. Жаңаша ғимараттар бас көтере бастады.

ҚАЛА 3.0: Пре-Глобал— Қазақстан тәуелсіздік бастауындағы кризистен шығып, қоғамдық сана жаһандану элементтерін қабылдай бастаған кездегі қала мәдениетінің қалыптасқалы жатқан үшінші этапы. Аймақтардағы қазақтар көптеп көшіп келе бастады. Білім алуға келген жастардың көпшілік легі жұмыс ретімен қалаларда қалды. Қалалық жердегі қазақтардың саны 60-80% жетті. Шетелдік брендтер келіп, тұрғындар тарапынан қолданысқа ие бола бастады.

Қала — тұрғындары өнеркәсіп, сауда, қызмет көрсету орындарында және ғылыми, мәдени, басқару мекемелерінде жұмыс жасайтын, халқы тығыз орналасқан ірі елді мекен. Wikipedia қызметіндегі қала деген түсініктің анықтамасы осы. Біз қазақтар байырғыдан қалада тұрғанымыз жоқ. “Біздікі” деп есептелетін қалаларымыздың өзінде негізінен саудагер халықтар өмір сүрді. Бұл период тәуелсіздік жылдарына дейін өзгере қойған жоқ. Қалалық жерлерде интеллектуалды элиталарымыз бен арнайы қызметкерлер болмаса, басқаларымыздың бәріміз ауылды жерлерде тұрдық. Сондықтан да, әліге дейін қалада туған қазақты аз көреміз. Ол буын бізде енді ғана өсіп келе жатыр. Байқасаңыздар, біздің санамызда қалаға байланысты романтика әлі қалыптасып үлгермеген. Біз бәріміз ауылды сағынамыз, сәл қиындық бола қалса, ауылға қайтқымыз кеп тұрады. Қала деген өздері қанша жыл тұрып жатса да, әлі күнге дейін толық комфорттың белгісі боп есептелмейді. Бұл да біздің әлі қалыптасып үлгермеген сезімдерімізден бірі деп ойлаймын. 

Айналдырған 20 жылдың ішінде Қазақстандағы қала мәдениеті 120-160 градусқа шыр айнала өзгеріп шыға келді. Қалалардағы жағдайдың өзгергендігі соншалық, біздің саналық эволюциямыз оны қуып жете алған жоқ. Қала биліктері де оны әлі түсіне қойған жоқ. Қазіргі Пре-Глобал қала мәдениетіне кірер шағымызда бізді тоқтатып тұрған мәселелер өте көп. Бәлкім, қала әкімдігі жанындағы аналитикалық топтар ол бойынша жұмыс істеп жатқан да болар. Бірақ, он жылдан бері әлі нәтиже көргеніміз жоқ. Ал, қоғамның көзге білінбестен тез өзгеретінін ескеретін болсақ, біздің бүкіл Қазақстан қалаларын келер онжылдықта үлкен мәселелер күтіп тұр.

Сонымен, біздің қалалардың қазіргі таңда біз байқап жүрген төмендегідей проблемаларын тізіп шықсақ болады.

ҚАЛА & ДЕМОГРАФИЯ. Біздің билік қаладағы демографиялық есептердің 80% өзгеріп кеткенін есепке алғысы келмейді. Әлі күнге дейін қалада сонша орыстілді халық тұрады деп ойлайды. Қалалардағы жарнамалық баннерлерді қарайтын болсаңыз, амалсыз аударылған “жетім” қазақшаға тап боласыз. Қызмет көрсету бойынша негізгі тұтынушылардың көбісі қазақтілді бола тұра, қаланың тыныс-тіршілігі бойынша саясатында ешбір өзгеріс орын алмаған. Ал, келер онжылдықта негізгі жоғарғы қызметтерді тұтынушылар тағы 40% дейін қазақтілділерге өсетінін есепке алатын болсақ, онда біздің қала әкімшіліктері реттелу үшін 5 жылға тағы кешігіп жатыр деп есептей беріңіз. Өйткені, бұдан былай Қазақстанда қалаға өмір сүруге келетін халық саны көбейе бермесе, азаймасы анық.

ҚАЛА & АГЛОМЕРАЦИЯ. Осыдан он шақты жыл бұрын Алатау, Наурызбай (Алматы) аудандары қазіргі Алматының негізгі бөлігін құрайтынын айтса, ешкім сенбейтін еді-ау. Дәл сол сияқты қазір Қарасай, Талғар, Іле аудандарына тиісті жерлердің Алматының иелігіне өтіп жатқанын байқап жатырмыз. Бұрын Бесағаш, Тұздыбастау, Қаскелең сияқты елдімекендер ит арқасы қияндағы жерлер сияқты көрінсе, қазір Алматының бір бөлігіне айналып жатыр. Олар да болашақта қаланың негізгі бөліктеріне айналуы ғажап емес. Бірақ, қазір көріп тұрғанымыздай, қала билігі Алматы еш ұлғаймайтын сияқты көзқараспен ол жерлердегі қоныстану саясатына бір түкіріп отырған сияқты әсер қалдырады. Қазір бүкіл әлемдегі ТрансҰлттық компаниялар өз өндірістерін дамыған қалалардан дамушы қалаларға ауыстырып жатыр. Қытайдың қалаларын есепке алмағанда, Батыстың ТҰК дамушы нарыққа беттеуі Азиядан әлемдік деңгейдегі көптеген жаңа қалалардың дамуына әкелді. Дамушы қалаларға баратын басты себебі, олардың айналасындағы жұмыс күші потенциялының мобильділігі һәм артуынан болып отыр. Сондықтан да агломерацияларды дұрыс ұйымдастыру қаланың бәсекеге қабілеттілігін әлдеқайда арттырмаса, кемітпесі анық.

ҚАЛА & СТИЛИСТИКА. Мойындау керек, біздің қазақтар үйді қалай салсақ, қаланы дәл солай төртбұрыш қылып сала бергіміз келеді. Айналып келгенде біздің қалаларда дым да стиль жоқ. Әр қалаға барған кезде көздің нұрын алып, есте қалатын стиль болуы керек қой. Бірақ, біздің қалалар қалай сол Кеңесте салында, солай әлі жалғасып келе жатыр. Кілең қоқыс-жәшіктердің арасына батыстық стильдегі ғимараттарды тұрғызудың не мәні бар? Жоқ. Ең бастысы заборлар болмаса болғаны. Ал, Кеңестік стиль - ол да стиль. Осындай логикаға келеді. Кез-келген Қазақстанның қаласына барсаңыз, түрлері бір-бірінен аумайтын құрылымдар. Тек қана қаланың үлкен-кішілігінде ғана айырмашылық бар. Батыс қалалары сияқты болуға әсіре талпынбай-ақ, мына тұрған Өзбекістандағы Самарқанд, Бұхара қалаларына назар аударсақ. Көріп мәз боласың, сірә. Өйткені, ғимараттар әртүрлі болғанымен қаланың ортақ стилистикасы һәм түсінен ажырап кетпейді. Көшелерді безендірудің де ортақ бір ережелері һәм талаптары бар сияқты көрінеді. Ал біздің Алматы, Астана, Шымкент қалаларында стилистика тек қана көшедегі қоқыс тастайтын шелектерде ғана бар. Алматының темір шелектерінде алма, Шымкенттің шелектерінде қызғалдақ тұрады. Басқа бір өзгеріс көрмейсің де. Тіпті, лас боп шіріп жатқан Үндістанның қалаларында да өзіндік стиль бар: Хайдарабад - Низамдар қаласы. Шығыстық стилистиканың түр-түрі бар. Джайпур - Алқызыл қала. Қалада алқызыл түстердің үйлесімі көп. Солай есте қалады. Ал, біздің айналып келгенде айтатынымыз Жасыл қала, Заборсыз қала. Бұл аталған нәрселер қаланың стилистикасына дым да қатысы жоқ. Олар онсыз да болуы керек нәрселер деп білемін. Тұрғындар уақыт өте келе футуристік үлкен ғимараттардан шаршайды. Ең болмаса, солардың стилін тұрғындардың рухына сай элементтер қосылатын болса, онда сөзсіз ғұмыры ұзақ болмақ. Ескі ғимараттарды алып тастау мүмкін емес екендігі белгілі ғой. Бірақ, сол ғимараттарды аздап жас мамандардың креативін қосып безендіруге болады емес пе? Шетелдік туристер елге емес, қалаға келеді бірінші кезекте. Қазіргі Пре-Глобал қала мәдениетінің табалдырығында біз оларды тек қана ұлттық ерекшелік һәм колориттермен ғана өзімізге тарта аламыз.

ҚАЛА & БРЕНД. Жоғарғы бөлімнің астынан шыға келетін тағы бір нәрсе бар. Біздің мемлекеттің дәл қазіргі брендиң саясатымен біз алысқа бара алмаймыз. Мынаны түсіну керек ки, шетелдік қонақтар елге емес, қалаларға келеді. Америка деген елге барғаныңызбен, нақты өзіңіз көргіңіз келетін қалаға барасыз. Келген соң, “Америка ұнаған” эффект болғанымен “Нью Йорктан көре, Лос Анджелес көбірек ұнады деп айтасыз. Біз қаншама ақша бөліп шетелге мемлекетті жарнама жасаймыз да, қалаларды мүлдем жарнамаламаймыз. Сәйкесінше, келгісі келген қонақ идеялық тұрғыдан Қазақстанның “Ұлы Дала Елі” екенін білгенімен оның қай жеріне бару керектігінен бейхабар болады. Әрине, бұдан кейін олардың келу ықтималдығы да азая бермек. 2017 жылдан бері Өзбекістанға келетін туристер саны 90% пайызға ұлғайған көрінеді (тексермедім). Ашық виза режимінен бөлек, Өзбекістан мемлекеттен бұрын қалаларын жарнамалауды жақсы игеріп алды. Сондықтан да, Ташкент әуежайынан түскен бойда, Самарқан, Бұқара, Қиуа бағытында көлік іздей бастайсыз.

ҚАЛА & ИДЕОЛОГИЯ. Өкінішке орай Қазақстанда қалалық идеология деген түсінік мүлдем жоқ. Біздің барлық қалалардың бір ғана бағыттағы идеологиялық жұмысы бар. Ол - “Пәлен қалаға 1000 жыл”, “Түген қалаға - 2000 жыл”, “Шіген қалаға - 80 жыл” деген мерекелік концерттер ғана. Сол арқылы тұрғындардың қалаға деген жанашырлығын оятамыз деп ойлайтын болса, біздің басқармадағылар қатты қателеседі. Амстердамның “iamSterdam” брендін жаппай көшірдік те, Қазақстанның бүкіл қаласында “I love Almaty”, “Жан жүрегім Астана”, "Сені Сүйем Шымкент” деген үлкен жазулармен ортасында бақандай қылып жүрек қоюдан әрі аса алмай қалдық. Мынаны түсіну маңызды. Қаланың идеологиясы оның тарихымен ғана есептелмейді. Не үшін аймақтан келген жастардың үлкен қалаларға жанашырлығы аз деп ойлайсыз? Олар қаладағы ортақ идеологияның негізінде туған жауапкершілікті түсінбейді. Әлбетте, идеология жоқ болған соң, несіне жауапкершілік болсын. Өйткені, қалаға осында туған тұрғындардың өздерінің жаны ашымайды. Осы орайда ауыл мен қаланы салыстырудың орайы келіп тұр. Неліктен ауылда туғандар өз ауылына жақсылық жасауға құмар да, қалада туғандарда ойдай ой мүлдем жоқтың қасы? Ауылдың жастары өз жерлерінде стадион салады, клубты ремонттап береді, көшені жөндеу жұмыстарына араласып туған жеріне игілік жасаудан қашпайды. Ал, қаланың адамдарында ондай нәрсе шынымен де жоқ. Осы жерден жоғарыда айтылып жатқан идеологияның маңыздылығына ораламыз. Жауап біреу ғана: Ауылда идеология бар. Жастайынан “Туған ауыл” түсінігі барлық ауыл жастарының миына сіңіп кеткен. Қаланың баласына оны түсіндіретін ешкім. Шетелдегі қалаларға барсаңыз, біздегідей әр 10 метрде қоқыс шелегін көрмейсіз. Бірақ, қала таза. Бізде ғой көз түскен жерде бар олар. Сонда да құдайдың құтты күні шіріп кете жаздайды. Қазіргі қала тазалығы мен басқа да қосымша қызметтерге кетіп жатқан миллиондаған қаржыны жай ғана дұрыс идеология негізінде үнемдеуге болатын-ақ еді. Бірақ, оған уақыт жоқ. Ал, уақыттың да уақыты жоқ.

ҚАЛА & ТЕХНОЛОГИЯ. Әлемдік практика көрсеткенінде технологиялық игіліктерге ие қалалардың өз қатасластарына озат шығу мүмкіндігі көбірек екен. Әлем SMART Үйлерді талқылау деңгейінен әлдеқашан SMART қалаларға көшіп кетті. Бұл тұрғыда технологияларды жарытып интеграциялап жатырмыз деп айта алмаймын. Ауылды айтпай-ақ қала оқу орындарының өзінде интернет жарытып жұмыс жасамайды. Мектептер мен Университеттегі компьютерлік жабдықтаулардың жағдайы тым аянышты. Тендер нәтижесінде алып келген компьютерлер бір жылға жетпей сынып жатады. Қаладағы орнатылған Smart технологиялар жай ғана Цифрлы Қазақстанның жалаушасы үшін жасалғаны көрініп тұр. Біздің мегаполистерге технологияны айтудан бұрын, жай ғана туалет мәселесін шешуді ұсынар едім. Алматы қаласының орталығында істеп-істемей тұрғаны белгісіз 5-ақ туалет бар. Адамдар қажетін өтеу үшін кафелер мен ресторандарға кіріп клиент рөлін ойнап кетуге мәжбүр болып жүр. Тұрғын үйлердің бұрышынан өтіп бара жатқан кезде талай мұрындарыңызды жарған болар. Сондықтан, Smart технологияларды кіргізу ісін ең әуелі батыс және шығыстың дамыған қалаларындағыдай Smart туалеттерден бастау керек. Одан кейін басқасын талқылауға болады.

ҚАЛА & ЖАСТАР. Әлі оқып отырған болсаңыздар, мен негізгі әрі соңғы бөлімге көшейін. Біз Ұлт ретінде жылдан жылға жасарып келеміз. Соңғы туу көрсеткіштеріне қарайтын болсақ, бұдан былай да жасара түсетініміз анық. Қазақстандағы ең негізгі 3 мегополистің барлығы да жастар қаласы. Қайсының статистикасына қарасаңыз да, жастар үлесі әлдеқайда басып болып келеді. Пре-Глобал қала өркениеті кезеңінде біздің қалалар баяғыдай бір-бірімен емес, әлемдік қалалармен бәсекелесуге мәжбүр. Жоғарыдағы аталған бірнеше фактордың жоқтығынан біздің қалаларда үлкен мәселелер әлдеқашан туындап қойған. Солардың бірі - жас интеллектуал потенциялды жастарымыздың шетелге кетіп қалуы. Екіншісі - қаладағы жастар арасындағы қылмыстың көбеюі. Бірінші, мәселе пайда болуына қаланың жастардың жұмыс істеуіне қажетті комфорттың болмауы, қаладағы идеологияның болмауы т.б. себептерді қарастырар болсақ, екіншісіне де дәл сол себептерді жатқыза аламыз. Яғни, бірдей мәселелер - екі рельсте екітүрлі қиындықтарды туғызып отыр. Жастар қылмысы жөнінде айтатын болсақ, жоғарыдағы аталған факторлар қала саясатында есепке алынбай жатып, қанша жерден мың Министр ауыстырсаңыз да, нәтиже өзгермейді. Қылмыс деген механикалық дүние емес. Ол адамдардың санасындағы мүмкіндіктерді көрмеуінен соңғы болып туындайтын құбылыс. Ал, жоғалтатын ештеңесі жоқ адам үшін аштан қатқанша бірдеңе қылып нан тапқан әлдеқайда қолайлы болады һәм өзін іштей ақтап алу үшін алғышарт ретінде жақсы өтеді. Біздің мегаполистердегі нақты нәтиже беріп жатқан жастар бизнесінің үлесі өте аз. Басқа дамушы қалалармен салыстырғанда біраз факторлар бойынша артта қалып қоямыз. Шетелдің көптеген қалаларында жастар бизнесін ынталандыру бойынша көптеген көмектер беріліп жатады. Тағы бір мына маңызды нәрсені біздің билік түсінуі керек. Жастар бизнесі дәл қазір болмаса да, келер бесжылдықта бірталай қала тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ететін потенциялы бар өте маңызды күш. Ал, оны дәріптеу жұмыстарымен көп жерлерде не үшін Жастар саясаты басқармалары айналысатынын ұқпаймын. Жастар бизнесін қолдау мен дәріптеу тікелей әкімнің назарында болуы тиіс. Әр ай сайын әкім немесе аудан әкімдері жоғары өрмелеп келе жатқан жас кәсіпкерлермен кездесулер өткізіп олардың дамуы үшін қалада барлық жағдайларды жасауы керек. Сол кезде ғана біз бірнеше қадам алға қарай қозғалыстың куәсі боламыз. Жас кәсіпкерлер тоналу қорқынышынан айығып, өздеріне қолдау барын білген кезде, олардың бизнестері кеңейе түспек. Ал, бұл өз кезегінде қаладағы жұмыссыздықтың азаюына жақсы үлесін қосады.

Біздің мемлекетте проблема көп қой өзі. Олардың ішіндегі бізге қазір де болашақта да зиянын тигізетін нәрсе - жастардың қажетті деңгейде білімсіздігі. Бір білімсіз буынды өткізіп алдық. Екінші буын да кетті. Енді, оған жол беруге болмайды. Қаладағы сауатсыз жастар өте көп мәселе туғызады. Оның басын өзіміз де қоғамда көріп жүрміз. Ауылдан қалаға келіп дұрыс деңгейде өндіріске жарамды білім алмаса, оның ауылда жүре бергені жақсы емес пе? Енді, жоғарыдан бастап бұған не үшін келіп жатқанымызды айтып кетейін. Қазір Қазақстан қалаларындағы жастардың барлығы дерлік қазақтілділер. Олардың әлеуметтік жағдайы әрқилы. Бірақ, соңғы онжылдықта көшіп келіп, әлі тұрмыстық мәселелерін шеше алмай жатқан жастардың саны одан да көп. Олар ауырлау айтқанда секунды азайып жатқан “бомбалар”. Халқымыздың жартысы қазір қалада тұрып жатқанын ескерсек, аталмыш жастардың көпшілігі әлеуметтік аз қамтылған аудандан мен агломерациялық аймақтарда тұрады. Алматы қаласындағы Төле Би көшесінен төмендегі (қазақтілділер көп) мектептердің жағдайларына қарап оқушыларды аяп кетесің. Былтыр мен сабақ беріп кеткен мектептерде деңгей тым төмен. Олардан ертең кімдер жетіліп шығады? Бұдан былай да ауылдық жерлерден келетін жастар легі көбеймесе, азаймауы анық. Барлығы дерлік қазақтар тұратын Наурызбай, Алатау, Жетісу аудандарында жастарға арналған ештеңе де жоқ. Астананың да, Шымкенттің де жағдайы дәл солай. Қазір біздің билік аз қамтылған аудандар мен агломерациялық аймақтарға қатты мән беріп жатқан жоқтығын айтып өттік. Барлық күшті қаланың негізгі бөлігіне салып жатыр. Барлық керемет осы қаланың орталықтарында. Осы тұсы түсініксіз. Өйткені, қала орталықтарында онсыз да туу көрсеткіші аз. Пайдасы аз инвестиция. Жоғары ескерткенімдей қазіргі әлемдік ТҰК өндірістерді дамушы қалаларға көшіріп жатыр. Біздің мегаполистегі инвестиция ауқымын білмеймін. Бірақ, ол үдеріс бізге келетіндігінен үміткер болсақ, онда негізгі жұмыс күші бәрібір сол аз қамтылған аудандар мен агломерациялық аймақтардан алуымыз керек болады. Енді сұрақ: Ол аудандарда білімді жастар жоқ болса, оларды қайдан аламыз? Ойланайықшы. Ол жерде тұратындар әлбетте ки, өз үйінен басқа қалаға көшпейді. Ал, ол аймақтар бәрібір қалаға келіп қосылады. Бұл тағы да пайдасыз жүк. Тағы да артық проблема. Сондықтан, дәл қазір біздің қала билігі болашаққа есебі бар болса, онда жоғарыда аталған аудандардағы жастар ресурсын барыншы тиімді игеру жолында дұрыс реформалар жасауы керек.

Аз қамтылған аудандар мен агломерациялық аймақтарға осы бастан:

— Заман талабына сай үздік мектептер мен гимназиялар салу;

— Қала орталығындағы жоғарғы оқу орындарын көшіру;

— Барлық жабдықтармен қамтылған спорт кешендерін тұрғызу;

— Квалификация көтеру бойынша оқу орталықтарын ұйымдастыру;

— Бизнес жасауға үйрететін кәсіпкерлік мектептер ашу;

— Орташа көлемдегі ойын-сауық орталықтарын құру;

— Жас кәсіпкерлерге арналған бизнес орталықтар ашу;

— Жас ата-аналарға арналған кеңес бөлмелерін жасау;

— Сол жерлерге үздік мамандарды ұжымтастыру;

— Сонда баратын мамандардың айлықтарына үстеме қосу;

— т.б.

Осы мәселелерді қазірден бастап қолға алатын болсақ, алдағы 10 жылда біздің кез-келген мегаполистеріміз әлемдік һәм локалдық компанияларға дайын маман болатын интеллектуал бірліктерді шығара беретін болады. Онымен қоймай қылмыс міндетті түрде азаяды. Қазақтілді жастардың потенциялы шынында да биікті тұратын болады. Ал, қазіргі жағдайда олардың көбі 10 жылдан соң қала өміріне тек қана зиян болмаса, пайда әкелмесі анық.

Бұдан былай қазақтілділер көбейе бермек. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін құбылыс. Кешегі Қарағандыда видеода жүргендердің басым көпшілігі жастар. Ал, бұдан былай көңілі толмаған жастар өз құқықтарын талап етіп шығуы таңқалмайтын нәрсеге айналары анық. Мемлекет құраушы ұлт 25 жылдан соң, өзін-өзі анықтап жатыр. Орыс тілінде сөйлемейтін екі буын қалыптасып үлгерді. Әрине, олардың өз шекаралары бар. Қазақстанда 25 пайыз орыс мектептері болғанымен, олардың атынан халықаралық жүлделерге ие болатын жастардың үлесі 5-10% ғана. Жылдан жылға бұл көрсеткіш азайып бара жатыр. Қазақcтан қалаларында келер онжылдықта орысша сөйлей алмау емес, қазақша сөйлей алмау үлкен ыңғайсыздық туғызатын болады. Тек осы бастан оның барлығымызға ыңғайлы дұрыс алғышарттарын жасай беру керек. Өзге ұлттар біз үшін мәселе емес. Өз Отандары бар. Кететіні кетеді. Қалатыны қалып, бізбен түбінде бірге болады. Олардың жастары онсыз да кетіп жатыр. Өкініштісі, дұрыс жағдай болмаған соң, біздікілер де кетіп жатыр. Бір нәрсе анық. Егер билік жастарымызбен бүгін бірігіп жұмыс істемесе, ертең олар өздеріне қарсы жұмыс істейтін болады. Қандай жағдай болса да, бұл мемлекет һәм бұл қалалар ендігі жерде өзіміздікі. Ауыл деген жақсы. Бірақ, біздің реалиямыз қалаға ауысып жатыр. 2030 жылға дейін 60-70% азаматтар қалаларда өмір сүретін боламыз. Бұл мәселелерді шұғыл қолға алмасақ, тағы 3 буынды жоғалтуымыз анық. Ал, уақыт үнемі бізге қарсы ойын ойнайды. Ұтылуға жол жоқ. Сондықтан өзімізді көтерейік. Өзімізді дамытайық. Балаларымызға адамдыққа негізделген ұлттық тәрбие мен сапалы білім берейік. Сол кезде бәрі де біз үшін оңтайлы шешілетін болады.