Спорт
Жеке адамның зор жеңісі мемлекет жетістігінінің қалыптасуына қосылған үлестің бір тамшысы секілді
Кез келген әлемдік мәселе сол мәселені шешетін адамдардың парасат деңгейіне байланысты шешіледі (Дархан Әбдік).
Филиппиндік Мэнни Пакьяо 2019 жылдың 20 шілдесінде өзінен он жас кіші жеңілмеген Кит Турманды жеңіп, 40 жасында Әлем Бокс Ассоциациясының (WBA) супер чемпионы белбеуін жеңіп алды. Қырқында қамал алған Пакмэннің бұл - жетпіс бірінші жекпе-жегі.
Атышулы Пакьяо жайлы ақпаратқа бұл күнде ғаламтор беті толы. Сегіз салмақта чемпион болған әлемдегі жалғыз боксшы. 2005, 2006, 2008, 2009 жылдары бокс жайлы жазатын журналистер ассоциациясының Жыл боксшысы атағын алды. Әлемнің мен деген бокшыларымен қолғап түйістірді.
Ішінде кіші Флойд Мейвезер, Оскар де Ла Хойя, Хуан Мануэль Маркес, Мигель Котто сияқты даңқты боксшылар бар. Төрткүл дүние танып болған былғары қолғап шеберін қайталап таныстыруды мақсат етпеймін. Тек өзім аса құрмет тұтатын мықты спортшының асқан еңбекқорлығы мен табандылығына қоса, ел сүйсіндірер, дұрысы, таңдай қақтырар бір қыры қолыма қалам алғызды.
"Нарға жүгін салғысыз айырдан туған жампоз" осы ма дедім. 2014 жылы Пакьяоның табысы 42 млн АҚШ долларын құрап, "Форбс" журналы құрастырған әлемнің ең бай спортшылары рейтінгісінде он бірінші орынды иеленді. 2015 жылы кіші Флойд Мейвезермен жекпе-жегі үшін 100 млн доллардай табыс тапты. Жартысын қайырымдылық қорларына аударды.
2014 жылы өзінің шолақ шалбарын аукционда 40 мың АҚШ долларына сатып, барлығын хосписке аударып жіберді. Ол өзінің кезекті қомақты сыйақысын үй құрылысына жұмсады. Сарангани провинциясындағы Кибаве ауылы - Пакьяоның туған мекені. Пакман сол ауылында мыңдаған кедейлер мен тұрмысы төмендерге арнап үй тұрғызды.
Пакьяоның мұндай мәрттігіне бала күніндегі кедей тұрмысы себеп болған шығар, бәлкім. "Бір кездерде филлиппиндік балақай Мэнни Пакьяода түскі асқа жейтін бір уыс күріш те болмады", - деп жазылыпты бұл жайында ғаламторда. Бірақ мұндай қайырымдылық жасау үшін кедей болып туу шарт емес шығар.
Мұндай қайырымдылық жасау үшін, сегіз-тоғыз цифрлы гонорар болуы міндет пе? Бізде чемпион да бар, миллиардер де бар. Сол Пакьяоның өзін бір соққымен нокдаунға жіберген батыр да шықты арамыздан. Бірақ... Бірақ қазір бізде Пакьяо жоқ. Мен оның жомарттығын ғана тілге тиек еттім.
Атақты саясаткер, баскетбол шебері промутер Пакьяо туралы емес, парасат, пайымы жоғары, қарапайым азаматтың елжандылығын айтқым келді. Ертеңін ойлайтын ер тұлғасы қызықтырды. "Кейде бір қарапайым мысалдың өзі жүздеген əдемі уағыздарға қарағанда дəлірек болады" (Сенека).