Қоғам

Әйел-педагог

Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға. Абай Құнанбайұлы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ұстаз... Осынау бір ұлағатты мамандықтың сіз білмейтін қыры мен сыры қаншама?! Ұстаз деген сөзді естігеннен-ақ тұла бойымыз талықсып, ет жүрегіміз елжіреп сала береді емес пе?! Бүгінгі дана атанып отырған ғұламаларымыз, Елбасымыз, үкімет басындағылар мен беделді азаматтардың бәрі де осы ұстаздан тәлім алды емес пе?! Оның бер жағы айтпаса да түсінікті... Одан бөлек, шәкіртіне көңіл бөліп, сол шәкірттің ашылмаған талантын шыңдап, жан-жақты салаға баулиды. Тәлім-тәрбие бере отырып, әдептілік пен ізеттілікке, имандылық пен адалдыққа үйретеді. Көрдіңіз бе, бүгінде біз қадірін жете түсінбей жүрген ұстаз деген жанның қандай универсал тұлға екенін?! Егер аналар бір қолымен бесік тербетіп, екінші қолымен әлемді тербетсе, ұстаз атаулы жандар шәкірт тәрбиелей отырып, қоғамды тәрбиелейді.

Педагог, ұстаз, мұғалім. Біз осы сөздерді жиі қолданамыз, бірақ мағынасын ажырата білмейміз. «Педагог» сөзі «ұстаз» сөзінің орысша аудармасы екен деп ойлайтындары да бар. Дегенмен, екеуінің айырмашылығы мынада екен: педагог дегеніміз қоғамды тәрбиелейтін, ұлтты алға жетейлейтін тұлға, ақыл-кеңесші болса, ұстаз немесе мұғалім білім-ғылым үйретуші, насихаттаушы. Педагог деген Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы сынды XIX-XX ғасырлардың зиялылары болса керек. Ал ұстаз немесе мұғалім – мектепте, жоғары оқу орындарында белгілі бір пәннен сабақ беретін, жалпақ тілмен айтқанда «апай» немесе «ағай» деп атап жүрген жандар. Айырмашылығы жер мен көктей болмағанымен, орынды пайдаланған дұрыс деп ойлаймын.

Қазіргі таңда, қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – мектептерде, балабақшаларда ер мұғалімдердің жетіспеуі. Жақында ғана бала тәрбиесінде ер адамдардың рөлі туралы шу шыққан болатын. Онда: «бүгінгі балалардың қыздар секілді нәзік жанды болып өсуі, түрлі әшекей бұйымдарға құмар болуының бір ғана себебі бар, ол – барлық тәрбие ошақтарында әйел адамдардың жұмыс істеуі» деген сияқты пікірлер болған. Иә, расында да, бала тәрбиесінде ер адамның атқаратын рөлі бөлек. Бірақ, бұл әйел адам бала тәрбиелей алмайды немесе нашар тәрбиелейді деген сөз емес. Неге бәріне әйел азаматтарды кінәлап шығамыз?! Әйел мұғалім мен ер мұғалімнің өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар әрине. Әйткенмен, біреуі артық, біреуі кем дегенді білдірмейді. Білім саласында нәзік жандылардың көп екені рас. Себебі, ер адамдардың бұл мамандыққа деген құлшыныстары төмен. Екінің бірі оңайлықпен мұғалім болуға тәуекел ете бермейді. Егер XXI ғасырдың ұл балалардың таптаурындарының өзгеруі білім саласындағы әйел адамдардың кесірінен болса, отбасындағы отағасы не бітіріп отыр?! Кез келген жағдайда әке айтқаны заң, әке рөлі басым болмаушы ма еді?! Ең ақыры, қазақ тәуелсіздік алғалы әйел азаматтар мұғалім болып келеді. Бүлінетін бозбала сол заманда-ақ бітіп тынар еді... Сайып келгенде, жұбайынан ерте айырылып, балалы күйде жесір қалған әйел азаматтар да балаларын өсіріп, жеткізді емес пе?! Әке орнына әке болып, ер балаға тән барлық қасиеттерді бойына сіңіртіп тәрбиеледі. Енді, әйел мен ер мұғалімдердің өзіндік аспектілерін қарастырайық. Ер мұғалімдер өте білімді келеді. Өз саласын жетік меңгерген, шәкірттерін көзқараспен тәрбиелейді. Әйел азаматшалар болса кез келген істі дөңгелетіп әкететін, жауапкершілігі мол болады. Мұғалімдер арасында бәрімізге белгілі «Үздік мұғалім», «Үздік педагог», «Үздік портфолио» сынды сайыстар көп. Одан қалды, белгілі бір кластың құжаттарын жинау, толықтыру, ата-аналармен байланыс жасау, тәрбие жұмыстарын жүргізу сынды азды-көпті шаруалары тағы бар. Міне, осындай мәселелерге келген әйел мұғалімдердің шыдамы мен іске деген тиянақтылығы керек-ақ. Көбінесе, мұғалімдердің жас кездерінде ер мен әйел мұғалімдердің айырмашылықтары байқала бермейді. Себебі, оқуын енді аяқтап, алып-ұшып тұрған шағында жұмысына белсене кірісіп, аса қызығушылықпен атқарады. Кейін жастары ұлғая келе өзіндік қасиеттері айқындала бастайды. Ал жалпы ұстаз В.Маяковскийдің сөзі бойынша: «Ұстаз ізденгіш болуы, ойлай білуі, қандай істі болсын, бар ынтасымен атқара білуі керек». Сондықтан, «анау артық, мынау кем» деп сынамай, балаларға бар білгендерін үйретіп, тәлім-тәрбие беріп жатқан ұстаздар қауымына ризашылық танытқанымыз жөн.

Ыбырай Алтынсарин атамыз мұғалім туралы «Мен үшін мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» десе, К.Д.Ушинский «Мұғалім – зор тұлға, ол күннің сәулесі іспетті» деп ұстаздың ұлылығын керемет сөздермен жетуізген екен. Ендеше, сонау ата-бабаларымыз құрмет тұтып, дәріптеген ұстаз атаулыны біз де, кейінгі ұрпақтар да сыйлауымыз керек.

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

Ұстаз болу – адамның асылдығы, - дегендей ұстаз болу асқан жауапкершілікті талап етеді. Төзімділік пен шыдамдылықты, түсіністік пен келісімді қажет етеді. Бойында адамдықтың ту қып ұстар негізгі қасиеттері бар адам ғана ұстаз деген атқа лайық бола алады. Олар әрдайым ізденіс үстінде жүреді, шығармашылық жаңарулардан өтеді. Биік белестерді бағындырамын деп көп еңбектенеді, шәкірттерінің алар асуларына жеткіземін деп күн демей, түн демей, дамыл таппай дайындайды. Осыған қарамастан, қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл мамандық әлі күнге сұранысқа ие. Сондықтан, арда тұтар аяулы жандарды әрдайым құрметтейік, сыйлайық, қадіріне жетіп, әрқашан алғыс, ілтипатымызды көрсетейік!

(сурет martebe.kz сайтынан)