Көзқарас

Неге арналсаң, соны істе

Жүсіпбек Аймауытов мақаласынан үзінді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әлеумет тұрмысындағы зор кемшіліктердің бірі-әлеуметтің мүшесі-әр адам өз орнында қызмет етпеу, «кетігін тауып, қаланатын жерін анықтай алмау». Естеріңізде болсын: адам қалай болса солай сүйреуге көне беретін тулақ емес, қалай қақса солай домалайтын алланың «добы» да емес. Адам-өзінің ыңғайымен, еркімен қызмет ететін жаратылыс. Кісі іштен туғаннан-ақ белгілі бір өнерге, қызметке икемді болып туады, басқаша айтқанда, әр адамда бір нәрсеге талап, ыңғай, қабілет пен зеректік болады. Біреу бала оқытуға, біреу етік тігуге, біреу әкім болуға, біреу мал бағуға, біреу әскерлікке, біреу жазушылққа, біреу дәрігерлікке, біреу саудаға, біреу дауға ыңғайланып жаралады. Өмірде түк жұмысқа икемі жоқ жан сирек болады, ең болмаса, өтірік айтуға зерек болып жаралады. Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен жүріп қызмет етсе, өз басына да әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. «Өз орнында» істеген адамның жұмысы да өнімді, біркелкі болмақ. Қайғы сол: өз жолын шу дегеннен тауып алатын адамдар сирек болады. Адамның көбі ана жолға бір, мына жолға бір түсіп, өмір бойы өз соқпағын таба алмай, сенделумен күні өтеді. Өз жолымен қызмет істемеген адамның жұмысы берекесіз болғаны өз алдына, ондай адам ісіне көңілі жарымағандықтан, өмірге, тағдырға налып, зарланып, бақытсыз жан болып күнелтеді.Әлеуметтік тұрмыстағы кемшіліктер- осы жағдайлардағы үлкен мәселелер болып есептеледі.

Әр адам, бір жағынан, әлеуметтің мүшесі болып, оған пайда түсіруі керек. Екінші, әр адам өз пайдасын, өз мақсатын көздемек. Бас мақсатын біржола ұмытып, әлеумет қызметіне түгел берілетін адам болуы мүмкін емес, ондай адам кемде-кем. Біреу әлеумет үшін еңбегін көп жұмсайды, біреу бойын тежеп, бас мақсатын көбірек ойлайды. Айырма жалғыз осында. Бұл- адам табиғатынан туатын заң. Себебі, әр адамға тіршілік ету керек. Азды-көпті өмірін әркім өз көңіліндегідей мұңсыз өткізуге талпынады. Сондықтан ең күшті мақсат- бас мақсаты. Қайткенде әрі жеке адамның, әрі әлеуметтің пайдасы бірден табылады? Қай уақытта әлеумет тілегі мен жеке адам тілегі тоғысады?

Әр адам табиғатынан біткен қабілетіне, ыңғайына, зеректігіне қарай маман атанып, өз орнында қызмет етсе, сонда ғана табылады.

Әлеумет тұрмысы оңдалу үшін, онымен бірге әр адамның тұрмысы түзелу үшін, әр адам қолынан келерлік, пайда берерлік іс істеу керек. Әр адам қабілетіне, ыңғайына қарай өз орнында қызмет етпесе, әлеуметке пайда орнына зиян келтіреді. Екінші, әр адам өз жолымен жүре алмай бөтен жолға түссе, оның бір озаттығы, таланты шыға алмай жерге көміледі. Ондай адам өмірге разы да болмайды. Сондықтан әркім сүйегіне біткен икемділігіне қарай қызмет ету керек. Ол үшін адам өзінде қандай талант, қандай зеректік, қандай қабілет, бір сөзбен айтқанда қандай ерекшеліктер барлығын білуі қажет. Дәлдеп айтқанда, әр адам өзін-өзі тану керек. Өзін-өзі танымаған өзгені тануға да шорқақ.

Бұл-қоғамдық ой, азаматтық идеялар болумен бірге, адам әлемі, табиғаты мен тағылымын танытатын басты ұстанымдардың бірі.

(Жүсіпбек Аймауытов. Алты томдық шығармалар жинағы/ Психология, жан жүйесі мен өнертану,4-том,мақаладан үзінді)