Bugin

Кіндік шеше

Зейнеп Ахметованың әңгімесінен кейінгі ой

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шіркін, қазақ атамның қай сөзін алма, қай ісін қарама, тұнып тұрған тәрбие мен тәлімнің, өнеге мен ұлағаттың қайнар көзі ғой?! Оны кешегі-бүгінгі жоралғы-дәстүрімізден көзіміз көріп, құлағымыз естіп, санамыз ұғып жүр. 

Соның бірсыпырасын өскелең ұрпаққа қаққан шегедей ұғындыратын бір кітап бар. Ол - Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апа Ахметованың "Күретамыры". Кітап жайлы сөзді кейін қозғармын, мен кіндік шешем жайлы бір түсінігімді жеткізейін. 

Кіндік шеше - сенің анаңнан кейінгі екінші қамқор адамыңа айналған, орны бөлек қадір тұтар кісің. Бала кезімде "осы кісі сенің кіндік шешең" дегенді айтса да, неге екені қайдам, мен көрші үйдегі өзге туысқан тәтемді кіндік шешем деп ойлайтынмын. Қашан көрсең аңқылдақ, аппақ көңілді, ақжарқын сол бір кісі, дәйім мен дегенде қолындағысын аямай, қажет кезде сұрағанымды беретін. Содан кейін бе, әлде ерекше жылулықты сол кісінің жүзінен көретіндігімнен бе, мен екінші анамды сол кісі деп таныдым. Уақыт жылжып, біз әлгі ауылдан көшіп, ендігі менің нағыз кіндік шешем тұратын жаққа қоныс аудардық. Туысқан тәтемді сирек көретін болдым. Бара-бара көзден жоғалса да, көңілімдегі ол кісіге деген ерекше ықылас бәз-баяғы еді. 

Бір күні нағыз кіндік шешемнің жолдасы, менің кіндік әкем үйімізге келді. Ол кісі баяғыдан мені "қызым" деп еміренетін. Бұл жолы да өзгеше мейірмен келіп, бауырына басқанда барып, мен кіндік әке мен кіндік шеше деп кімді айту керектігін ұқтым. Ол кез менің мүшелге таяған шағым еді. Алаңғасар, балаң көңіл-ай дейсің кейін. 

Сол балалық пейіл ме, өзге ме, әлі күнге дейін ол тәтемді мен кіндік шешемдей көремін. Қайбір жылы ауылға келіп, бір марқайтқан. Көзімізде жасымыз дайын тұрады емес пе, көре салып, сағыныш бар, сол бір кезгі айрықша ниет бар, бәрі қосылып, көзден жас төгіле кеткен. Егіліп, "шеше-ау" деуге шақ қалғаным бар. 

Ол кісінің денінің саулығын тілеймін. Бала-шағасының қызығын көрсеткей Тәңірім. Қандастық парызым өтелгей менің де.